Қазгидромет мамандары Қазақстанда қашан қар жауатынын болжады

Уақыты: 29.11.2023
Оқылды: 692
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазгидромет мамандары күз неге жылы болып тұрғанын түсіндірді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Zakon.kz дерегіне сүйеніп.

Күз неге жылы болып тұр?

Қазақстан аумағына тән емес жылы күз бен қыстың кеш келуі батыс және оңтүстік циклондардың жиі болуынан деп түсіндірді мамандар. Сонымен қатар оған Иран мен Жерорта теңізі аудандарынан келген жылы ауа массасы да себеп.

"Осыған байланысты Қазақстан аумағындағы температуралық фон климаттық нормадан 3-10° жоғары болды. Метеобақылау тарихында биылғы қараша өте жылы болды. Жылы ауа-райының жоғарғы шегі 17-18 қараша аралығында байқалды"."Қазгидромет" РМК

Мұндай жылы күз тарихта қашан байқалды?

Кейінгі рет жылы қараша 2010 жылы болған, ол кезде ауа температурасы нормадан 2-7° ауытқыған.

Көпжылдық бақылау Астанада қар жамылғысы ең кеш түсуі 1967 жылғы 15 желтоқсанда (56 жыл бұрын) және 2008 жылғы 14 желтоқсанда (15 жыл бұрын) тіркелгенін көрсетті.

"Тарихи дерекке сенсек, елордада қар жамылғысының ерте жайғасуы – 10 қазан, орташа жайғасуы – 10 қараша, ал кеш жайғасуы – 15 желтоқсан. Кейінгі үш жылда – 2020, 2021, 2022 жылдары қарашаның бірінші онкүндігінің соңында, екінші онкүндігінің басында тұрақты қар жамылғысы тіркеліп, орташа биіктігі 8-13 см болған"."Қазгидромет" РМК

Қазақстанда қар жамылғысы қашан жайғасады?

Болжамға сай, Қазақстанның басым бөлігінде қар жамылғысы желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында, ал республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында айдың екінші жартысында жайғасады.

Желтоқсан айының басында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Тұман, көктайғақ та болады. Ал солтүстік өңірлерде ұйытқыған жел мен жаяу бұрқасын соғуы мүмкін.

"Желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында оңтүстік аймақтарды қоспағанда, елдің басым бөлігінде аязды ауа-райы болады деп болжанды. Қар жауып, бұрқасын, жел күшейеді. Термометр бағаны түнгі уақытта -10-20°С-қа, күндіз-3-10°С-қа дейін төмендейді деп болжанып отыр"."Қазгидромет" РМК

Фото: pixabay.com