ЕКІ ЕСІРТКІ САТУШЫ ОН ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Уақыты: 29.05.2023
Оқылды: 789
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда екі есірткі сатушыны 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

«Күдіктілерді ұстау Талдықорған аумағында есірткі сату орындарын анықтауға бағытталған арнайы іс-шаралар барысында жүргізілді. Екеуі де гашишті сату кезінде ұсталды. Жиналған дәлелдерді ескере отырып, екеуі де сот тарапынан 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, яғни адамдар тобында есірткі заттарын өткізу», – деді облыс ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Жетісу облысы ПД Баспасөз қызметіің мәліметінше, жыл басынан бері өңірдің полицейлері есірткі қылмысына қатысы бар 20-ға жуық күдіктіні ұстады. Олардың арасында «синтетика», гашиш және марихуана сатушылары бар. 10 адам есірткіні аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан 30 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленген.

Фото: ашық дереккөзден