Төрт түлігіміз күйлі

Уақыты: 02.03.2024
Оқылды: 735
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қыс мезгілінің аяғы көрініп, жаймашуақ көктем де келді.  Дегенмен де көктемнің құбылмалы мінезі тағы бар. Шаруалар етек-жеңін жинақы ұстап, сындарлы шаққа сақтықпен қарауға кірісті. 

Соның бірі Екіаша ауылдық округіне қарасты «Қауменов» шаруа қожалығы.  Біз шаруашылық басшысы Ролан Қауменовты сөзге тартып, қыстан малшы қауымы қалай шығып жатқаны жөнінде әңгімелеп беруді өтіндік. 

– Марқа тауының бөктерінде орналасқан біздің жағдайымыз жалпы жаман емес. Былтырғы шөптің шығымдылығы нәтижесінде төрт түлігіміз күйлі. Ал, қоңды малдың қыстаққа оңды келетіні белгілі. Қора-жай маңында қажеттерінше шөптері бар. Үй-жайлары, мал тұрақ орындарына қойылар кінәрат жоқ. Күн суымай тұрып малшылардың барлық жағдайларын жасап, қажетті заттарын жеткізіп бердік. Шаруаның қыр-сырына төселіп қалғандар ғой, биылғы қысты да жақсы өткіздік деп ойлаймыз,– дейді Ролан Мұратұлы. 

Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда бағымындағы малдың қыстан қысылмай шығуы үшін 3000 тонна шөп, 1000 түк сабан, 50 тонна жем дайындалған. Бір сөзбен айтқанда, қыстан қысылмай шығудың қамы жасалынған.

Жақсылық ИГІМАН
Сарқан ауданы 
Фото: agroinvestor.ru