Мал төлімен өседі

Уақыты: 16.03.2024
Оқылды: 1377
Бөлім: ОН САУСАҚ

Биылғы қыс маусымы малшы қауымға өте күрделі болды. Дегенмен мал қыстату мен төлдету науқанына тыңғылықты  әзірленген жаркенттік шаруалар қыс қаһарына төтеп беріп, көп шығынға ұрынған жоқ. Көктемгі төлдеу науқанына төрт түліктің бәрі қоңды келді.

Өңірде науқанға қажет жем-шөп қоры жеткілікті. Ауданда қыс  пен көктемгі мал төлдету науқанына жалпы 203,4 мың тонна көп  жылдық және табиғи шөп, 23600 тонна жоңышқа, 28,3 мың тонна сүрлем, 35,1 мың тонна сабан, 15,7 мың тонна пішендеме және 52 мың тонна жүгері жемі дайындалған.

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір», деп ежелден  төрт түлігін өрістестіп, өмірін шаруамен байланыстырған елдің  дуалы ауыз даналары шопан ата түлігіне ерекше ден қойған. Қазір  де қой түлігі ауылдағы әр отбасының берекесіне айналып, жоқ  дегенде он саулығы бардың қолына жыл сайын төлімен, жүнімен  береке береді.

Аудан, ауылдардағы жалпы түлік түрлерінің өсіп, өнім беруін саралап, салмақтасақ та қой шаруашылығының жедел дамуға  икемділігі аңғарылып тұрары хақ. Биыл жазиралы Жаркент  өңіріндегі жалпы барлық меншік түріндегі есеп бойынша 152061  қой тұқымының төлдеуге тиіс 137672 саулықтың наурыз айының екінші он күндігіне дейін мыңнан астамы төлдеп, мыңнан аса қозы алынды. Бастама жаман емес, қой төлдету науқаны жалғасуда.

Соңғы жылдары «Жетісу» аймақтық қой шаруашылығы  қауымдастығы шет елдерден асыл тұқымды қошқарлар әкеліп, облыстағы қой тұқымын асылдандыруға көп көмек жасауда. Өткен жылы өңірдегі көптеген жеке шаруа қожалығы аталған қауымдастықтың жанды көмегін пайдаланды.

Қауымдастық бұл  шаруашылықтарда науқан кезіне техник ұрықтандырушыларын  өздері дайындап, ұрықтандыру пункттерін де жабдықтап берді. Нәтиже жақсы, қозылар ірі туылуда. Төзімділігі жоғары, бұл істі  ауданда одан әрі өрістетуге қарекет жасалуда.

Биылғы көктемде Жаркент өңірінде қой, ешкіден басқа 50967 сиыр төлдетіледі. Қазіргі көрсеткіш бойынша ірі қарадан 1552 бас бұзау өрістеген. Сол сияқты 10040 буаз биеден соңғы көрсеткішке сәйкес 12 құлын алыныпты. Жалпы маңызды науқанның  алғашқы нәтижелері ойдан шығады.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы.
Фото: knews.kg