КӨЛІК ТІЗГІНДЕГЕН КӨКӨРІМ. ТЫЙЫМ САЛАТЫН ЗАҢ БАР МА?

Уақыты: 14.04.2024
Оқылды: 266
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Көктем шығып, күн жылынғалы жауыннан кейін шыққан саңырауқұлақтай мопед тізгіндегендердің қарасы көбейіп келеді. Осының салдарынан облыста мемлекеттік нөмір алмайтын жеңіл көліктердің жол-көлік оқиғасы жиілеп барады. Әркім күнделікті күнкөріс қамымен, кәсібінің нәсібін табу үшін жүргені түсінікті. Бірақ, шетелден заңсыз көлік кіргізгендер мен кәмелетке толмаған балалардың қос дөңгелекті «тұлпарды» жүргізу талабы бір ізге қойылмай тұр.


ЗАҢСЫЗ КӨЛІК ТАСЫМАЛЫНА ТОСҚАУЫЛ КЕРЕК

Қазақ қазір малды да мопедпен бағады. Шыны керек, кейбір ауылда атқа отырып, мал баққан адам көрмейсің. Техниканың дамыған заманында қалтасы қалыңдар джипке отырып, қарапайым халық мопед тізгіндеп-ақ қой қайырып жүр. Бірақ, ауылдағы мопедтердің көбі тіркеуге тұрмаған, заңсыз әкелінген көлік болып шығуда. Арнайы тіркеуге тұрмай-ақ мопед, квадроцикл міне беруге болатындықтан олардың ел, облыс, қала, аудан бойынша да нақты есебі жоқ. Оның үстіне шет елден арзан бағамен тапсырыс арқылы алдыратындар тіптен артқан. 

– Өкінішке қарай, соңғы кезде жоғарыда аталған көліктердің қатысуымен болатын апаттар жиілеп кетті. Өткен аптада Талдықорғанда мопед мінген азамат жол-көлік оқиғасына түсті. Мұндай оқиға Көксу ауданында да жиілеп кетті. Себебі, сенбі, жексенбі күндері Көксу ауданы Теректі ауылындағы мал базарына баратындар көп. Қытайдан бөлшек ретінде кіргізіп алғандықтан құрастырма көліктердің бірде-біреуінде құжат жоқ. Қанша түсіндірме жұмыстарын жүргізсек те тіркеуге алар емес. Сондықтан өзекті мәселенің алдын алу үшін жиі аудандарға шығып та, айыппұл салып та жатырмыз. Бірақ, заңсыз көлік тасымалы азаяр емес, – дейді полиция департаменті қызметкері Саят Сайлаубайұлы. 

Жыл басынан бері облыста автокөліктердің қатысуымен 2 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам түрлі дене жарақаттарын алған. 50 кубқа дейінгі көлікке құжат керек болмаған соң полиция басқармасы қалада қанша мопед барын білмейтінін айтады. Жол апаты азайсын десек 50 кубқа жетпейтін көліктерді де заңдастыруымыз керек шығар. Себебі, баратын жеріне тез жету үшін автомобиль жолдарын пайдаланады. Ол үлкен апатқа әкеліп соқтыруда. 

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыста 71, былтыр 238 мото көлігі тіркелген. Тіркеуде тұрмаған автокөліктер қаншама?!

МОПЕД «МОДА» ЕМЕС, БАЛАҚАЙ!

Әлеуметтік желіні ашып қалсаң скутер, мопед, самокат сияқты көліктердің қатысуымен жол апаты болды дейтін жаңалықтар желдей еседі. «Қос аяқтыны» тізгіндеп, жол апатына түскендердің көбі кәмелетке толмағандар. Ең сорақысы, қазір оқушылар арасында мопед, скутер алу сәнге айналып барады. Қанша жан- түршігерлік оқиға орын алса да ата-аналар елдің баласынан қаламыз ба деп балаларына аталмыш көлікті сатып әперуде. 

Полиция департаменті қызметкерлері 50 куб мотокөліктерге куәлік керек емес дегенді естіп алған ата-аналар балаларына мопедті велосипед алғандай сатып алып жатқанын айтуда. Ата-анасының көліктен хабары жоқ болған соң балалар 50 куб деп үйдегілерін алдап, жүргізуші көлігін талап ететін 150 кубтық мотокөлікті алуда. Салдарынан көлік апаты мен өлім-жітім көбеюде. Сонда бала өміріне кім жауапты?! Баласының алдағанына сенген ата-ана ма, алдаған бала ма, қалада қанша мопед барын білмейтін полиция қызметкерлері ме?

Қоғамдағы өзекті мәселе бойынша такси жүргізулері де наразылық білдіруде.

 – Күнделікті бала-шағасының нәпақасы үшін мопед, скутер алып қызмет істеп жүргендер жетіп артылады. Қазір ақша табу оңай емес. Біз оны жақсы түсінеміз. Бірақ, мопед жүргізушілері жетер жеріне асығып, уақыт қысқартамын деп қос дөңгелекті көлігін құйын соққандай жүргізеді. Жол ережесін сақтаған былай тұрсын, бағдаршамға да қарамайтындар бар. Ең сорақысы, жол-көлік ережесін бұзатындардың көбі кәмелетке толмаған балалар. 150 кубтық мотокөлік үстінде қаршадай баланың отырғанын көргенде, бірдеңеге ұрынып қалмаса екен деп жанымызды шүберекке түйеміз, – дейді көлік жүргізушісі Жарбол Қойлыбаев.

Рас, кешкілік «Қаратал» саяжайына, «Атамекен» сауда үйінің маңына мопедтерімен топ болып жиналған балаларды көресіз. Бір адам болса мейлі ғой. Арнайы киімсіз, қос-қостан мінгесіп жүрген шынашақтай балалар. «50 кубқа куәлік керек емес» дейді заң. Бірақ, жол ережесін сақтап заңға бағынатын бала бар ма?!

Ешқандай мемлекеттік нөмірі жоқ көліктің автомобиль жолына шығуға қандай құқы бар? Ақыры үлкен жолда жүреді екен,  бәлкім, 50 кубтық деп бөлмей мопед атаулының бәрін тіркеуге алғанымыз дұрыс шығар. Себебі, адам өмірі, бала өмірі – біздің басты құндылығымыз. 

Полиция департаментінің қызметкерлері өршіп тұрған мәселе қатаң қадағалауда екенін жеткізіп, «Мотоцикл» жедел іс-шарасын қолға алғанын айтты. Егер кәмелетке толмаған бала ереже бұзса, ата-анасына айыппұл салынады. Сондықтан полицейлер аналарды балаларына мотоцикл, мопед және скутер сатып алудан аулақ болуға шақырады.

Айдар ҚАЛИЕВ