Бұл сайлау баршамызға ортақ елдік шаруа – Әміре Әрін

Уақыты: 05.11.2023
Оқылды: 1682
Бөлім: САЯСАТ

Әділетті Қазақстанның басты ұстанымы – қоғамды одан әрі демократияландыру: азаматтық қоғамның белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру арқылы саяси белсенділікті арттыру, халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейту, сөйтіп әкімнің тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігімен етене араласа қызмет етуіне жағдай туғызу.

Бұл өзі көптен бері күн тәртібіне қойылып келе жатқан көкейкесті мәселе еді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының арқасында көпшіліктің бұл өтініші де қанағаттандырылды!

Сонымен ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәлімдеуі бойынша, 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау өткізу үшін аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізімін бекітті, оның ішінде үш қала мен 42 аудан бар екен. Жетісу облысынан Кербұлақ және Сарқан аудан әкімдері  сайланады. Үміткерлерді ұсыну тәртібі де заңға сай. Саяси партиялар және өзін-өзі ұсыну арқылы жүргізілді. Енді, міне, саяси аламан тағы бір жүйріктерін іріктеуде.

Мың-сан бұлақтан айдынды көл құралары іспетті, жекелеген аудан, қалалар көш-керуенінен қуатты Отанымыздың сән-салтанаты айшықталады! Демек, бұл сайлау баршамызға ортақ елдік шаруа! Халықтың бел ортасында небір білімді де білікті, іскер де көпшіл азаматтардың жүргендігі рас. Сондай жандардың тәуекел деп, бел буып, бағын сынар сәті туды! Ел ертеңі  жолында «мұз жастанып, қар жамылар»  лайықты үміткерлерді дөп табайық. қолдайық, ағайын!