"Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын": Тоқаев маңызды шешім қабылдады

Уақыты: 05.02.2024
Оқылды: 2120
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдады. Үкіметті уақытша Роман Скляр басқарады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын», – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, президент Қазақстан Республикасы премьер-министрі міндетін уақытша Роман Склярға жүктеген. Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін қазіргі министрлер өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.

Айта кетейік, 7 ақпан күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетіні белгілі болған.

Ақорда ақпаратына сүйенсек, жиында Қазақстанның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады.

Әлихан Смайылов басқарған үкіметтің соңғы құрамы 2023 жылы 4 сәуірде бекітілген.

Қазақстан үкіметі 2024 жылы ел экономикасы кемінде 5,3% деңгейінде өседі деп болжап отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылы инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстау міндеті қойылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,3%-дан кем болмауға тиіс.

Министрлік экономикадағы өткен жылдың қорытындысын да шығарды. Ақпаратқа сүйенсек, қабылданған шаралар нәтижесінде экономиканың өсімі 5,1%-ды құраған.

Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,7%-ға өскен. 2023 жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестиция көлемі 19,7 млрд долларды құраған. Оның ішінде $11 млрд-тан астамы шикізаттық емес секторларға бағытталған. Жалпы 2 жыл қатарынан тікелей шетелдік инвестиция көрсеткіштері соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке жеткен – жылдық көлемі 26-28 млрд доллар.

2023 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы 2,2%-ға өсіп, 126 млрд долларды құраған. Оң сауда балансы 16 млрд доллардан асты. Шикізаттық емес экспорт номенклатурасы 141 позицияға өскен.

Қазақстанның халықаралық резервтері 96 млрд долларды құрап, оның ішінде Ұлттық қордың активтері 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асқан. 

Фото: Ақорда