"AMANAT" ПАРТИЯСЫНДА САЙЛАУ НӘТИЖЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 26.11.2022
Оқылды: 2065
Бөлім: МІНБЕР

«AMANAT» партиясының Жетісу облыстық филиалында биылғы сайлаудың қорытындысы талқыланып, саяси науқанға қатысқан қоғам белсенділерінің пікірі ортаға салынды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облыстық штабының төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Арыстанғали Арын, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Керімбек қатысқан «TALQYLAU» диалог алаңында өткен отырысты жастар қанатының жетекшісі Еркебұлан Ақболатов ашып, жүргізіп отырды.

Отырыстың алғашқы бөлігінде 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауы, келешектің кемелдігі, сайлаушылар белсенділігін арттырудың жолдары туралы ой қорытқан спикерлер одан кейін жастар мен қоғам белсенділері қойған сауалға жауап беріп, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің түйінін шешу жолын ортаға салды.

– Бұл сайлау еліміздің бағыт-бағдарын шынайы көрсетті. Біздің бағытымыз ашық және демократиялы қоғам құру. Қазіргі жұртшылықтың көкейінде «Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басымдықтарды 7 жыл ішінде жүзеге асырып үлгере ме?» деген сауал жүр. Тұжырымдама 7 жылға шақталып даярланған және ондағы басымдықтар өміршең бастамалар. Тек атқарылар жұмыстар емес, елдің дамуына жасалған баспалдақ. Ендігі жерде мұны халық болып бірлесіп жүзеге асуына септесуіміз керек. Бізге керегі – бірлік, – деген Ермек Келемсейіт сайлауалды үгіт-насихат кезінде қарапайым халықтың көзінен сенім мен үміт отын байқағанын жеткізді.

Одан соң Арыстанғали Арын мен Болат Керімбек жаңа заман сайлауын жүргізудің тетіктерін ортаға салып, электронды және бюллетеньмен дауыс берудің артықшылығы мен кемшілігін салмақтады.

Талқылауға қатысқан жұртшылықтың қойған сауалына жауап берген спикерлер шара соңында естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Жетісу облысы