АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ӨМІРІН КӨРСЕТЕТІН АГРОТУРИЗМ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Уақыты: 30.11.2022
Оқылды: 3730
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстанда соңғы 2 жылда ауыл туризміне маманданған агротуристік маршруттар мен компаниялар үлкен сұранысқа ие. Осыған байланысты Еңбекшіқазақ ауданындағы Көктөбе ауылында бірнеше жыл бұрын «Apple house» туристік кешені пайда болды.

«Қала қарбаласынан шаршаған қонақтар бізге келіп, табиғаттың таза ауасымен тыныстайды. Ет, сірне, құрт, қымыз, шұбат сияқты қазақтың ұлттық тағамдары мен алма, алмұрт секілді табиғи өнімдердің дәмін татады. Ұлттық ән тыңдап, көңіл серпілтеді», – дейді отбасылық бизнес-жобаға қатысушылардың бірі Азамат Берікболұлы.

Ал Іле-Алатау ұлттық табиғи саябағының аумағында бірнеше туристік нысан орналасқан. Солардың бірі – «Тау-Жаңашар» қонақүйі базасында құрылған балалар демалыс орталығы. Орталық директоры Мира Құдабаева балалар лагері 250 орынды екенін, бұл жерге 7-16 жас аралығындағы оқушылар келіп демалуға болатынын жеткізді.

– «Түрген саяжайы» ұлттық саябағы аумағындағы тағы бір қонақүй табиғатта отбасылық демалысты ұйымдастыру қызметін ұсынады. Демалыс базасының менеджері Наталья Бернадская өз жобасын «Отбасылық бизнес» деп атайды. Туристер әйгілі Түрген, Шарын шатқалы мен Есік көліне жиі демалуға келеді. Әуесқойлар таза ауамен тыныстап, жақын маңдағы сарқырамаларды тамашалайды, – дейді кәсіпкер.

Экожылыжайға саяхат кезінде көкөністердің қалай өсірілетініне көз жеткізуге болады. Талғар ауданындағы «Green Eco» кешені 5 жыл бұрын Дания, Израиль, Нидерланды технологияларын пайдалана отырып салынған. Жылыжайда 150-ге жуық адам жұмыс істейді, оның 80 пайызы – жергілікті тұрғындар. Жылыжай өнімдерінің 30-дан астам түрі елдің 12 қаласына таралады. Көкөніс өсіруден басқа, олар агротуризмді дамытумен де айналысады.

Көшпенділердің өміріне қызығушылық танытатын туристер үшін «Ғұндар» этноауылы қызмет көрсетеді. Бұл – елдегі алғашқы этнотуристік жоба, ол 2007 жылы қолға алынды. Мұнда бірнеше киіз үй тігілген. Қонақүйлер мен коттедждер де бар. Туристердің қалауынша бірнеше күн қонып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға, атпен серуендеп, жазғы уақытта велосипед тебуге, садақ атып демалуға мүмкіндіктері бар. Тәжірибелі гидпен Талғар шатқалын тамашалау ұсынылады. Сондай-ақ, ұлттық ойындар ойнап, әдет-ғұрыппен таныса алады. Күніне бұл жер 600-ге дейін қонақ қабылдауға дайын.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы