Өмірді сақтандыру: мәні мен маңызы

Уақыты: 21.05.2023
Оқылды: 464
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Өркениеті өркендеген Америка мен дамудың даңғыл жолына түскен Еуропада өмірді сақтандыру отбасы шығындарының міндетті бөлігі саналады. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай «мәдениет» түрі әлі қалыптаса қойған жоқ. Біздегі қарапайым тұрғындар күнделікті күйбең-тірліктің қамын күйттеп, жеке өмірін сақтандыру жайлы ойлана бермейді. «Сананы тұрмыс билейді» дегендей, көбіне бүгінгі күннің қам-қарекетін жасауға көңіл бөледі. Содан да болар соңғы уақытта сақтандыру компаниялары тарапынан ақпараттық-түсіндіру, насихаттау жұмыстары жанданып келеді.

Қазіргі күні елімізде өмірді сақтандыру саласында 9 компания қызмет түрін ұсынады. Жалпы, өмірді сақтандыру жүйесінің негізгі мәні – клиент пен оның жақындарын шарттың кез келген мерзімінде күтпеген жағдайлардан материалдық тұрғыда қорғау. Өмір болған соң неше түрлі жағдай болады. Жазатайым оқиға болып, науқас адам жұмыс істеуге қауқарсыз болып қалуы да мүмкін.

Бұл өз кезегінде отбасы бюджетіне айтарлықтай соққы боп тиетіні жасырын емес. Әдетте төтенше жағдай салдарынан немесе асыраушысы қайтыс болған кезде отбасы қиын жағдайға тап болып жатады. Міне, осындай жағдайларды болдырмау және оның алдын алу үшін азаматтарға өмірін сақтандыру жайлы ойланған абзал. Ұзақ мерзімді жинақтау процесін клиенттің болашақ 10-20 жылдық өміріне құйылған инвестиция деп санауға болады.

Алайда, алған ақшасына өмірін сақтандыруды емес, тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуді құп көретін қазақстандықтар да жетерлік. Адам өмірін сақтандыру деген түсініктің болмауы тұрмыстық деңгейдің төмендігімен де байланысты. Бұл саланың дамуы көбінесе ел экономикасына, адамдардың әл-ауқаты мен сақтандыру мәдениетіне тікелей қатысты. Өмірді сақтандырудың ұзақ мерзімді жинақтаушы шартын жасауға көп жағдайда табысы жоғары қазақстандықтар келісім береді.

Ал, қаржысын сақтандыру қорына құюға ниетті клиенттерге психологиялық факторлар, сақтандыру мәдениетінің болмауы, сондай-ақ табысындағы едәуір айырмашылықтар кедергі келтіреді.  Өмірді сақтандыру бірінші кезектегі мұқтаждық болмағаннан кейін, алдымен базалық қажеттіліктер өтеледі. Олар: тамақтану, тұрғын үй, автокөлік, медицина, білім беру, несие, киім-кешек және т.б. Бұл қызмет түрінің танымал болмауының бір себебі – мемлекет тарапынан міндетті қызмет түріне жатпауы. Егер де міндеттелген болса осы уақыт аралығында халықтың 70-80 пайызы сақтандырылатын еді.

Талайымызға тажал боп тиген Ковид-19 адам өмірі мен денсаулығы бәрінен қымбат екенін ұғындырып кетті. Бірақ соған қарамастан да адамдар жеке өмірін сақтандыруға асығар емес.

17 жылдан астам уақытта Қазақстан нарығында жүрген, өмірді сақтандыру бойынша көшбасшы саналатын «Халық Life» АҚ басқарма төрайымы Жанар Жұбаниязова БАҚ-қа берген сұхбаттарында өмірді сақтандырудың тиімділігі мен маңыздылығы туралы жиі айтады. Оның сөзінше, Қазақстандықтар тарапынан өз өмірін сақтандыруға деген қызығушылық аз. Халықтың тек 10 пайызға жуығы өмірін қауіп-қатерден, кез келген келеңсіз оқиғалардан сақтандырған.

Мұның себебін «біздің елде адам өмірін сақтандыру міндетті қызметке жатпайды» деп түсіндіреді. Яғни, бұл қызмет түрі ерікті негізде орындалады. Ал шетелде бұл міндетті шара ретінде жүзеге асады, сондай-ақ заң жүзінде қадағаланады.

«Халық-Life» өмірді сақтандыру компаниялары арасында сақтандыру төлемдерінің көлемі, сондай-ақ активтердің, резервтерінің мөлшері мен капиталы бойынша топ басында. Осы жылы да нарықтағы үлесін 36%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Ең үлкен клиенттік база да осы компанияда. Бұл өз кезегінде халық тарапынан аталған компанияға деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Халықаралық рейтингтік агенттіктің қаржылық тұрақтылық бойынша «B+» деңгейіндегі рейтингісіне, сондай-ақ барлық қазақстандық компаниялар арасында өмірді сақтандыру бойынша «bbb-» деңгейіндегі ең жоғарғы кредиттік рейтингке ие.

2021 жылы қаржы саласындағы ең танымал World Economic Magazine Awards тағайындайтын жаһандық сыйлығында «Best Life Insurance Company Kazakhstan 2021» яғни, «Қазақстанның өмірді сақтандыру бойынша 2021 жылғы үздік компаниясы» номинациясына ие болды. Өткен жылдың соңында «Халық-Life» өмірді сақтандыру компаниясындағы клиентер саны 1,4 млн-ға жуықтаған. Осы жылы да қазақстандық және жақын шетелдердің сақтандыру нарығында көшбасшы болуға ниетті.

Компания сондай-ақ білім беру саласына да ерекше көңіл бөледі. Нарықта алғаш боп шығарған «Bilim-Life» атты жаңа сақтандыру өнімі соның дәлелі. Бұл – өмірді сақтандыру бағытына енді бет бұра бастаған қазақстандықтар үшін бірегей өнім. Оның халыққа қолжетімді болуын сақтандыру саласындағы нағыз серпіліс деуге болады.

Өйткені, осы күнге дейін елімізде бірде-бір сақтандыру бағдарламасына мемлекет тарапынан сыйақы берілмеген. «Bilim-Life» арқылы Қазақстанның кез келген азаматы өз баласын еліміздің, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердің жоғарғы оқу орындарында оқытуға, қажетті соманы жинақтауға мүмкіндік алады. Бұл бағдарлама арқасында жинақтау сомасына 5% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы ала аласыз. Ал көпбалалы ата-аналар жылдық 7%-бен қаражат жинақтай алады. Сақтандыру жарналарының мөлшері айына ең аз дегенде 3 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК-тен) басталады және оның мөлшеріне шектеу жоқ.

Одан бөлек, компанияның «Амулет-Life», «Тұмар-Life», «Life-Қорғау» сынды өмірді сақтандырудың қысқа мерзімді бағдарламалары, сондай-ақ «Халық-Қазына», «Life-Инвест», «LIFE-Персона», «Бәйтерек», «Болашақ», сияқты ұзақ мерзімді жинақтаушы бағдарламалары бар. Егер жинағыңызды АҚШ долларымен сақтағыңыз келсе, «Халық-Қазына» бағдарламасына өтінім берсеңіз болады. Бұл өнім бойынша АҚШ долларымен жылдық 3,52% дейінгі инвестициялық табысқа қол жеткізе аласыз.

Еске сала кетейік, «Халық-Life» АҚ Компаниясы өмірді сақтандыру компаниялары арасында нарықта бірінші болып IOS және Android базасында мобильдік қосымша шығарды. Оның арқасында компанияның клиенттері әлемнің түкпір-түкпірінен 24/7 режимде өз сақтандыру шарттарын қадағалап, жарналарын да төлей алады, сондай-ақ басқа да қызметтерді орындауға мүмкіндіктері бар.

Бүгінгі күні ақша жинақтаушы құрал дегенде ойымызға алдымен «депозиттер» оралады. Алайда, депозиттердің мөлшерлемесі төмендеп бара жатса, өмірді сақтандыру өнімдеріне қаржы құюға болатынын жалпақ жұрт біле бермейді. Бұл да ақпараттандыру бағытында аса мән беретін жағдай. Тағы бір мысал – материалдық шығынға ұшырағандар алдымен несие алуға құмар.

Егер де сақтандыру полисіңіз бар болса, оны несие алғанда кепіл ретінде пайдалануға болады. Сіздің жеке ақпаратыңыз заң аясында қорғалған, яғни Азаматтық кодекске сай жария етілмейді. Құқықтық дау туындай қалған жағдайда үшінші тарап оны талап ете алмайды. Есіңізде болсын: сақтандыру сомасы тәркілеуге және декларациялауға жатпайды.

 Қорыта келе, өмірді сақтандыру – отбасыңыз үшін қаржылық қауіпсіздік пен сенімділікті, материалдық қолдауды қамтамасыз ететін маңызды тірек. Өмірді сақтандыруға бей-жай қарамаңыз!

 

 

Фото: көрнекілікке алынды

 Айжан ТУГАНБАЕВА

«Жетісу» телеарнасы