АБАЙ ЛАЙЫҚ! ЖЕТІСУДА АҚЫЛ-ОЙДЫҢ АЛЫБЫНА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 21.03.2023
Оқылды: 3284
Бөлім: ТҮПСАНА

Осыған дейін «Абайлайық» деп һакімге арнап ескерткіш қоюды көтерген жұрт бүгін «Абай лайық!» деп шынайы қуаныштан толқып тұр. Тура Жетісу облысы орталығы Талдықорғанда. Еңселі ескерткіш көрікті шаһарға кіреберістегі сәулеті жарасқан «сырбаз» театрдың алдында салтанат құрды.

Қаранөпір адам жиналған шараға облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ өзі қатысып, Ұлыстың ұлы күнімен қатар істеліп жатқан игі істі адамзаттың алыбына жасалған құрмет пен тағзым деп білетінін жеткізді.

– Бүгін Жетісудың төрінде, Талдықорған қаласында қазақтың ұлы ақыны, һакім Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші ашылып отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын, ардақты ағайын! Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа келген сапарында Жетісу жерінде Абай ескерткішін орнатудың орындылығына назар аударып, осы іске қозғау салған болатын. Зиялы қауымның бастамасымен, халықтың қолдауымен ақынның қола мүсіні бүгін Ұлыстың ұлы күнінде тұғырына қонды, – деді өңір басшысы.

Бұдан әрі алып мүсіннің дәл осы қаланың қақ маңдайындағы театрдың алдына қойылу себебін атап өтті.  

– Қалалық қоғамдық кеңестің шешімімен ескерткіштің Бикен Римова атындағы драма театрының алдына қойылуы өнер ордасының рухын одан сайын биіктете түсті. Абайдың сөзімен айтсақ, «Мал жұтайды, өнер жұтамайды», – деп түсіндірді.

Өнер, шын мәнінде, жұтамағанын Абай өзі тағы "дәлелдеді". Ойлы да терең, ашық та тұңғиық, қату да мейірбан Ибраһим енді жетісулықтардың "ортасында". 

Бейбіт Исабаевтың бұл мәселеге мән бере тоқталуының да өз алабөтен себебі бар-ды. Дәлірек айтқанда, осыған дейін дала феноменіне ескерткіш қою мәселесі дәл Талдықорғанда қанша рет талқыланса, сонымен кіндіктес өрбитін даулы пікірдің бірі де – ақын мүсінінің «табан» тірейтін нүктесі болатын. Тіпті, біраз адамның театрдың алдына қойылуына қарсы уәж айтқан кезі де болған.

Міне, аталған мәселеге «Өнер ордасының рухын одан сайын биіктете түсті» деген сөз жағымды «адвокат» болғандай. Жалпақ жұрт мақұлдасты. Жиналған халықтың толқып тұрып айтқан сөзімен тәпсірлегенде – Абай лайық!

Өзі де руханиятқа жақын әкім атақты Құнанбайұлының далалық ғұламалардың заңды ізіндей даналық феномен екенін жеткізді. Әрі  халықпен бірге жасайтын ақынға бірегей өнер туындысын «сыйлаған»  ескерткіш авторларын да назардан тыс қалдырмады:

 Абай қазақпен бірге жасайды. Оның шығармалары бүгінгі қоғамға ғана емес, келешек ұрпаққа да рухани нәр беріп, терең тағылымын танытатыны анық. Біз осы ескерткіштің идеясын ұсынған авторларының бірі, белгілі сәулетші марқұм Ақмырза Рүстембековті бүгін терең ризашылықпен еске алып, оның рухының алдында бас иеміз. Сол сияқты осы мерекелік шараға арнайы қатысып отырған, мүсінші Мейірлан Әзмағанбетовке көпшіліктің атынан алғысымды білдіремін. Бүгіннен бастап Жетісу төрінде де Ұлы ақынның ескерткіші бар деп мақтанышпен айта аламыз. Бұл жай ғана ескерткіш емес, Абай рухының Жетісу өлкесінде жаңаша жаңғыруы деп білемін. Осы алаң жетісулық әрбір саналы азаматтың, жас ұрпақтың тәу етер киелі орнына айналарына сенімім мол, – деді ол.

 

 Аталған шарада Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп те сөз алып, жетісулықтарды ескерткіштің ашылуымен құттықтады: 

Бүгін Жетісудың төрінде үлкен тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Абай «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі бос», - деп бекер айтқан жоқ. Бұл сөз осы 21-ғасырдың иығында тұрған біздің әрқайсымыздың санамызда жатталып тұруы керек. Абайдың жолы – әділеттің жолы, ар-намыстың жолы, ақиқаттың жолы, қанағаттың жолы, береке-бірліктің жолы. Абайдың жолынан айнымай, Абайдың аманатына адал болайық, - деді Нұртөре Жүсіп өз сөзінде. 

Қозыбай ҚҰРМАН,
Талдықорған қаласы
Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ