Жүргізушілер назарына! 1 желтоқсаннан бастап көлік иелеріне не себепті айыппұл салынатыны айтылды

Уақыты: 29.11.2023
Оқылды: 709
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қыстың айының алғашқы күні Темір тұлпар дөңгелегін қысқа дайындамаған жүргізушілер 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Бұл көрсеткіш биылғы жылдың соңына дейін сақталып, 2024 жылдың алғашқы күнінде салық саны артады.

Бұндай ақпаратты Жетісу облысы ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Диас Айнақұлов Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде өткен брифинг барысында баяндады.

Спикердің айтуынша, желтоқсан айында жазғы дөңгелекпен жүрген көлік иелері 17 250 теңге айыппұл төлесе, қаражат саны жаңа жылдан бастап 18 460 теңгеге ұлғаймақ.

«Автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын кешенді зерттеу аясында полиция департаменті әкімдікпен бірлесіп, жол және коммуналдық шаруашылық ұйымдарының қысқы кезеңде көлік жолдарын күтіп ұстау дайындығына комиссиялық тексеру жүргізілуде. Тексеру кезінде арнайы жол техникасының жай-күйіне және инертті (тайғаққа қарсы) материалдың болуына баса назар аударылады», - деді спикер.

Өткен қыс мезгіліндегі деректерге сүйенсек, облыста жазғы дөңгелекпен жүру бойынша 500-ден астам құқық бұзушылық тіркелген. Оның 30-ы жол-көлік оқиғасына әкеп соқты.

«Қазіргі уақытта қысқы жолдарды күтіп ұстауға 436 техника, 17669 тонна құм және 1505 тонна тұз бөлінген. Облыстық полиция департаменті қыс мезгілінің басталуына байланысты жолдарда аса сақ болуға әрі белгіленген жылдамдықты қатаң сақтауға шақырады. Жол мен метрологиялық жағдайларды ескере отырып, қауіпсіз арақашықтық пен жанама аралықты сақтауды ұсынады. Алыс сапарға шықпас бұрын көлігіңіздің техникалық жағдайына және жазғы дөңгелектердің қысқыға  ауысуына баса назар аударуыңыз қажет», - деп түйіндеді сөзін Диас Айнақұлов.

Фото: baq.kz-тен көрнекілікке алынды