Кәсібі өркендеген

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 340
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Мастер-Сталь» компаниясы 2011 жылы құрылып, темірден әртүрлі бұйым дайындау бойынша дәнекерлеу цехын ашты.

Компания жетекшісі Виталий Киселев темір бұйымдарды алдымен өз үйінде жасады. Сөйтіп, оның тапсырыстары көбейіп, бастаған ісі өрге жүзді. Бұйымдардан түскен қаражаттың бір бөлігі өнім түрлерін көбейтуге жұмсалды. Әсіресе, сапаға мән беріліп, жаңа құрылғылар сатып алынды. 

Кәсіпкер ісіне аса жауапкершілікпен қарайтындықтан тұтынушылар саны да артты. Сөйтіп, кәсібінің өрісі кеңейе түсті.

Нәтижесінде жұмысшылар алып, дәнекерлеушілер мен көмекшілері қасынан табылды. Кәсібі одан сайын өркен жайды. 

Дәл осы сәтте «Даму» қорының көмегін пайдаланып,  субсидиялау мен кепілдік беру құралдарын қолданды. Осылайша «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы шеңберінде «Банк Центр Кредит»АҚ-на жүгініп, қаражатқа қол жеткізді. Сол ақшаға барлық талапқа сай кең цех ашу үшін жер сатып алып, үш жыл ішінде кәсіпкер өз ұжымымен бірге жайлы да жылы дәнекерлеу цехын салды. 

Сондай-ақ, кәсіпкер жұмысқа қажет басқа да құралдар мен сапалы дәнекерлеу машиналарын сатып алды. Бүгінгі таңда «Мастер-Сталь» ЖК Талдықорған қаласы бойынша темір бұйымдарын дайындауда көшбасшылардың бірі саналады. Бұл кәсіп Талдықорған қаласында ғана емес, Жетісу жерінің басқа да өңірлерінде жоғары беделге ие. Бүгінгі таңда тұтынушылар тарапынан сұраныс көп, тапсырыс барлық өңірден қабылданады.

Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы

Фото: damu.kz