Ниетке тілек жалғанса

Уақыты: 02.03.2024
Оқылды: 512
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ бейнелеу өнерінің атасы атанған Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл. Бейнелеу өнерінде бір халықтың тұңғышы болуына қарамастан шексіз шеберлігімен осы күнге дейін соңына қалдырған көркем мұраларымен алыс-жақындағы көзайым жұртты таңдандырып келеді. Осынау алыптың Жетісу жұртының төл перзенті болуының өзі бәрімізге мақтаныш.

Ғасырлық тойын ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзі атап өткен ардақтымыздың 120 жылдық мерейтойында шешімін күткен бірқатар мәселелер бар.

Жаркент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы көше бас-аяғы жоқ шолақ-қысқа иірім ғана. «Қазақтың Қастееві» атанған тұлғаға туған жерінде мұндай көшеге атын берудің өзі сын. Сондықтан облыстық ономастикалық комиссияға биыл бұл мәселені қайта қарап, бейнелеу өнерінің атасы атанған Қазақстанның Халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбілхан Қастеевтің есімін аудан орталығынан ұзын, кең көшеге беруді сұраймыз.

Жаркент қаласын қақ жарып өтетін көлденең үш көше бар. Олар – қаланың ортасынан өтетін Жібек жолы көшесі, Махмут Қожамияров атындағы және  А. Пушкин көшесі. Аудандық ардагерлер ұйымы, этномәдениет орталықтары, басқа да қоғамдық ұйымдар Халық жазушысы Бексұлтан Нұржеке-ұлының «Jetisy» газеті арқылы білдірген ұсынысын құптап, Жібек жолы көшесін Әбілхан Қастеев көшесі деп атаса әбден лайық болар еді деген пікірде. Бұл мәселе аудан халқының көптен бері айтылып, жазылып жүрген тілегі.

Биылғы кезеңді облысымызда «Әбілхан Қастеев жылы» деп жариялап, басқа да мәдени іс-шаралар жоспары жасалса құба-құп. Облыс орталығы Талдықорған қаласына Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің еңселі ескерткіші орнатылса, Жетісудың бас қаласындағы бүгінге дейін жасалған көптеген ескерткіш қатары толыға түспек. Бұл іске Жаркентке келген сапарында облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастамашы болып, ел-жұртқа ойын айтқан. 

Осы күнге дейін Әбекеңнің кіндік қаны тамған Жаркент өңірінде ауыз толтырып айтарлық жөнді бір ескерткіш жоқ. Бүкіл қазақ халқының төл өнерінің тұңғышы атанған алыпқа осындай құрмет лайық па?! Сондықтан суретшіге Жаркент қаласында еңселі ескерткіш орнату да уақыт талабы. 

Азат ЖАҚЫБАЙ,
Панфилов аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы