"Дайындалуға мүмкіндік бермейді": Енді мектептер ескертусіз тексеріледі

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 802
Бөлім: САЯСАТ

Енді елімізде мектептерді алдын ала ескертусіз тексеруге болады, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Биыл сәуірде әйелдер мен балалардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заңға қол қойылды.

Заң шеңберінде жоспардан тыс тексеру жүргізу тәртібі өзгерді. Енді еліміздің білім беру ұйымдарында жоспардан тыс тексерулерді субъектіні алдын ала хабардар етпей және тексеру тағайындау туралы актіні тіркеусіз жүргізуге болады. Бұл норма балалардың құқығы бұзылған жағдайда тексеріске дайындалуға мүмкіндік бермейді, - деп жазылған хабарламада.

Балалардың құқығын қорғау комитеті білім беру ұйымдарына тұрақты негізде тексеріс жүргізеді. Мысалы, жақында Ақтөбе облысында 2 мектептің 1-4 сынып оқушыларын және халықтың әлеуметтік осал топтарының отбасыларынан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуде заң бұзылғаны анықталды.

Талапты орындамаған лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қабылданды. Бүгінде бұл заң бұзушылықтар жойылды.

Айта кетейік, еліміз бойынша мұндай тексерістер жалғасады.

Фото: aikyn.kz