Сайлау – 2023: Әкімді халық таңдайды

Уақыты: 30.10.2023
Оқылды: 1544
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Жолдауында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Осыған орай бірнеше жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылып, халық таңдауымен жаңа әкімдер жұмысқа тағайындалды. Ендігі қадам – аудан әкімдерін сайлауда.

Азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру мақсатында ұйымдастырылған жоба Жетісу облысында да жүйелі жалғасуда. Пилоттық жоба ретінде Жетісу өңірінде екі ауданның әкімі сайланбақ. Атап айтсақ, қараша айының 5-жұлдызында Кербұлақ пен Сарқан аудандарының әкімдерін бұқара анықтайды. Тарихи кезеңде жұдырықтай жұмылып, азаматтық борышын орындап, сайлауға біркісідей қатысуы аса маңызды. Осы аудандардың жұртшылығы саяси науқанда белсенділік танытады деген ойдамыз.

Сайлау – еліміздің ертеңін айқындайтын маңызды саяси науқан. Ол – мемлекеттік жүйенің тиімділігін, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру, елдің болашағы үшін негізгі жүйені жолға қоятын механизм. Әкімдерді сайлау бұл алдыға жылжу деген сөз. Өте маңызды қадам. Өңірді дамытып, экономикасын көтеретін білікті басшыны халық таңдайды. Әкімдерді халықтың тікелей сайлауы өте дұрыс деп ойлаймын. Бұдан әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігі артады, өйткені оларды жергілікті халық тікелей таңдайтын болады. Екіншіден, тұрғындар өздерінің туған ауылдарының өміріне белсенді қатысады. Ал сайланған әкімнің өзін көрсетуге тек бір ғана мүмкіндігі болады. Егер әкім өзіне артылған сенімді ақтамаса, келесі жолы оған дауыс бермейді. Бізде кейде сайлаушылардың өзі дауыс беруге бармай жатады. Кейбір елдерде сайлауға бармаған халық жауапқа тартылады. Елімізде әркімнің өз еркі. Бірақ, ауылдың, ауданның тағдыры бәрімізді алаңдатуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан, өңірінің болашағына алаңдаған әрбір азамат сайлаудан шет қалмауы керек. Аудан тұрғындары берекелі болашақ, кемел келешек үшін өз таңдауын жасауы тиіс.

Жер жаннаты Жетісу өңірі – аграрлы аймақ. Өңірлердегі тұрғындардың көбі егін егіп, мал ұстайды. Сонымен қатар, облысымызда туризм саласын өркендетуге қолайлы. Шалқыған көлі, асқақ тауы, ну орманы, шалқар даласы мен салқар құмы араласқан Жетісу өңірінің табиғаты адамды баурап алады.  Осыған орай аудан басшылығына аталмыш салаларды жетік меңгерген мамандар сайланса дейміз. 

Мұрат Әубәкіров,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы Жетісу облыстық филиалының директоры
Жаркент қаласы
Фото: ашық дереккөзден