«Мүмкін емес ештеңе жоқ»: Талдықорғандағы NIS оқушысы KAIST-КЕ шақыру алды

Уақыты: 31.03.2023
Оқылды: 704
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Санжар Тұрғанбек Оңтүстік Кореядағы KAIST-те оқуға грант ұтып алды.

Оқудағы жоғары жетістіктері, көшбасшылық қасиеттері, үлкен жұмыс қабілеті Санжардың жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Өйткені, Кореяның ең танымал университеттерінің біріне түсу кездейсоқтық емес.

Кореяның озық технологиялар институты білім берудің жоғары стандарттарымен әйгілі элиталық зерттеу университеттері тобына кіреді.

Санжар информатика факультетінде бакалавриатта оқуды жоспарлап отыр.

– Мені әрқашан ақпараттық технологияның жұмысы қызықтырады. Сегізінші сыныптан бастап информатикадан олимпиадалық резервтің мүшесі болып табыламын. Осы күнге дейін әртүрлі компьютерлік бағдарламаларды оқып, зерттеп келемін және KAIST университеті менің қойған мақсаттарыма сәйкес. Ол жерде жақсы зерттеу мүмкіндіктері, болашақта тәжірибеден өтуге шанс бар,  – дейді болашақ студент.

Санжар – болашақ IT-маман. Беделді халықаралық Жәутіков олимпиадасының жүлдегері, информатикадан бірқатар республикалық олимпиадалардың жеңімпазы,

Массачусетс технологиялық институтының жазғы мектебінің қатысушысы. Атақты MIT институтының зертханасында Санжар InferenceQL программалау тілін зерттеді.

  – Мүмкін емес ештеңе жоқ, үлкен арман мен мақсаттың арқасында ауқымды жобаларды жүзеге асыруға болады. Бәрі ойдағыдай болады деп үміттенемін», — дейді KAIST грантының иегері Санжар Тұрғанбек.

«ЖЕТІСУ» АҚПАРАТ