Су үнемдеу технологиясын қолдану – уақыт талабы

Уақыты: 09.11.2023
Оқылды: 915
Бөлім: МІНБЕР

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Н. Нұржігітов Жетісу облысындағы жұмыс сапарын аймақтағы су қоймалары мен суландыру жүйелерінің жұмысымен танысудан бастады. Алдымен Ескелді мен Ақсу аудандары аумақтарының қиылысында орналасқан Ақешкі су қоймасына тоқтап, аталған нысан жұмысындағы өзекті проблемаларға көз жеткізді.

1976 жылы салынған, Ақсу ауданының аумағындағы Көлтабан ауылы маңындағы 460 гектар егістік алқабына су беретін қойма бүгінде бос жатыр. Жобалық қуаты бойынша 2,5 миллион текшеметр су жинау мүмкіндігі бар қойма табанын бүгінде қайыр басып қалғандығы көрер көзге бірден аңғарылады. Өзен суы сол қайырдың арасынан жылтырап қана ағып жатыр.

Қойманың пайдаланылуы жөнінде Талдықорғандағы «Қазсушар» Алматы филиалының басшысы Саят Құдайбергенов ақпарат берді.

– Қайыр басқаннан кейін су қоймасы іс жүзінде 1,8 миллион текшеметр ғана су жинай алады. Оның түбін өз күшімізбен тазалап көрдік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Толықтай тазалай алғанның өзінде көктемгі еріген қар суымен келген лай қайта басып қалады. Ал қойманың өзін көктем кезінде 2-3 күнде суға толтыруға болады, – деді ол.

Мәселені талқылай келе қиындықтан жыл сайын жер снарядтарын пайдалана отырып қана шығуға болатындығына көз жеткізілді. Министр соған орай жиналғандардың назарын күрделі қаржы жұмсап қойманы жыл сайын тазартып тұру экономикалық жағынан тиімді ме, тазалап тұрғанның өзінде қосымша 200-250 гектарға су бере аламыз ба, ол алқапта қандай дақылдар өсіруге болады деген мәселеге аударды. Аталған жайтты талқылай келе Нұржан Молдиярұлы «Әр филиалдан ұсыныс жасаңыздар, тазалауға қажетті жер снарядтарын алып берейік, өз кезегінде қоймаға көбірек су жинап, жаңағы айтқан 200-250 гектар алқапты қосымша игеру мүмкіндіктерін жасауымыз керек» деген тұжырымға тоқтады.

Су қоймасының түбін жыл сайын қайыр басып қалатындығы болмаса, бөгеттің өзінің талапқа сай салынғандығы байқалады. Кенеттен мол су келгеннің өзінде артық суды апаттық ағызу жолдары, басқа сөзбен айтқанда қауіпсіздік мәселесі де қарастырылған.

Министр бастаған топ келесі кезекте жаңадан салынған Қызылағаш су қоймасына келді. Бұл нысанда Нұржан Молдиярұлы негізінен қауіпсіздік мәселесінің қалай қамтамасыз етілгеніне назар аударды. Ол түсінікті де. Жұртшылық осыдан санаулы жылдар бұрын ғана болған, талай адам суға кеткен апатты естерінен шығара қойған жоқ.

Жоба авторы Рамазан Файзулла бұл мәселе жайында жан-жақты баяндап, туындаған басқа сұрақтарға да жүйелі жауап берді.

Құрылысы аяқталған қоймада бүгінде қажетті су көлемі жинақталуда. Биылғы жаз бен көктемнің құрғақтау болуына байланысты бұл жұмыстың баяу жүріп жатқандығы байқалады. Мәселен былтырғы осы уақытта қоймада 8 млн. текшеметр су болса, қазіргі кезде 19 млн. текшеметр су жинақталған. Қажетті деңгейге жеткізу үшін әлі де осыншама су жиналуы тиіс. Нақтырақ айтатын болсақ, нысанды тиісті сынақтан өткізіп, пайдалануға беру үшін су көлемін анықтайтын белгі 42,6 миллион текшеметрге көтерілуі қажет. Сол себепті қоймадан су аздаған мөлшерде, атап айтқанда елді мекендер тұрғындарының малын суаруға қажет мөлшерде ғана жіберілуде.

Атап айта кететін жайт – су қоймасын басқару мен бақылау жұмыстарының бәрі автоматтандырылған. Барлық жерге бақылау датчиктері қойылып, мәліметтер орталық диспетчерлік пункттен толықтай көрініп тұрады.

Нысанда жеке дабыл беру жүйесі орнатылған. Соған орай қауіпті тасқын бола қалған жағдайда Қызылағаш, Егінсу ауылдарының әкімшілігі мен мектепте дабыл автоматты түрде іске қосылады. Мұндай дабыл жүйесі электр қуаты берілмей қалған күннің өзінде аккумулятормен екі аптаға дейін қуатталып тұрады екен.

Министр қауіпсіздік датчиктері істен шығып қалған жағдайда, бірақ су көлемінің қауіп төндірмейтіндігі көзге көрініп тұрған кезде қандай шаралар қолданылатындығы жайын да нақтылады. Үш жыл бұрын біткен құрылыстың, нақты айтқанда бөгеттің қандай өзгерістерге ұшырағандығын, қаншалықты орнықтылығын, бір сөзбен айтқанда қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай екендігін қазбалап сұрап білді.

Нысанға автоматты түрде басқарудың американдық жабдықтары қойылған екен. Ал мол су жиналатын Шардара су қоймасы финдік жүйемен жабдықталған. Соған орай министр осындай нысандарға мүмкіндігінше бірдей жабдықтар орнатылуы тиіс екендігін атап, мұның болашақта барлық нысандарды басқару жүйесін бір орталыққа біріктіру, бір орталықтан көріп отыру үшін қажет екендігін назарға салып өтті.

Жиналғандар су қоймасы мүмкіндігінше тезірек пайдалануға берілуі тиіс деген тұжырымды тағы бір қуаттады.

Министр Н. Нұржігітов бұдан кейін осы Қызылағаш қоймасының суын бөлу үшін салынған гидроторап жұмысымен танысты.

Бұл нысанда да қауіпсіздік мәселесі қатаң ескерілген. Тораптың су өткізу мүмкіндігі жоғары. Қатты тасқын кезінде келетін мол суды басқа арнаға бұрып, ағызып жіберу мүмкіндігі бар.

Торап «Қазсушар» мекемелерінің өз күшімен салынған. Бұл жерде бас қосқан мамандар аталған нысанның қандай талапқа да сай деңгейде жобаланып, салынғандығын, болашақта суландыру жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін аса қажет екендігін айрықша атап өтті. Соған орай Нұржан Молдиярұлы нақ осы жобалау жұмыстарындағы кемшілікті тілге тиек етіп, оны шұғыл жөндеу қажеттігін атады.

– Біздегі үш филиалда осы жобалау жұмыстарымен айналысатын үш бөлім бар. Алдағы уақытта сол үш бөлімді біріктіреміз деп отырмыз. Сонда да болса үлкен мәселе жобаның сапасына келіп тіреледі. Біздің комитет 4-5 мекемеге лицензия берді, бүгінде солардың жайын нақтылап жатырмыз. Кейбіреуінің штатында гидрогеолог, инженер жоқ, олардың қалай зерттеу жүргізетіндері белгісіз, – деген министр соның салдары жайында да ой қозғады. – Жоба жақсы болса құрылыс та сапалы жүреді, «сақалды құрылыс» дегендер болмайды. Құрылысшы «ана жері, мына жері дұрыс емес» деп келген соң жобаға түзету енгізуге мәжбүр боламыз. Ол тағы 1 жыл, жарты жылға созылады, тиісінше құрылыс материалы да қымбаттап кетеді. Содан кейін де бізде республика бойынша алғанда мерзімі 12-14 жылға созылған оннан астам құрылыс бар.  

Дәл осы мәселе Ақсу ауданының Қызылағаш суару алқабын салудың бас жоспарымен танысу кезінде де қозғалды. Мердігерлік ұйым "Алматыинжстрой» АҚ өкілі өз сөзінде нақ осы жобалау мәселесін басты проблемалардың бірі ретінде атады. Тапсырыс берушілермен арада да түсініспеушіліктердің барлығын жасырмады.

Өз кезегінде Нұржан Молдиярұлы өздерінің 58 нысанмен жұмыс жүргізіп отырғандықтарын, солардың бәрінде осындай проблеманың бар екендігін айтып өтті. Бұл мақсатта нақты жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын да қайталай еске салды. Соған орай жуық арада бұл олқылықтың да орнына келетіндігіне сендірді.

Н. Нұржігітов бүгінде әлемдік проблемаға айналып отырған су жеткіліксіздігі мәселесіне де жан-жақты тоқталып, ондай қиыншылықтан шығу жолдарын да атады. Оның айтуынша, мұндай тығырықтан су үнемдеу технологиясын жаппай енгізу, қолдану арқылы ғана шығуға болады. Жаңбырлатқыш қондырғыларын, тамшылатып суару жүйесін енгізбейінше мәселе қай жерде де өзекті күйінде қала бермек. Демек, мұндағы шаруа қожалықтары да жаңбырлатқыш қондырғылар мен тамшылатып суару жабдықтарын алып, жұмыс істеулері тиіс.

Ондай құрылғыларды алғаны үшін шаруа қожалықтарына 50 пайыз мөлшерінде субсидия беріледі. Шындығына көшетін болсақ, шаруа қожалықтарының бұған да шамалары келе бермейді. Сондықтан келер жылы бұл шаманы 80 пайызға көтеру жайы ойда бар.

Осы жерде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында су үнемдеу технологиясын жаппай енгізу, қолдану қажеттігі жайында нақты тапсырма бергендігін еске салған министр бұл міндетті орындау барысында Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесе жұмыс атқаратындықтарын жеткізді. Оған қанша қаржы қажеттігі де есептелу үстінде.

Министр Жетісу облысында су үнемдеу технологиясын қолданатын алқаптардың аумағын арттыру қажеттігіне де тоқталып өтті. Бүгінде егістік алқаптарының 4 пайызында ғана осындай технология қолданылады. Сондықтан алда осындай алқап көлемін кем дегенде 30 пайызға жеткізу міндеті тұр. «Бұл орайдағы жұмыстарды істемесек маусым-шілде айларында су жетпей қалады. Істесек, су бәріне жетеді. Сондай технологияны енгізуге ынталы болып отырған компаниялармен бірлесе отырып бұл жұмысты міндетті түрде атқармасақ болмайды» деген Нұржан Молдиярұлы жиналғандардың назарын мәселенің өзектілігіне тағы бір аударды.

Талқылау барысында шаруалардың себетін дақылдарын бөлінген су мөлшеріне қарай айқындауы тиістігі де атап айтылды. Бұл үшін шаруа қожалықтары алдағы уақытта «Қазсушар» мекемелерімен арнайы келісімшартқа отырулары тиіс. «Мына дақыл қазір қымбат бағаланады, сондықтан осыны ғана себемін» деп су аз баратын алқапқа ылғалды мол қажет ететін дақылдарды себуге болмайды. Ауыл мен аудан әкімдері, ауылшаруашылығы басқармалары жұмыстарын осы бағытта да үйлестіріп отырулары тиіс.

Министр Н. Нұржігітовтің жұмыс сапары барысында осындай өзекті мәселелер қозғалып, тиісті шешімдер қабылданды.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

Сурет: Д. ЕРОФЕЕВ