Қой өсір – тыбысы көл-көсір

Уақыты: 16.03.2024
Оқылды: 1538
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қой шаруашылығы қазақ халқының бағзы заманнан келе жатқан ата кәсібі. Кешегі кеңестік кезеңде Көкөзек қой кеңшарының аты шартарапқа жайылғаны көзіқарақты аға буынның есінде.

Бүгінде Амангелді ауылдық округіндегі Айдар Барлыбаевты малсақ жандар жақсы біледі. Ол қой шаруашылығын ата-бабамнан қалған кәсіп деп қарайды және өңірдің өркендеуі мен мал шаруашылығына қомақты үлес қосып келеді. Кейіпкеріміз бала жастан үлкендерге қолғабыс етіп, осы саламен сол кезден бері етене таныс. Кеңестік кезең келмеске кетіп, еліміз тәуелсіздік алып, орнына нарықтық экономика келген кезде біраз жұрт абыр-сабыр болғаны рас.

Сол уақытта, нақты айтқанда 1994 жылы Айдар Барлыбаев Сарқан қаласында 120 бас ірі қараны бордақылап, Алматы қаласына жеңіл көлігімен жеткізіп, саудалап жүрді. Осы салада біраз тәжірибе жинап, түпкілікті мал шаруашылығымен айналысамын деп бел шешіп, 2006 жылы «Айдар» шаруа қожалығын құрды. Сол жылы тендер арқылы халықаралық банктен 3 миллион теңге ұтып алып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Шаруашылық құру барысында Алматы қаласынан ғылыми қызметкермен ынтымақтаса жұмыс та істеген. 2009 жылы қойдың Еділбай тұқымын өсіретін асыл тұқымды шаруашылығы мәртебесін алып, содан бері қой шаруашылығын дамытуда.

– Еділбай қойы – ет-май өндіру бағытында өсірілетін қылшық жүнді, құйрықты қазақы қой тұқымының бір түрі. Еділбай қойы өсімтал келеді әрі тез ет алады. Осындай қасиеттеріне қызығып, әрі осы өңірде өркен жаюын ойлап, 2007 жылы Семей қаласынан 300 бас Еділбай тұқымды тоқты, 110 ешкі сатып алынды. Сөйтіп, шаруашылықтың негізі қаланды. Қазіргі таңда бір отар қойға айналды. Осылайша мал басын көбейтуге өз тарапымыздан үлес қосудамыз. Осыншама мал бағып отырған шопандарға барлық жағдай жасап отырмыз,– дейді Айдар Барлыбаев.

Шаруашылық басшысы 4 жыл бойы мал төлін Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Қошмамбет ауылындағы түріктердің қасапханасына өткізіп, ынтымақтаса жұмыс істеп отырған. Кейіннен әр түрлі жағдайға байланысты қасапханамен әріптестік тоқтағанымен, мал өнімдерін топтап өткізудің басқа жолдары қарастырылуда.

Айдар Сансызбайұлын шаруа адамы ретінде толғандыратын бір мәселе бар. Малдан алынатын жүн мен теріні өңдеу. Бұл шикізат қазір қажетсіз болып қалды. Сол себепті олар арнайы қазылған шұңқырларға тасталып, көміліп жатыр. Осы ретте мал шаруашылығының негізгі басым бағыты саналатын қой шаруашылығын кәсіп еткендерге қолдау артса, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші едәуір өсетіні белгілі.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.

Фото: qogam-media.kz