Президент Құран кітабын өртеу оқиғасына пікір білдірді

Уақыты: 20.09.2023
Оқылды: 1025
Бөлім: САЯСАТ

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында Құран өртеу оқиғаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Bugin.kz порталына сілтеп.

Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы ұсынған "Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін" қолдайтынын жеткізді. Президенттің сөзінше, стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек.

"Қазақстан келер жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ фактісін қабылдау ісінде сындарлы және қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог маңызды рөл атқарады. Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз.

Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.