«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының актив жиналысы өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған міндеттерді орындау барысы талқыланды.
Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Гүлнар Тойлыбаева партия активіне Саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, аудандық, қалалық партия филиалдарының төрағалары және атқарушы хатшылары, «Jas Otan» жастар қанаты, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылғанын, жиынға 22 адам тікелей, 112 адам онлайн форматта қатысып отырғанын жеткізді. Одан соң Президенттің өз өкілеттігі кезінде партияға мүше болуын тоқтату міндетін заңнамалық тұрғыдан ресімдеуді, әкімдер мен олардың орынбасарларының партия филиалдарындағы қызметіне тыйым салуды ұсынуы «AMANAT» партиясының жұмысына кедергі келтірмейтінін, керісінше, партия мүшелеріне жауапкершілік күшейетінін алға тартқан модератор аталған мәселе заң аясында жүзеге асатынын атап өтті.
Жиында облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев, партияның Саяси кеңес мүшесі, облыстық депутаттық фракция мүшесі Гүлмира Ахметова, облыстық партия филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Ақболатов, облыстық партия филиалының Саяси кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Римма Салықова кезекпен сөз алып, күн тәртібіне көтерілген мәселенің маңыздылығына тоқталды.
Көпшілікті алда келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаған облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Гүлнар Тойлыбаева аудандық, қалалық партия филиалдарының хатшыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын кеңінен насихаттау, партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрамын жаңарту сынды міндеттерді тапсырды.
Мәди ӘСЕТҰЛЫ
Алматы облысы