Ауыл шаруашылығында кооперацияны дамыту тым баяу жүріп жатыр – сенатор

Уақыты: 29.11.2023
Оқылды: 679
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстанда 3248 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Алайда оларды дамыту тым баяу жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Сенатта депутат Әли Бектаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазір Қазақстанда 3248 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген, оның 1255-і мал шаруашылығымен, 322-сі өсімдік шаруашылығымен, 1671-і басқа бағыттар бойынша жұмыс істеп жатыр. Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 543 ауыл шаруашылығы кооперацияларына 370 млрд теңге қаржы бөлінгенін ескерсек, әр кооператив орта есеппен 680 млн теңгеге қаржыландырылғанын көреміз. Яғни кооперацияны бірігіп, ірілету қашан да тиімді. Ал қалған 2700-ден астам ұсақ шаруашылықтардың тек 3% ғана жеңілдетілген несие алуға шамасы келген», – деді Ә. Бектаев «Еліміздің өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы кооперациясының жай-күйі және шаруа қожалықтарын ірілендіру» тақырыбындағы отырыста.

Сенатордың айтуынша, нарықты дамыту жағдайында агрокооперативтерді құру өзекті болғанымен, бірақ осы кооперацияны дамыту тым баяу жүріп жатыр.

«Бұл тұрғыда мамандар осы саладағы негізгі проблемаларды белгілеп шықты. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруда адамдардың бұл институтқа сенімсіздігі бақалған. Сонымен қатар отандық өнімнің бәсекеге қабілетінің төмендігі мәселесі де бар. Кооперативті тіркеу кезіндегі құжаттардың көптігі кедергі жасап отыр. «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң талаптарының кемшілігінен заман талабына сай тиісті өзгерістерді қабылдау қажет. Өнімді дайындау, сақтау, бастапқы өңдеу және нарыққа шығарудың дамымағандығы, сақтау қоймаларының болмауы, өнімді тасымалдау логистикасының нашарлығы осы салаға кері әсер етіп отыр», – деді депутат.

Әли Бектаевтың пайымынша, ауыл халқының «осы кооперативтерді құрудың қандай артықшылықтары мен пайдасы бар?» деген сұрақтарына нақты жауап берілмей жатыр.

Фото: pixabay.com