"Банктен ешқандай несие алып көрген жоқпын": Жеміс-жидек өсіретін бағбан ойымен бөлісті

Уақыты: 18.05.2023
Оқылды: 1894
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жаркент өңірінде кәсібін несібесіне негіз еткен еңбекқор жандар аз емес. Солардың бірі бағбандықты әулетінің дәулетіне айналдырған байырғы бағбан Амролла Абдуллаев ақсақал. Жеміс-жидек өсірудің қыры мен сырын бала кезден меңгерген қария соңғы жиырма жылдан астам уақытта өзі құрған «Абдуллаев» қожалығын қордалы өндіріс орнына айналдырды.

Бағбан 46 гектар жерге алманың қыс маусымына сақтайтын сұрыптарын және 5 гектар алқапқа жүзім, 3 гектар шабдалы, 2 гектарға абрикос, 3 гектар сары өрік өсіріп, жыл сайын олардан мол өнім жинап жүр. Өткен жылы осы бақтың әр гектарынан 300 тонна алма және 40 тонна жүзім, 20 тонна шабдалы және 30 тонна сары өрік жинап, Жаркент өңірінің тұрғындарын экологиялық таза жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз етіпті. 

Экологиялық таза өнімдерін Қырыққұдық ауылының жанындағы күре- жолдың бойына салынған дүкені арқылы тұтынушыларға қолжетімді бағада қысы-жазы тұрақты бөлшек және көтерме бағада саудалайды. Қыс маусымында алмасы мен жүзімін Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Қарағанды қалаларынан келуші саудагерлер көтерме бағада өткізіп жүр. Қожалық басшысы үйінің жанында жалпы сыйымдылығы 400 тоннаға жуық жертөле қоймалар салып, оның ішіне жеміс өнімдері бірқалыпты температурада ұзақ мерзім бұзылмай таза сақталатын етіп арнаулы құрылғылар орнатқан.

Амролла Абдуллаев бұрын осындағы жеміс-жидек кеңшарында қатардағы жүзім өсірушіден бастап бригадир, агроном, учаске меңгерушісі қызметіне дейін өсіп, 40 жыл еңбек етіп, бағбандықтың мән-жайын терең меңгерген адам. Сондықтан да болар, ол жеке меншіктің желкені көтерілген сәтте еш тартынбастан жеке шаруа қожалығын құрды. Бастапқыда иелігіне тиген 24 гектар суармалы алқап, 159 гектар жайылымдық жерін меншіктеп, тараған шаруашылықтан үлесіне бұйырған бір «Беларус», бір «ДТ – 75» тракторы мен білек сыбана іске кірісті. 

Бастапқыда үйреншікті кәсібім деп 3 гектар алқапқа шараптық жүзім сұрыптарын өсірді. Келе-келе нарықтың саудалауға, сақтауға тиімді заңдылығына икемделіп, шаруашылық өндірісін жан-жақты дамытуды қолға алды. Алдымен 5 гектар жерге алма, буданды өрік, басқада жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызды. Екі-үш жылда бағы жайнап, жеміс ағаштары гүлдеп, өнім де бере бастады. 

– Банк атаулыдан ешқандай несие алып көрген жоқпын, – дейді Әбекең қария. – Жыл сайын жеміс-жидек өнімдерін ұқыптап өсіріп, алғашында Жаркент базарында саудаладым. Содан түскен қаржыны ұқыптап жұмсап өндірісімді кеңіте бердім. Шүкір, қазір «өз қолым өз аузыма жетті» дегендей, жыл сайынғы өнім түсімі бала-шағаның молшылықта тіршілік жасауынан өзге шаруашылықты да шалқытуға жетіп артылады. Тұрмыста қиналған ауылдастарымды азық-түлікпен демеуден де қалыс қалып жүргем жоқ.

Жаркент – Қорғас даңғылының бойында тұрған егістік алқабының басына тұрғын үй, қора-қопсы салып, оның айналасын абаттандырды. Балалары Лутфулла, Файзулланы, қызы Зайтунаны да бағбандыққа баулып, алма бағының көлемін жыл санап кеңітіп, қазір 46 гектарға жеткізді. Бағбанның бағында қазір алманың «Американка», «Салтанат», «Золотой превосходный», «Дамира», «Рашида», «Азатгол», «Джанарет», «Восход», тағы басқа қыстық сұрыптары өсірілген. Дәмі тіл үйіретін сары алтындай «Золотой превосходный», қызыл түсті «Салтанат» сынды алма сұрыптары базарда бағалы.

Сол сияқты жүзімнің дастарқанның сәнін кіргізетін мойылды «Тайфи роза», «Қызыл глобус» сұрыптары қыс бойы түрі мен дәмін бұзбай сақтауға төзімді. Бағбан бағынан жергілікті 40 адам тұрақты жұмыс орнын тапқан. Олардың арасында апалы-сіңлілі Раушангүл, Ризвангүл Алаевалар, Шырынай Зайытова, бригадир Венера Қожашева сынды еңбек озаттары бар. Науқан кезінде жұмысшылардың алды 500 мың теңгеден астам айлық жалақы алады.

Мырзағали Нұрсейіт,
Панфилов ауданы

Суретті түсірген  Руслан ҚАДЫРОВ