"АУЫЛ АМАНАТЫ" ДЕП АТАЛАТЫН МОБИЛЬДІК ТОП АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН АРАЛАП ЖҮР

Уақыты: 29.08.2022
Оқылды: 1535
Бөлім: МІНБЕР

«АУЫЛ АМАНАТЫ» жобасының мақсат-міндеттерін түсіндіруге арналған 40 күнге созылатын республикалық ақпараттық марафон аясында мобильді топтар облыс тұрғындарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Мобильді топ мүшелері 26 тамыз бен 31 тамыз аралығында Алматы облысының ауылдары мен ауылдық округтерінің тұрғындарына арнайы ақпараттық-түсіндіру кездесулерін ұйымдастырады. Мобильді топ құрамында партия филиалдарының атқарушы хатшылары, аудандық мәслихат депутаттары, бизнес-тренерлер бар.

«Ауыл АМАНАТЫ» жобасы аясында еліміздегі әрбір ауыл мен қала өндірісінің басым бағыттары айқындалып, географиялық ерекшеліктері, еңбек, қаржылық және басқа да ресурстары бойынша сандық деректер жинақталуда. Жиналған ақпарат жобалық кеңседе талданады, одан кейін ауылдық округтердің экономикалық мамандануына сәйкес тиісті әдістемелік көмек көрсетіледі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 1 шілдедегі жағдай бойынша Алматы облысы халқының 50 пайыздан астамы ауылдық елді мекендердің тұрғындары – 1 647 667 адам.

Мобильді топ облыстағы 21 ауылды, 10 қала мен ауданды қамтуды жоспарлаған. Қазіргі таңда 12 ауылдық округті аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кетерлігі, облыста 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді.

Жоба мақсаты - ауылдық округ тұрғындарын жұмыспен қамтуды ұлғайту және еңбек табысын арттыру. Жобаның артықшылығы – 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие беру, ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтарын лизингке беру, кооперативтерге инвестициялық субсидия беру. Сонымен қатар, тұрғындар ауыл шаруашылығы саласының мамандарынан кеңес ала алады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"