"Менің Отаным – Қазақстаным»" патриоттар форумы өтті

Уақыты: 04.06.2023
Оқылды: 748
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекеттік рәміздерді ұлықтаған, оның қадір-қасиетін жете түсіндіріп, әр жүрекке төл таңбалардың тылсым күшін жеткізе білген шараның бірі – «Менің Отаным – Қазақстаным» патриоттар форумы. Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен басқосуда аға буын рәміздер жөнінде ой қозғап, оның авторларын мақтаныш етіп, Туымыздың, Елтаңбамыздың ерекшелігін айтып, ондағы кестеленген суреттердің мазмұнына тоқталды.

– Мемлекеттік рәміздер – баға жетпес, философиялық мәні терең өнер туындылары. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев  «Біздің көк паспортымыз бен Көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы» деген болатын. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтап, қолдану аясын кеңейтуге, заңға сәйкес дұрыс қолдануға ерекше назар аудару керек. Әр жүректе өз Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруда, ел тәуелсіздігін нығайтуда Мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше,– деді өз сөзінде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Башбаев. 

Салтанатты жиынның алғашқы құттықтау сөзін сөйлеген Айдар Карбозұлы рәміздердің ерекшелігіне, оның маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Артынша өңіріміздің дамуына үлес қосып, әр салада жетістікке жетіп, ел игілігі үшін аянбай еңбектеніп жүрген жандарға құрмет көрсетті. Атап айтсақ, Көксу ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Мәулен Жаннұрұлы, Жазушылар одағының облыстағы филиалын басқарып отырған Жангелді Немеребай, Жаркент қаласындағы №1 орта мектебінің география пәні мұғалімі Бақытжан Молбаев, Жаркент қаласындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Еркебұлан Айтбаев, Ақсу ауданындағы спорт мектебінде джиу-джитсудан бапкер Азат Мұсабаев және Жетісу университетінің 3-курс студенті Линара Ағыбаева марапатталды.

Оны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт пен басқарма басшысы Айдар Башбаев табыстады. Жиында сөз сөйлеген Жангелді Немеребай рәміздерді ұлықтау кез келген азаматтың міндеті екенін және осы жолда аянбай еңбек ету қажеттігін айтты.  Отан туралы, рәміздерді қозғаған, ел мен жердің мәнін түсіндіретін Мұқағали Мақатаевтың, Жангелді Немеребайдың өлеңдерін оқушылар Инабат Самықова, Баянсұлу Бердімұрат, Тұмар Өрісбек, Арнұр Дәуренұлы, Мұқаметқали Сәрсен нақышына келтіре оқыды. Аты аталған білімгерлерге білім мен өнер саласындағы жетістіктері үшін арнайы Алғыс хат беріліп, сыйлық табысталды. Оларды марапаттаған ақпарат саласының үздігі Жұматай Оспанұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың «Отан» туралы өлеңімен бастап, әр жалындаған жүректе рәмізге құрмет, Отанға деген махаббаттың ерекше болу керегін, сол жолда отбасынан басталатын тәрбие, білімді басты назарда ұстау қажет екеніне тоқталды. Артынша ошақтың үш тағанындай болған рәміздер жөнінде азды-кем ақпарат беріп, құндылықтарын айтып өтті.

Салтанатты шарада өмірдің жаңа сатысына қадам басқан Әмір Шынасыл мен Самат Құрбанға Талдықорған қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Еділ Алпысов ҚР азаматы екенін айқындайтын жеке куәлігін табыс етті. Басқосуда Бексұлтан Бекайдаровтың айтқан «Көк тудың желбірегені», Мәулеш Әбдіжапаров орындаған «Отан», Альмира Мүсәпірова шырқаған «Жаса, жайна, Талдықорған» әндері форумның шырайын ашты. 

Серік ҚАНТАЙ
Суретті түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ