Қазағымның үнісің сен, домбыра!

Уақыты: 25.03.2024
Оқылды: 2875
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алтайдан Атырауға, Батыс Сібірден Тянь-Шань тауларына дейін созылып, кең-байтақ өлкені алып жатқан қазақ жері қазынаға бай. Соның бір тармағы – қолөнер. Қолөнер  бұйымдары ағаш, темір, тері, мақта-жүн, мата, қыш, тас, сүйек секілді материалдан жасалады. Ал ұлттық музыкалық аспаптар негізінен ағаштан дайындалады. Соның ең танымалы домбыра екендігі баршаға мәлім.

Қазақ ұлттық музыкалық аспаптарын ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби ішекті, ыспалы, ұрмалы, үрмелі және сілку арқылы үн шығаратын аспаптар деген түрлерге бөлді. Домбыра шертпелі музыкалық аспап.  Қазақтың ежелгі музыкалық аспаптарын қайта жаңғыртуға Х. Арғынбаев, Ә. Марғұлан, Ө. Жәнібеков сияқты ғалымдар көп еңбек сіңірді. Ал Таласбек Әсемқұлов домбыра пернесінің атына дейін анықтап берді. Бұл  домбыра жасаудың өркендеуіне септігін тигізді.

Бүгінде сол музыкалық аспаптарды жаңғыртып, жұрт кәдесіне жаратып жүрген азаматтар баршылық. Оның бірқатары музыкалық аспаптарды жасау мен айналысып  оның ежелгі қалпын бұзбай өңдеу, дамыту, жандандыру нәтижесінде көптеген нәтижеге қол жеткізді. Бұл қатарда ҚР мәдениет қайраткері, профессор Д. Шоқпарұлы, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Ж. Тұрдығұлов және басқаларды атауға болады. Енді біреулері музыкалық аспаптарды жасаудың ғылыми негізін қалыптастыру жолында ізденіс жасап жүргендер.

 Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз педагогика ғылымдарының кандидаты, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылған профессоры Нұрәли Адамқұлов бір жағынан қазақ музыкалық аспаптарының ғылыми негізін қалыптастыру үшін көп тер төккен ғалым. Осыған дейін «Ұлттық музыкалық аспаптар дайындау технологиясы», «Жиһаз өңдеу технологиясы», «Термебау өнерінің технологиясы» «Саз аспаптарының тарихы», «Домбыра жасау өнері» атты кітаптарды, 100-ден астам оқулық жазып, халықаралық, республикалық ғылыми журналдарда 500-ден астам ғылыми мақала жариялады. ТМД елдерінде 100-ден астам шеберлік сынып ұйымдастырып, шәкірттеріне домбыра жасаудың технологиясын үйреткен.

Ғылым жолындағы үлкен жетістігімен қатар бос уақытында жабдықталған шеберханасында музыкалық аспаптар жасаумен де шұғылданады. Осылайша қазақтың бай мұрасын сұрыптай отырып, музыкалық аспаптардың түпнұсқасын жоғалтпай, заманымызға лайықтап, дамытып, ұрпаққа аманаттап жүр. Айта кетерлігі, Нұрәли Адамқұлов домбыраның ежелгі түрлерін ерінбей зерттеп, 24 түрін өзі жасап шықты.

– Халқымызда шіңкілдек  күй  домбырасы,    әнге  арналған  шіңкілдек  домбыра,  аша  (екі жақты)  домбыра,    ащы дауысты  домбыра, ән  домбыра, Абай /Ибраһим/ Құнанбаевтың  домбырасы, Жамбыл  Жабаев  домбырасы, балдырған  домбыра, бас  домбыра, бес  ішекті  домбыра, тұмар  домбыра, Дәулеткерей атамыздың  домбырасы,    жуан  дауысты  домбыра, қоссаз  домбыра, қозықұйрық  домбыра, кең  шанақты  домбыра, контрабас  домбыра, қуыс  мойын, торсық  домбыра,  кепілді  бұраулы  домбыра, қоңыр  дауысты  домбыра, үшем  домбыра сияқты 24 түрлі домбыра бар. Олардың жасау технологиясы, дыбыс шығару ерекшелігі әртүрлі болады, – дейді шебер-педагог.

Бүгінде Нұрәли Мерекебайұлы  жасаған домбыраларды еліміздегі танымал өнер ұжымдары қолданып жүр. Ал оның оқулықтарынан пайдаланып, домбыра жасау технологиясын меңгергендер Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Қырғыстан, Өзбекстан елдерінде кәсібін дөңгелетуде.

 Расында, мен де осыған дейін домбыраның тек бір түрі ғана бар деп ойлайтынмын. Нұрәли Адамқұлов жасаған 24 түрлі домбыраның ерекшелігімен танысқан кезде барып түсінігім тереңдеді. Осы домбыралардың жасалу жолдары  «Ұлттық музыкалық аспаптар дайындау технологиясы» атты еңбекте егжей-тегжейлі таныстырылған. Домбыра жасауға қызыққан немесе домбыраны жанымен сүйетін адамдар сол еңбекті тауып, танысып шығуға болады.

Қажет Андас
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ