Біз Мәңгілік ел болуға ұмтылған жасампаз елдің жастары ретінде қоғамның қай саласында болмасын белсенді болуға тиіспіз. Ел сенім артқан жастар бүгінде ел экономикасын дамытуға үлес қоса бастады. Олай болса, бұл ұлт болудағы көреген саясаттың бір дәлелі дер едім.
Күні кеше Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Жетісу облысына іссапармен келді. Комитет төрағасы Жетісу облысындағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысымен танысып, өңірдің белсенді жастарымен кездесті.
– Дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін мемлекетіміз барлық салада ұдайы қарқынды даму үстінде болуы қажет. Ал, оны жүзеге асыратын – білімді де білікті жас мамандар. Қазір қажыр-қайрат жұмсайтын, өз елінің нағыз патриоты, жанашыры екеніңді дәлелдейтін заман. Елімізде жастар ұйымдары белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Ең бастысы, олар ерікті түрде, өз қалауымен жастар саясатының жүзеге асырылуына ықпал жасап келеді. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы, білімді де білгір жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Олар қоғам өмірін алға бастаушы прогрессивті күш иесі екенін қай қоғамда да дәлелдеп келеді. Бүгінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді, – деп Қайрат Телманұлы бүгінгі жастар жайлы өз ойын білдірді.
Кездесуде өңір жастарының өзекті мәселелері көтерілді. Мысалы, NEET санатындағы жастармен жұмыс, жастар үшін қолайлы орта қалыптастыру және мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды.
– Мен былтыр «Тәуелсіздік ұрпақтары» атындағы бағдарламамен 3 млн. теңге грант ұтып, мобильді терапия бойынша жоба бастадым. Қазіргі таңда әкем, нағашым үшеуміз осы бағытта жұмыс істеудеміз. Бастамамды «Бәйтерек», «Асар», «Қамқор» балаларына көмегім тисін деген мақсатта аштым. Атқа жайдақ отыру бала денсаулығына пайдалы. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі балаларға осындай терапиялар жақсы көмектеседі. Шыны керек, 3 млн. теңгеге бар болғаны жылқы тасымалдайтын тіркеме ғана алдым. Алдағы уақытта грант қаражатын 5 млн. теңгеге көбейтсеңіздер, сондай ат тасымалдаушы тіркеме шығаратын кішігірім жоба бастасам деп едім, - дейді Жетісу Университеті аударма ісінің 4 курс студенті Аслан Оралхан.
Жиынға қатысушы жастар осы сияқты басқа да ұсыныстарын ортаға салып, өз ойларымен бөлісті.
Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: gov.kz