НАСЫБАЙ АТҚАН – АҚЫМАҚ

Уақыты: 13.04.2024
Оқылды: 359
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Насыбай деген жапырақ, атпаған оны ақымақ» деген шумақтар есіңізде ме? Ересектер осылай деуші еді ғой. Қазір осы өлең жолдары ескіліктің бір пұшпағы болып қалды. Тап қазір емес, 2015 жылдан бері солай болуы тиіс еді. Бірақ, Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қ. ТОҚАЕВ насыбай турасында сөз еткеннен кейін дейікші. Содан бері еліміздің түкпір-түкпірінде насыбай өндірген де, сатқан да, атқан да тұтылып жатыр. Бірақ, 2015 жылдан бері солай болуы тиіс еді...


Қадыр Мырза Әлінің «Қазақ осы» деген өлеңі бар еді ғой. Қазақтың талай дүлдүлі нақышына келтіріп шырқап жүр қазір. Сол өлеңде «Қазақ осы – өзімсінген адамға, насыбайға бола өкпелеп қалатын» деген жолдары бар емес пе? Биылғы Құрылтайдан кейін өзімсінбек түгілі жақыным деп білген адамға насыбайға бола өкпелей қоймайды. Себебі, тап сол жиында Мемлекет басшысы: «Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. 

...Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллект қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара?! Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік», – деген еді. Ал, жоғарыда айтқанымыздай, елімізде 2015 жылдан бері насыбай өндіру, әкелу мен оны сатуға заңмен тыйым салынған. Соған қарамастан, ел Президенті сөз еткенше ешкім насыбайдың «аяғына» құрық сала алмады. Базарда ашық сатылды. Жұрт именбей еркін тұтынды. 

Президент сөзінен кейін ҚР Ішкі істер министрлігі ұялды ма, әлде Мемлекет басшысының сөзін осы уақытқа дейін тосып жүрді ме, ол жағы белгісіз, 18-31 наурыз аралығында «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында «Насыбай» жедел профилактикалық іс-шарасы қолға алынды.

Құқық қорғаушылардың сөзіне сенсек, насыбайды сату былай тұрсын, оны қоғамдық орындарда да тұтынуға болмайды. Яғни, тыйым салынған. Мәселен, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, түнгі клуб, пойыз, ұшақ, әуежай, вокзал мен аялдамаларда насыбайды пайдалануға болмайды. Сонымен қатар, балалар алаңы мен кәмелетке толмаған балалардың көзінше тұтынуға да тыйым салынған. 2015 жылғы заңға сәйкес, алда-жалда қоғамдық орында тұтынған адам болса, оған 15 АЕК-ке, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
Қазір тәртіп сақшылары жедел профилактикалық іс-шара аясында ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқаулығымен насыбай атып құқық бұзғандарды үш жолмен анықтаған. Әуелгісі – тәртіп сақшылары өз мүмкіндіктерін пайдалану арқылы. Бұл ретте құқық қорғаушылар бейнежазба камераларының көмегіне де жүгінген. Екіншісінде мемлекеттік және жергілікті атқару органдардың ақпараттық көмегіне жүгінген. Үшінші жол – жеке тұлғалар мен БАҚ материалдары арқылы анықтау. 

Жетісу өңірінде де аталмыш іс-шара басталысымен базар ішінде жайма-шуақ сатылып келген насыбайды сатушылар сап тыйылды. Себебі, шараның қызу өтуін 221 құқық қорғаушы қамтамасыз еткен еді. Осы полиция қызметкерлерінің анықтауы бойынша, облыс аумағында шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың 4 жағдайы тіркелді. Нәтижесінде бас-аяғы 92 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

 – «Насыбай» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында тіркелген әкімшілік құқықбұзушылықты тарқатар болсақ, тауарларды немесе заңсыз сату бойынша 45, белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды тұтыну бойынша 37, көлік құралдарында кәмелетке толмаған адамдар бар кезде темекі бұйымдарын қолдану бойынша 5, темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды сату бойынша 5 жағдай анықталды. Осы ретте насыбайды өндіру, сату және қоғамдық орында тұтыну жағдайларын болдырмас үшін жұмысты күшейте түсеміз, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қайсар Мұхметов.

Қазір базарда, дүкендерде насыбай сату бәсеңдеген. Тіптен жойылып кетті дей алмаймыз. Жергілікті тәртіп сақшылар насыбай саудасы мен тұтыну жағдайларын азайтуға белді бекем буып отыр. Осы жайлардан соң тұрғындар да «Насыбай деген жапырақ, атқан оны ақымақ» деп әндететін түрі бар.

Дастанбек САДЫҚ