Қазақстан мал өсірушілерді қолдауға бюджетті ұлғайтуда

Уақыты: 28.11.2023
Оқылды: 364
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Үкіметі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету үшін резервтен 30 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Бұл шара мал өсірушілер алдындағы субсидиялар бойынша берешекті өтеуге мүмкіндік береді.

Құжатта Ауыл шаруашылығы министрлігіне Абай, Жетісу, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджеттеріне асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділік пен өнім сапасын арттыруды субсидиялауға нысаналы трансферттер түрінде 30 млрд теңге бөлу туралы жазылған.

Осы қаулының қосымшасына сәйкес, Ақмола облысының әкімдігіне ең көп қаражат – 7,8 млрд теңге бөлінді. Жамбыл облысына 5 млрд теңге, ШҚО-ға 4,5 млрд теңге, БҚО мал өсірушілеріне 1 млрд теңге бағытталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қажетті шараларды қабылдау, ал Қаржы министрлігіне бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау тапсырылды.

Жалпы биыл агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға Үкімет барлық көздерден 494 млрд теңге бөлді. Жақын арада инвестициялық субсидиялауға және несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қосымша 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Фотосурет: Үкіметінің Баспасөз қызметі