Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Астанаға келді

Уақыты: 02.11.2023
Оқылды: 2017
Бөлім: САЯСАТ

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мінген ұшақ Астана әуежайына қонды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Kazinform дерегіне жүгіне отырып. 

Түркия делегациясының борты Түркияның алқызыл туымен безендірілген. Жақында ғана Түркия Республикасының 100 жылдығы тойланған еді.

Р. Ердоғанды салтанатты түрде қарсы алуға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов арнайы барды. Түркия көшбасшысына қызыл шоқ гүлдер табыс етілді.

Қазақстан Премьері мен Түркия басшысы әуежайда сөйлесті және арнайы көлікпен Р. Ердоған әуежайдан шықты.

Түркия басшысы 3 қарашада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммитіне қатысады. Мерейтойлық кездесуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия көшбасшысын 16 наурызда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті барысында шақырған болатын.

Бұл жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-дағы бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.

Айта кетейік, 2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі саммитінде Түркі кеңесінің атауы Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгертілді.

 

Фото: көрнекілікке алынды