Талдықорғандық кәсіпкер өзгеше цех ашты

Уақыты: 08.02.2024
Оқылды: 1680
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кәсіпті қай салада ашу керек екенін білген кезде ғана бастаған істің оң нәтиже беретіні анық. Жеке кәсіпкер Тоқа Қарқын жуғыш заттарын шығаратын цех ашты.

Тоқа Қарқын кәсіппен айналысуды өткен жылы ойлаған. Сөйтіп, ол облыстық кәсіпкерлер палатасына хабарласып, қажетті кеңес және осы бағыттағы қызмет сертификаттарына рұқсат алды. Өзіне керек құрал-жабдықтарға да қол жеткізді. Қазір цехта күніне 1 тоннаға жуық өнім шығарылады.

– Мен бәрін мұқият зерттедім. Кәсіп жүргізудің қыр-сырымен таныстым. Кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнес-жоспар құруға көмектесіп, жобаны сүйемелдеді. Бұл бизнестің болашағы зор деп ойлаймын. Өйткені, жуғыш заттар әрқашан керек. Сондықтан да оны өндіру өте тиімді, – дейді Тоқа Қарқын.

Бүгінде кәсіпкер 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Цехта өнімнің 4 түрі шығарылады. Оның ішінде ыдыс және кір жууға арналған заттар мен сұйық сабын, шыны жуғыш сұйықтық бар. Өнімдер әзірге Талдықорған қаласында ғана сатылады. Ал болашақта өткізу нарығын кеңейту жоспарлануда. Сонымен бірге өнім түрлерін көбейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Ол үшін қосымша жабдық сатып алу қажет. Бұл жолы кәсіпкер инвестициялық грант алу байқауына қатысуды ойға алуда. Сондай-ақ, ол өндірген өнім бағасының қолжетімді болуы үшін баға саясатын ұстанады. Бұл тұтынушы және өзі үшін де тиімді. Өнімдер қалдықсыз шығарылады. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға қауіпсіз.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы басқарушы директорының салалық даму жөніндегі орынбасары Бекмұрат Мұсаханның айтуынша, жұмыстың маңызды бағытының бірі кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету. Ол кеңес беру, сервистік қызмет көрсету, бизнес-жоспар әзірлеу, статистикалық есеп жасау. Ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер ақысыз негізде қызмет алу үшін аталған палата мамандарының қызметіне жүгіне алады.

Әмір-Алан
Талдықорған қаласы

Фото: РПП области Жетісу