Ащы тердің тәтті дәмі

Уақыты: 04.11.2023
Оқылды: 1501
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ерте көктемнен басталған тынымсыз тіршілік, қара жердің қойнауынан астық өндірген диқандардың еңбегі әрқашан елеулі. Еліміздің әр қиырында жайқалған атырап, сары алтынға тұнған байтақ алқап нағыз еңбек адамының ерен еңбегінің көрінісі.

Қазіргі таңда облыста өнім жинау науқаны қызу жүруде. Бұл жұмысқа Бақалы ауылындағы «Елубаев К. С» шаруа қожалығы да белсенді кірісіп кетті. 2000 жылы құрылған «Елубаев К. С» жеке шаруа қожалығы қант қызылшасын, арпа, бидай, жүгері, соя егумен айналысады. Бүгінде өнімнің көп бөлігін жинап үлгерген жеке шаруа қожалық жемісті жылға дән риза. 

Ауылшаруашылығы халықты асыраушы сала болғандықтан аталмыш салаға мемлекеттік деңгейде баса көңіл бөлінеді. Мемлекет қолдауының арқасында аталған шаруашылық та бірнеше техника алып, шаруашылық ісін дөңгелентуде. Шаруа жайын жақсы білетін Қуатбек Елубаев адал еңбекпен ғана көктеп, көгеруге болатынын жастар ұмытпаса дейді. 

– «Еңбек – бәрін жеңбек». Осы сөздің қадірін түсінбей жүргеніміз өкінішті. Адал еңбек еткен адамның өмір жолы да ақ болады. Қазіргі жастар ауыр жұмыстан, әсіресе, ауылдан қашып, қалаға кетеді. Ал қалада «алма піс, ауызға түс» деген рақат өмір жоқ. Егер жақсы өмір сүргің келсе, екі қолға бір күрек ұстап, еңбек ету керек. Балаларыма да адал еңбекпен нан табуды үйреттім. Қазір шаруашылық жұмысын ұлым жүргізіп келеді. Еңбегімізге қарай жақсы өнім алдық. Үкімет қолдауының нәтижесінде қажетті техникаларға да қол жеткіздік. Ендігі міндет – ел экономикасының дамуы жолында аянбай еңбек ету, – дейді шаруашылық иесі Қуатбек Елубаев

Әке жолын жалғаған Бауыржан Қуатбекұлы бала күнінен осы тіршіліктің қыры мен сырына қанып өскен. Бүгінде замандастары қаланың тіршілігін аңсап көшіп жатса, Бауыржан қара шаңырақтың шаттығын еселеп, Назым Кенжеханқызымен шаңырақ көтеріп, қылықты қыздарына қазақы тәрбие беріп отырған үлгілі отбасы. 

– «Елубаев К. С» шаруа қожалығы өз жұмысын бастағалы жаман нәтиже көрсеткен емес. Әкемнің ақыл-кеңесімен шаруашылықтың сан салалы жұмыстарын игеріп келемін. Тірлігіміз текке кетіп жатқан жоқ. Соған қуанамын. Қазіргі таңда 90 гектар суармалы жеріміз бар. 14 гектар жүгері, 40 гектар соя, 6 гектар жоңышқа, 25 гектар жерге арпа, бидай егіп, өнім жинап жатқан жайымыз бар. Өткен жылы қуаңшылыққа байланысты егін айтарлықтай бітік шыққан жоқ еді. Ал биыл егіннің шығымына көңіліміз толады. Болашаққа жоспар көп. Шаруаға қажетті жаңа техникалар алып, егістік алқапты молайтсақ дейміз. Мол өнім алудың жаңа технологияларын меңгеріп, тәжірибе арқылы пайдасын көрсек деп ойлаймыз. Шаруашылықты кеңейту арқылы ауылдастарымызға жұмыс орнын ашсақ деген жоспар да жоқ емес, – дейді Бауыржан Елубаев.

Ел дамуы жолында адал еңбек етіп жүрген мұндай азаматтардың ерен еңбегі қашанда жоғары бағалануы тиіс. Себебі еңбек адамы барлық құрметке де лайықты. 

Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Сарқан ауданы