Көл бойындағы көрікті мекен

Уақыты: 04.10.2023
Оқылды: 587
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ежелгі Жібек жолының бір тармағы Алакөлдің бойын сағалап керуен тартты. Бгінде сол мәдениеттің жібін жалғағап жұрттың еңсесі биік. Олар жаңа тарихтың өміршең парақтарын жазуда. Мұны өткен жұмада Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласындағы «Сымбат» орталық стадионында өткен «Жер жанаты Жетісу» атты мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған мәдени шара да байқадық.

Мәдениет, ең алдымен, елге, содан кейін болашаққа қызмет етеді. Осы тұрғыдан келгенде, бұл жолғы мәдениет күнінің бірқатар көңіл толқытар жаңалығымен есте қалғаны анық. Әсіресе, Алакөл жерінде ұлттық дәстүрді дамыту, өнер мен мәдениеттің өмірмен өзектестігін бағамдау, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байытуға бағытталған жұмыстардың мықты қолға алынғанан көрдік.  

Мәдениет күнін тамашалауға жиналған көпшілікті аудан әкімі Алмас Абдинов:

– Мәдениет пен өнер- қоғамның айнасы, бет-бейнесі. Өнерсіз ел болмаса, өрге шығу оңай емес. Мәдениеті жоғары, тарихы танымды, ойы сергек елдің рухы қашанда биік. Ендеше, мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, мәдениет саласының дамытуға ат салысу жауапты міндетіміз, – дей келе ауданның мәдени өмірінен шолу жасап, өңірден шыққан танымал тұлғаларды атап шықты.

Жалпы, Алакөл атырабы – қазақ халқын ел басына күн туғанда ашаршылықтан қорғаса, одан кейінде ел-жұрттың өзегін талдырған емес. Алакөлдің суы мен жағасындағы балшығы сан түрлі аурудың емі, балығының өзі респуликаға танымал. Тағы бір жағынан Алакөл ауданының табиғаты да демалыстың түр-түрін ұйымдастыруға қолайлы. Мұнда келген адамдар таулы өлкенің табиғатын тамашалап, дала көркемдігімен жақынырақ таныса алады.  Бүгінгі таңда ауданның осы бір тамаша экономикалық мүмкіндігінің тынысы ашылып, мазмұны толысып, жаңа табыстарға қол жеткізіп келеді. Осы мүмкіндік өңірдің мәдениеті мен өнерін өркендетуге де ықпал етуде. Мұны да мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған мағыналы шаралардан тағы бір мәрте аңғардық.

Көпшіліктің көңілін желпіндірген мереке барысында Алакөл ауданының тумасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Сәкен Иманасовтың 85 жылдық мерейтойына арналған кітап көрмесі, оқырман қауымның ынтызарын арттырса, сурет және қолөнер шеберлерінің туындылары көрген жанның көңіл көкжиегін кеңейтті. Славян және «Ляйсан» татар этномәдени орталығының шатырларында беркее мен бірліктің, ынтымақ пен теңдітің айшықты көрінісі өрнек тапқан. Сондай- ақ, Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейі мен Лепсі тарихи музейінің экспонаттары тұрғындардың тарихқа деген тағзымын еселеп, ата-бабаларымыздың асыл қасиетіне деген құштарлықты оятты.

Баршаның көңілінен шыққан мәйекті шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Мұнда тарихтан сыр шертетін қойылымдар көрсетіліп, өткенімізді жаңғыртты. Мың бұралған би, әуелеген ән, күмбірлеген күй төгілген мерекелік шара жастардың би кешіне ұласып, түннің бір уағына дейін жалғасты.

Қажет Андас
Алакөл ауданы