Ақтөбе "мүйіз" сұраймын деп «құлағынан» айрыла ма?

Уақыты: 24.05.2023
Оқылды: 2079
Бөлім: САЯСАТ

Шекара шебіндегі өңірлерді дамыту туралы Тоқаев сөзінде арнайы  тоқталып, үкімет қаулы шығарса да Жетісу облысында түйіткілді мәселе «түйіншегімен» тұр. Мәселен, бір ғана Қытаймен шекаралас аймақтағы Ақсу ауданына қарасты Ақтөбенің «жыры» БАҚ-та әлденеше рет көтерілсе де шешілгеннің орнына шиеленісіп барады. Енді ауылдың жол мәселесінен басталған дауға «мектеп жабылады» деген тағы бір шудың қосылатын түрі бар.

Дәлірек айтқанда, бұған дейін «Жетісу» газетінің веб-сайты – "7-su.kz" желілік басылымында "Жетісу облысы Ақтөбеге неге "суық" қарап отыр?", «Ақтөбе Жетісу облысы әкімдігінің назарында»,  «Ақтөбе ауылының жан-айқайына ресми жауап берілді» деген тақырыптармен желілес материалдар ұсынғанбыз. Ізінше «Жетісу» газетінде де көлемді мақалалар жарияланған.

Көтерілген мәселеге орай сол кездері аудан әкімдігі жауап та берген. Ондағы ресми жауап төмендегідей.

"Ақтөбе ауылымен Ашыбұлақ ауылының арасындағы 16,4 шақырым жолдың бүгінгі күнге жер таңдау актісі әзірленіп, ситуациалық схемасы және жер комиссиясының қорытындысы дайындалды. Бұдан әрі жерге орналастыру жобасы, содан кейін мемлекеттік акт әзірленетін болады. Алдағы уақытта жобалау сметалық құжаттама әзірлеу үшін, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім тапсыру жоспарлануда. Ақтөбе-Ашыбұлақ ауылы арасындағы жолда орналасқан Ақсу өзеніндегі көпірді жөндеуге ақаулық актісі әзірленуде. Бұл шара күрделі мәселе болып есептеледі, құжаттарын әзірлеу, тиісті қаражат көлемін сұрау үшін дайындық жұмыстарын қажет етеді", - делінген ресми ақпаратта.

Алайда бұндай жауаптың бұған дейін де әлде нешесін естіп келе жатқан ауыл тұрғындары аудан басшысымен жолығуды жөн көрген. Жол азабына қарамастан уағдалы уақыттан кешікпеген ақтөбеліктер Ақсу ауданы әкімдігінің алдына жиналды.

Нәтижесінде, аудан әкімі Берік Тынышбаев ауыл тұрғындарын қабылдады. Сөзінің «біссімілләсін» «әкімнің есігі қашанда ашық» деп бастаған аудан атқа мінері тұрғындардың арыз-тілегін тыңдады.

Тұрғындардың айтуынша, қарғын су әбден шайған жолдан екі «Джип» көлігін жалға алып өтіп жүр. Адам ауырып, оқыс жағдай болса шығу мұң көрінеді. Ал арса-арса болып тұрған ескі ағаш көпірден «балық аулағандай болып талай суға құладық» дейді.

Ақтөбеліктердің уәжін тыңдаған әкім:

Сіздер бірден жол дайын болады деп ойламаңыздар. Жолдың өзі құжаттарымен бір-екі жылға кетеді. Көпір баланста жоқ, – деп тоқетерін айтты сол жиында.

Әрі ауыл азаматтары даулап келіп отырған жол бөлігі 5 шаруа қожалықтың аумағынан өтетінін, оны да ескеру керегін жеткізген-ді.

Осылайша осыған дейін баспасөз хатшысы арқылы берілген ресми жауап (жоғарыда келтірілген – автор.) әкімнің өзінің емес, «домбырасының» жауабы сияқтанған.

Себебі, жоғарыда келтірген ресми жауапта жолдың барлық құжаттары рет-ретімен реттеліп жатқаны айтылып, «көпірді жөндеуге ақаулық актісі әзірленуде» делінген. Ал аудан басшысы болса алдына келген халыққа басқаша жауап беріп отырғанын сауатты адам бірден аңғарса керек-ті. Мұндайда халық кімге сенуі керек деп ойлайсыз...

 Ол – ол ма, «Әзірге болмағанда су шайып кеткен бір шақырым жерді бекітіп беріңіздерші», деп көмейіне өксік кептеліп айтқан Райса есімді тұрғынның жан-айқайына Берік Тынышбайұлы «қаражат жоқ» деп төте қайырған.

Артынша ауыл азаматтарының "Ауылдағы бір тұрғын басы жарылып, жедел жәрдем уақытылы жете алмағандықтан комаға түсті. Мәселе ушықса не болар еді?" деген орынды лепестерінен соң Б. Тынышбаев Ақтөбе ауылының жағдайын өз көзімен барып көріп қайтатынын жеткізді. Нақты жауапты сол жерде жағдайды көріп барып айтамыз деп шығарып салған. Көңілі жадап-жүдеп жиналған жұртты.

Осы ретте, сол уәдеден соң аудан әкімінің келіп кеткенін жеткізген ақтөбеліктер бізге «мүйіз сұраймыз деп құрлағымыздан айырылатын болдық» деп дабыл қақты.

Байыбына барсақ, әкімнің сол сапарында ауыл тұрғындары «жалынып» сұраған бір шақырым жол жасалатын болыпты да, есесіне ауылдың болашағын «көре алмаған» атқа мінерлер «мектепті жауып, балаларды көрші ауылдан оқыту керек» дегендей «ақыл» айтқан. Әрі ол үшін тексеру жұмыстарын жүргіземіз деп кеткен.

Тиісінше, осы материал дайындалып жатқанда ауыл тұрғындарына хабарласып көріп едік.

«Мектепке аудан әкімі, білім бөлімінің басшылары келіп жиналыс ашқалы жатыр. Басқа да ақпаратты сосын жеткізерміз» деді ауыл мектебі ұжымы бір ауыздан.

Осы сөзден кейін «Бір шақырым су шайған жерді тегістеп беретін болды» деген, әуелгі өтініш иесі саналған халықтан жауап та ала алмадық. Бәлкім, биліктік ресурс мәселелерін «оң-теріс» шешіп берді ме екен. Ол да маңызды емес болар.

Маңыздысы, басқасын айтпағанда териториялық тұрғыда Қытаймен шектесетін Ақтөбені "құртудың" орнына гүлдендіру керек емес пе? Жетісу облысының шекаралық аймақтарының Солтүстіктен несі кем еді?! Бәлкім, еститін Үкіметтің жергілікті жердегі естуі тиіс әкімдігі бұл мәселені алдағы уақытта нақтап қолға алар?!

Фото: Halyq Uni

                                                                                     Қозыбай ҚҰРМАН