Текеліде есірткі сатушылар тобы ұсталды

Уақыты: 06.05.2023
Оқылды: 2090
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелі қаласында арнайы операция кезінде есірткі сатушылар тобы ұсталды, деп хабарлады 7-su.kz желілік басылымы.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 4 мамырда Жетісу облысының Текелі қаласында арнайы операция барысында өңірдегі есірткі тарату арнасының көзі жойылды. 4 есірткі сатушы анықталып, марихуананың әртүрлі дозасын сату кезінде ұсталды.

Ұсталған адамдар есірткі заттарын тарату және сату қылмыстары бойынша айыпталады. Күдіктілердің әрқайсысы қаланың әр жерінде жеке-жеке ұсталған. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тіркелген фактілер бойынша («Тергеу амалдары есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабына (1,3-б.) сәйкес жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 30 келіден аса түрлі есірткі заттары тәркіленді. Олардың ішінде марихуана, гашиш және синтетикалық есірткілер бар.

Сурет ашық дереккөзден алынды