МАҒЖАН СЕНГЕН ЖАСТАР – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Уақыты: 16.02.2024
Оқылды: 426
Бөлім: МІНБЕР

Бұл тақырыпқа қалам тартқанда әуелі ойға бірден «Мен жастарға сенемін» деген жалынды да отты Мағжан ақынның өлеңі еске түсетіні рас. Себебі, мағжан сенген жастардың қуаты мен жігеріне келешекте сенетіндей бізге.

Себебі, жастар – қай кезде, қай қоғамда болмасын қоғам дамуы үші аса белсенді буын екені даусыз. «Локомотив» деген әлгі бір теңеуді тап осы жерде қолдансақ та еш асырып айтқанымыз болмас. Бейне моржасынан будақ-будақ түтін шұбап, ұзыннан-ұзақ қазақ даласының о шеті мен бұ шетін дүрсілдете жалған бара жатқан локомотив елестейді көзімізге.

  Сондықтан да ата-бабамыз «Ақыл жаста, асыл таста» деп кестелеп,  жастардың бойындағы буырқанған қуатты күшті бағалап, адамгершілік тұрғыда өсіп-өркендеуіне үлкен мән-мағына берген. Бүгінгі таңда тәуелсіз елде шыр етіп өмірге келіп, егемен елдің ақ таңында оянған жастардың жасампаздық рухы да біз сөз еткендей одан әрі тасқындай түсуі тиіс.

Әрине, бұл жерде мемлекетіміздің жастар саясатындағы ұстанған дұрыс бағытының жемісін де атап өтуге болады. Басқасын айтпағанда, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құрудағы жастарға артқан үмітінің өзі қандай сенімді білдіретін ойлап көріңіз.

Сосын да жас кадырларды жинақтау, мықты мамандарды іріктеу мақсатында «кадрлық резерв» таңдауын жасады. Бүгінде қаншама жастың бұл бәсекеде бағы мен бабы қатар шауып, биік мінбеге биік талап, өткір зейінімен шыққаны да сіз бен біз көрген көрініс емес пе?!

Жастарды ынталандыру, жан-жақты толықтырып-толыстыру, үздіксіз өресін өсіру мақсатында еліміз ерте бастан «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асырса, кейіннен әр қазақтың қара шаңырағындай болған ауылды дамыту үшін жастарға арнап «Дипломмен ауылға» бағдарламасын барлыққа әкелді емес пе? Соның арқасында қазақтың алтын бесігі – ауылдық жерлерде жаңашылдықтың, ғылым-білімнің шырағы қайта жана бастады деуге болады.

Қазір тіпті, әр түрлі сала бойынша ауылған жұмыс ауыстырып барған мамандарға төленетін сыйақылардың көлемі де әжептәуір артып келеді. Бұл өз кезегінде білім-білігі толысқан жас маман үшін үлкен мүмкіндік болып отыр.

Мәселен, күні кеше ғана медицина қызметкерлері ауылды жерге барып қызмет еткен жағдайда 10 миллион теңге көлеміндегі ынталандыру мақсатындағы қаражат берілетіні айтылды. Ал аудандық жерге барған жағдайда бұл көмек 5000000 теңге болатыны да сол ақпаратта сүйіншіленудей сүйіншіленді. Демек, дарыны мен қарымы қатар ұштасқан жасқа мүмкіндік көп деген сөз.

«Мүмкіндік» демекші, жалпы жас ұрпақтың осындай сыйға лайық іскер азамат, толымды-толысқан кадр болып өсуі үшін не керек дейсіз бе. Әрине, «Отан – отбасынан басталатынын» деген жалғыз өсиеттің өзі оның ең жақсы жауабы болса керек.

Яғни, ата-ана тәрбиесімен ізгілікті бойға дарытып, мектеп қабырғасында рухани және дәстүрлі құндылықтарды  сіңіріп өскен бала осал болмайтыны тағы шындық. Ал жоғары оқу орынында өзін-өзі дамытуына бар жағдай жасау – жастардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды іс. Ал қоғамның әрбір азаматы өз жұмысын еліміздің дамуына апарар маңызды даңғыл жол деп білсе, біз зайырлы мемлекет ретінде көздеген мақсатымызға бұдан да ерте жетер едік.

Әйгілі американдық саясаткер Уинстон Черчильдің мынадай бір ұстанымы бар: «Саясаттың да серті бар» дейді бір түйіп. «Оның біріншісі – кешікпеу, екіншісі – асықпау. Қоғам мүддесіне игілігін тигізер істің шешімін қабылдауда кешікпеу керек. Ал, ұлт үшін келіп-кетері жоқ, пайдасыз істе шешім қабылдауға асықпау керек. Мейлінше сөзбұйдаға салып, созбақтата беру керек» деп тарқатады тоғыздыққа тиер тосын ойын.

Ал бұл тұрғыда біздің қоғамның таңдаған тәсілі қандай болды десеңіз, оған да жауап дайын секілді. Біздіңше қазақтың дәргейіндегі уақыт таразы болашақты жастарға табыстау арқылы «кешікпеу» тәсілін алдыңғы орынға қойды деп білеміз.

         Бүгінгі таңда жастардың жаппай кәсіпкерлікке бет бұруын байқап жүрміз. Тіпті, мектеп қабырғасындағы балалар да жатса тұрса кәсіп жайлы ойлайтындай күйде жүретіндей. Ара-арасында өз іні-қарындастарымыздың әңгімелеріне де бір уақыт құлақ түретініміз рас қой. Олар қай бағытта, қай деңгейде дамып жатқанын байқап-бақылау үшін де. Сонда ұғатынымыз – қазіргі жастар бизнестің өзін жастайдан бойға сіңуі тиіс салалық білім ретінде қарап, одан қорқудың орнына онымен достасқысы келетіндей қалыпта жүргендей көрінеді.

 Бұл, әлбетте, көңіл қуантарлық жағдай. Себебі, шағын және орта бизнестің мемлекет үшін орасан пайдасы бар екенін білеміз. Қай елдің экономикасы қуатты деген сұраққа, даңықты деген экономистің өзі шағын және орта бизнесі дамыған елдің экономикасы қуатты деп айтатынын талай естідік.

Әсіресе, 2009 жылдардағы жалпақ әлемге өз «салқынын» тигізіп, біраз елдің қуатты деген экономикасын шайқап тастаған дағдарысты әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Осы тұста аталған бизнес түрін дұрыс жолға қойған көрші Қытай экономикасы көп зардап шеге қойған жоқ. Оны сарапшылар да сол тұста тәуір талғажау етті өз сөздерінде.

Дәл осындай маңызды факторды ескерген біздің билік кәсіпкерлікті дамытудың шағын да тиянақты, оңтайлы әдістерін жастарға ұсынып келеді. Қала да, мейлі ауылда болсын өріс ашам деген жасқа ең кемі қағаз жүзінде десек те түрлі тиімді жобаларды ұсынып келеді. Өкінішке қарай, «қағаз жүзінде болса да» деп тәпсірлегеніміздей бүгінгі күні барлық салаға дендей жайылған бюракратия уыты батпандап кіріп алып, мысқылдап шығадының кері болып тұр. «Бұл енді басқа әңгіме» дейтін қашанғы қалыппен біз де әуелгі тақырыпқа қайта ораламыз.

«Кәсібі – нәсібі» деген қазақтың жастардан күткені де тыңнан түрен салатын, техника тетігін тегерішінде ұстаған жаңашыл һам талапшыл ұрпақты көргісі келетіні анық. Сол арқылы жастардың әлеуеті артып, тұрмыстық жағдайы жақсарса, жұмыла жұдырық болатын жастар қоғамды алға сүйрейтін алып күшке айналары сөзсіз.

Осындайда тоқсан ауыз сөздің түйінін «Жастарға сенім арту керек!» деген сөзге қатысты оймен түйіндегіміз келеді. Осы бір ұранға бергісіз байлам-бәтуә қоғамда шешуші құндылық ретінде өз құндылығын лайым жоғалтпаса дейсің. Сонда ғана сөз басында тілге тиек еткеніміздей Алаштың аймаңдай, арда ақыны Мағжан Жұмабаев айтқан «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» әмсе қуатты жас ел жыртығын жамап, кетігіне берік кірпіш болып қаланары сөзсіз.

 

Қ. ӘБДІҒАПАР

Фото: inbusiness.kz-тен алынды