Кәсібі-нәсібі

Уақыты: 10.12.2023
Оқылды: 1662
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Қой асығы демеңдер, қолға жақса сақа ғой, жасы кіші демеңдер, ақылы асса аға ғой» дегенді айтыпты қазақтың төбе биі Төле би. Қалай дөп айтқан. Баба сөзін таразылап жатудың қажеті жоқ, соған тап қазіргі сәттен мысал келтірейікші. Ескелді ауданы, Шымыр ауылында қаршадай кәсіпкер бар. Мектеп оқушысы бола жүріп кәсіп етуде. Есімі – Әлібек Сембек. Өзі 9-сыныптың оқушысы.

Базар барған жұрт біледі жұмыртқаның саудасын. Оның ішінде қолдың жұмыртқасына, қолдан ешкім жұмыртқа жасамайды, үйдікіне сұраныс жоғары. Құс фермасы мен үйдің жұмыртқасы саудада тұрса, жұрт үйдікін саудалайды. Өйткені оның құнары фермадан шыққанға қарағанда жоғары. Мұны ескерген Әлібек әкесі Абзалға көптен қолқа салып жүреді. Әуелі құс қорасын салып, артынан 50-ге жуық тауық сатып алады. Содан басталған екен бала бизнесменнің тірлігі.

Қазір әр ауыл заманауиланды. Әлеуметтік желінің игілігін көруде. Тұтас ауылдың тұрғындары біріккен whatsapp топ болады. Жаңалық біткен сол топтың ішінде. Жоқ іздеген жұрт бұрынғыдай анда бір, мында бір барып сабылмайды. Әлгі желідегі топқа жазба қалдырады, артынан жауабын алады. Алтынсаринша айтқанда, айшылық жердегіні топ арқылы біледі. Шымырдың сондай тобында бала бизнесменнің мерейі үстем. «Қолдың жұмыртқасы керек еді» деген сұраныс түссе, «Әлібекке хабарласыңыз» не «Әлібекте бар» деген жауап түседі.

Әлібек Сембек солайша 50 тауықтың бабын тауып, табыс табуда. Былай қарағанда, тауық сатып алды, жұмыртқа сатып отыр деген бірауыз әңгіме. Ал өнім алудағы машақаты көп. Жемін берді, суын құйды, жұмыртқасын алды. Тауық өсірудің тірлігі осы деп түйсінер. Бірақ, бала бизнесмен оның да үлкен шаруа екенін айтады. Құр бидайды не арпаны тауық алдына шаша салмайды. Өнім сапалы болуы үшін құсқа да құнарлы жем керек. Бидайды, арпаны, жүгеріні ұнтап, оған түрлі минерал қосады. Тұз, ұлудың хитин жабыны, балық сүйегінен даярланған ұнтақ, тағысын тағылар. Жұмыртқа сонда ғана сапалы болады.

–  Мендегі тауықтар тек жұмыртқа бағытында өсірілетін түрі. Қазір қыс мезгілі болған соң тауықтан жұмыртқа алу үлкен жұмыс. Күніне 25-30 жұмыртқа аламын. Жазда 60-70 жұмыртқа жинаған кезіміз болды. Осы кезде тауыққа ерекше күтім керек. Әлсін-әлсін жылы су құйып, құс қорегін түрлі қоспалар арқылы байытып отырамыз. Әйтпегенде өнім жоқ. Шыны керек, кейде үйдегілер тұтынатын жұмыртқа таппай қалатын кезіміз бар. Өйткені, сұранысты қанағаттандыру қажет, – дейді Әлібек.

Биыл Әлібек Сембек Шымыр ауылындағы М. Мәметова мектебінде 9-сыныпта оқиды. Сабағымен қатар шап-шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. Биыл жаз соңында кәсібінен түскен ақшасын жиып, электромопед алды. Бағасы да әжептәуір. 130 мың теңгелік көлікке қажеттілік өнімді тапсырыс берушіге жеткізу үшін алған.

«Қына тасқа, ақыл жасқа бітеді» деген. Ауыл баласы Әлібек Сембектің тірлігі көпке үлгі. Келер көктемде құс санын молайтуды ойлаған кәсіпкер баланың жоспары да ауқымды. Есік алдында төрт түлік асырауды да қолға алуды ойлап отыр. Қазір «бірдеңе істеу керек» деп жүрген замандас көп. Солар бала бизнесменнің қарекетіне қарап бой түзесе екен.

Дастанбек САДЫҚ
Фото: cs427543.satu.kz