САҒАТБЕК МЕДЕУБЕКҰЛЫ: "ҰСТАЗ, ШӘКІРТ ҰҒЫМДАРЫНА САҚТЫҚПЕН ҚАРАЙМЫН"

Уақыты: 15.11.2021
Оқылды: 3811
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ журналистикасының қара нарына айналған қуатты қаламгер, танымал ғалым, ұстаз Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫНЫҢ есімі Жетісу жұртшылығына кеңінен мәлім. Оның балауса өлеңдері мен мақалалары «Jetіsý» газетінде басылды. Алғашқы кәсіби еңбек жолын осы басылымда корректорлықтан бастап, республикалық «Өнер» баспасында редакторлықпен жалғастырып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылымның қиясына қанат қағып, одан кейінгі жылдары ұлттың үні «Ана тілі» газетінде еңбек еткен. 1997 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде халықаралық журналистика кафедрасында аға оқытушы, доцент, 1999-2001 жылдары осы білім шаңырағының «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы, одан кейінгі екі жылда магис-тратура жетекшісі, М.Сералин атындағы әдеби-шығармашылық бірлестігінің жетекшісі қызметтерін атқарған. Ал 2008 жылдан баспа ісі және редакциялау кафедрасының меңгерушісі болған Сағатбек Медеубекұлы 2014 жылдан биылға дейін журналистика факультетінің деканы болып абыройлы қызмет етіп, пайғамбар жасына толды да зор құрметпен зейнет демалысына шықты. Бүгін Жетісу өлкесіндегі ақындық, әншілік, күйшілік өнердің жоқтаушысына айналған және фольклористика және ауызша әдебиеттану ғылымының дамуына үлес қосқан, замансөздің генезисі мен типологиясына тұңғыш түрен салған дарынды журналист, ғалым-ұстаз Сағатбек Медеубекұлымен арадағы сыр-сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

– Сағатбек аға, пайғамбар жасына толғаныңыз құтты болсын! Қолыңызға қаршадайыңыздан қалам алып, Хан Тәңіріндей қияға қанат қағуыңызға тұғыр болған мектептегі мұғалімдеріңіздің қамқорлығын студент болғанда да сезіне алдыңыз ба?

– Жаңылмасам 7-сыныпта Тұрсынхан Шәлдибекова тәтейіміз берген «Кім боламын?» деген тақырыпқа мен «Журналист боламын» деп жаздым. Содан бастап бүкіл сыныптастар алдында журналист болуға уәде бергендей болып қалдым. Аудандық «Коммунизм нұры», республикалық «Қазақстан пионері» және облыстық «Jetіsý» газеттеріне тырнақалды мақалаларым мен өлеңдерім басыла бастады.

«Журналист болсам» деген сол арманмен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсуге үш рет келдім. Тұрсынхан Шәлдибекова тәтейім өзінің сабағынан тыс уақытта маған арнайы кесте жасап, кейде мектепте, кейде өз үйінде қосымша дәріс берді. Мектептегі ұстаздарымның барлығы да оқуға түсіп кетуіме айырықша тілеулес болған еді. Мектеп директоры Сәрсенғожаев бір күні анамды жолынан бөгеп, «ана күйеуіңе айт, тышқақ лағын сатып, пәре берсе де, Сағатбекті оқуға түсірсін» депті.

Тарих пәнінен емтихан алушылармен келіспей, комиссияның алдында қайта жауап беріп, жоғары бағамен конкурстан өтіп, оқуға түстім. Алматыдан ауылыма кешқұрым жетіп, үйге келгенімде анам сиыр сауып отыр екен. Менің кіріп келе жатқанымды байқап қап, қабағыма үңілді. Сауып отырған сиырын тастай сала: «Не болды, балам, түстің бе?» – деп жауабымды күтіп, үнсіз тұрып қалды.

«Иә» дегенімді естіген бойда қолындағы шелегі түсіп, жанарына жас іркілді. Артынша биесін суғарып аулаға кірген әкеме: «Мына балаң оқуға түсіпті», - десе, әкем мысқылдап: «Өй, оны кім түсіреді екен, пәреге тышқақ лақ та берген жоқпын», - деп өте шықты. Артынша-ақ ол біздің кескін-келбетімізден қуаныштың алауын көрсе керек, қорадан бір қойын сүйрей шығып, құрбандыққа деп алып ұрған еді. Сол күні ауыл менің оқуға түскеніме түгел қуанды.

ҚазМУ-дің қабырғасында жүріп профессор Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов, Әбілфайыз Ыдырысов, Намазалы Омашев, басқа да көптеген ұстаздардың алдынан өттік. Солардың алдында да жүзімнің жарқын болуына мектептегі ұстаздарымның тәлім тәрбиесі мен берген білімі себеп болғаны рас.

– Сөйткен өзіңіз де журналистиканы арман еткен талай студенттің қанатын қатайтып, буынын бекіттіңіз. Сізді ұстаз санайтын шәкірттеріңіз аз емес.

– Мен өз басым «ұстаз» және «шәкірт» деген ұғымға өте сақтықпен қараймын. Олардың мағыналық аясын әркім әртүрлі түсінер. Меніңше «ұстаз» деп тек дәріс оқыған, сабақ берген адамды айтпайды. Олар қатардағы мұғалім немесе оқытушының бірі болуы мүмкін. Ал өзінің еңбек жолындағы жетістіктерімен, сонымен бірге, шын пейілімен, зор ықыласымен сенің келешегіңе жол көрсетіп, үнемі және ұдайы қамқорлық танытқан адамды ұстаз санайсың, қабылдайсың.

Сабақ берген, оқытқан оқушыға немесе студентке өз басым «мынау менің шәкіртім» деп кесіп айтуға жүрексінемін. Өйткені, алдымен ол мені ұстаз тұта ма? Оған ұстаздық пейілімді өткізе алдым ба, ол мені ұстаз ретінде қабылдады ма? Осы сұрақтарға толық жауап тапсам ғана шәкіртім деп айтуға моральдық құқым бар деп санаймын. Сонау 1992 жылдан бері қаншама оқушыға сабақ бердім, студенттерге дәріс оқыдым. «Ұстаз» деп қабылдау әр оқушының я студенттің өз жүрек қалауы. Егер солардың бірі мені «ұстазым» деп қабылдап жатса, еңбегімнің жанғаны деп есептеймін.

– Журналистика факультетінің деканы болған жеті жылда уақыт талабына сай маман даярлау жолында еңбек еттіңіз. Сіз декан болған жылдары атаулы дәрісханалар ашылды, фойелер де қазіргі уақыт талабына сай заманауи техникамен жабдықталды емес пе?

– Иә. Факультет бастамасымен, басшылықтың қолдауымен, демеушілердің көмегімен соңғы жеті жылда соңғы техникамен жабдықталған алты атаулы аудитория, бір студия ашылды.

Атап айтар болсақ, замансөзді оқыту-зерттеудің Сағат Әшімбаев атындағы дәрісханасы, баспасөз қызметі мен қоғаммен байланысты оқыту-зерттеудің Ербол Шаймерденов атындағы дәрісханасы, мерзімді баспасөз тарихы, теориясы мен тәжірибесін оқыту-зерттеудің «Егемен Қазақстан» газеті атындағы дәрісханасы, жаңа медианы оқыту-зерттеудің Жұмабек Кенжалин атындағы дәрісханасы, Ұлттық тележурналистиканы оқыту мен зерттеуге арналған «Қазақстан» ұлттық телеарнасы атындағы дәрісхана, баспа ісі мен БАҚ-ты безендіруді оқыту мен зерттеудің Әбілфайыз Ыдырысов атындағы дәрісханасы және «Дизайн» студиясы оқу бағдарламасына сай пайдаланылуда.

Сөз реті келгенде айта кетейін. Әйгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы да дәрісхана болады алдағы уақытта. Бұларға қосымша бұрын босқа тұрған, керек кезінде жыпырлатып қағазға басылған сабақ кестелері, әлем-жәлем жапсырылған жарнамалар ілінетін фойелерді студенттер мен оқытушылардың тиімді пайдалануына лайықтап қайта безендіріп, заманға сай жабдықтадық та бірін «Адалдық сөресі», екіншісін «Қайырымдылық алаңы» атадық. «Адалдық сөресіне» жаңа шыққан кітап тұсаукесу рәсімі өткеннен кейін салтанатты түрде қойылады.

Студенттер бос уақытында сөреден қызыққан кітабын алып оқиды да қайта орнына қояды. «Өзгелер де оқысын» деген кітабын да осы адалдық сөресіне тапсырады. Бұл фойеде студенттердің бос уақытында демалуына, сабаққа дайындалуына, телефонын немесе ноутбугын қуаттандырып алуына жағдай жасалған. Керегеде тұрған экраннан соңғы ақпараттарды, университет, факультет, әлемдік және отандық БАҚ-тар тарихына, жеке тұлғалар өміріне қатысты бейнебаяндар көрсетіліп тұрады.

– Сағатбек аға, шығармашылығыңыздың өсіп-өркендеуінде талай тілшінің ұстаханасына айналған «Jetіsý» газетінің де орны ерекше болар?

– Бірінші курстан соң екі тілде шығатын Шелек аудандық «Еңбек туы» газетінен өндірістік тәжірибеден өттім. Ол да үлкен мектеп болды. Одан кейін «Jetіsý» газетінде 2-3 жыл қатарынан тәжірибеден өттім. Онда Пернебек Бейсенов, Баймолда Мусин, Жанәбіл Темірбеков, Шекербек Садыханов, Нүкеш Бәдіғұлов, Мұғалімбай Жылқайдаров, Жолдасхан Бозымбеков, Рысбек Сәрсенбаев, Ислам Бейсебаев деген мықты ағалардың өнегелі тағылымы мен жанашырлығын, ағалық қамқорлығын, мейірім шуағын көп көрдім. Бәріне алғысым шексіз.

Ол жылдары жарияланған сын мақалалар жауапсыз қалмайтын. Үшінші курста ғой деймін, «Сүт тапсыру жоспары неге орындалмайды?» деген көлдей мақалам жарияланды. Одан бұрынырақ «Таушелекте клуб бар» деген тағы бір сын мақалам жарық көрген болатын. Ауылға бара қалғанымда алдымнан шыққан ұстазым, Кеген аудандық газетінің қызметкері, ақын Мұса Жанәділов ағам: «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» деген, өткенде де, осы жолы да туған ауданыңды сынға алыпсың. Туған жеріңнің кемшілігін сынайтындар сенсіз де табылады. Ендігіде сен осы өңірдің ел білмейтін деректерін, айтылмай жүрген тарихын, жазылмаған тағдырын жазуға бет бұрсаң, көп қазынаға тап боласың», - деді.

Мұса ағаның осы сөзі үлкен сабақ болды. Содан бастап сынды қойып, әр тасына тарих тұнған туған жердің өткенін, тарихи тұлғаларының тағдырын зерттеуге көштім. Бұл мені ғылымға жетеледі.

– Қарқара ұлт-азаттық көтерілісін және оған арналған Ереуілтөбе ескерткішін зерттеу жолындағы еселі еңбегіңіз ел есінде. «Қарқара» атауының астарын зерделеген ғылыми мақалаңыз кезінде «Ана тілі» газетіне басылған еді.

– Ереуілтөбенің тарихы жайында 1980 жылы «Қазақ әдебиетіне» «Мың сыр тұнған бір төбе» атты көлемді зерттеу мақалам шықты. 1986 жылы «Қарқарадағы көтеріліс» атты тағы бір мақалам жарияланды. Бұл жөнінде ауыл басшыларына да айтып жүретінмін. Содан 1987 жылы Қарқара көтерілісіне белгі қойылды. Бірақ, ол әлгі 1926 жылы Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкіновтер бастап Қазақ драма театрының Серке Қожамқұлов бастаған әртістері қоштап, халық қолдап, Желқарқара жанындағы Айттөбенің үстіне тас үйіп, салтанатты түрде ашылған Ереуілтөбе емес еді. Бұл қазіргі Ереуіл ауылының бас жағындағы қос төбенің біріне қойылған белгі еді. Оған алғаш саясаттан қорыққан коммунистер «Тасүйік» деген атау беріпті. Кейін Өзбекәлі Жәнібеков араласып, Ереуілтөбе деп өзгертілді.

Жалпы, ұлт-азаттық көтерілісте, одан кейінгі жаппай қырғын кезінде сонау Қарақолдан Текеске дейінгі аралықта қаншама адамның сүйегі көмілмей қалды. Сондықтан Қарқараның кез келген жеріне шыбық шаншып, «осы жерде 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс болған» деп жазып қойса артық етпейді, әрине. Бірақ тарихи оқиғаға арнайы үйілген әр тасында тарихи тұлғалардың алақанының жылуы, табанының табы қалған нағыз Ереуілтөбенің құны әлдеқайда салмақты, мәнді де мағыналы. Бұл жөнінде тағы да арнайы сөз қозғаған жөн келешекте.

«Қарқара» деген атаудың не мағына беретінін зерттедім. Оның мағынасы ауқымды. Жер, су атауларында, тұрмыстық заттарда да көптеп кездеседі. Мысалы, Манастың шешесінің аты Қарқара, Ұзақ батырдың бір қызының аты Қарқара. Қазақстанда осы есім берілген біршама әйелдер бар бүгінде. Бұл атау елімізде ғана емес, ең қызығы шетелдерде де қолданыста екен. Айталық, грузиндер құмыраны «қарқара» дейді, әрі оларда Каркарашвили деген фамилиясы бар тарихи тұлғалар кездеседі. Сол сияқты Испанияда «Каркара» деген елді мекен бар болса, Әзірбайжанда «Қарқара» деген көне қала болған екен. Міне, осы сөздің қайдан шыққаны, қандай мағына беретінін анықтамақ ниетте зерттеу жүргізіп келемін. Бір энциклопедияға арқау болар деректер жиналды. Алдағы уақытта осы еңбектерімді жалғастыратын боламын.

– Жетісудың әнші-күйшілерінің жоқтаушысы болып та талай тер төктіңіз ғой, аға. Оның бәрінің тарихына тоқтау мүмкін болмағанмен, қалай келгеніңізді айтып берсеңіз.

– Алаш арыстары ақталған жылдары физикадан сабақ беретін ұстазым Ермек Құрманбаев ағай: «Әй, Сағат, Ұзынбұлақта «Майлының қара тамы» деген там бар. Майлы Орманов деген осы аудандағы алғашқы ағартушы, ол да «халық жауы» болып итжеккенге айдалған. Соны бір іздеп, жазсаң қайтер еді? Баяғыда бір көтеріліп, содан қалып қалған», – деді.

«Jetіsý» газетінде қызмет еткен Жәмила Молдабаева деген апай бар еді, сол кісі алғаш Майлының сол мектебі туралы мақала жазған екен. Бірақ ондағы көтерілген мәселелер ресми орындар тарапынан қолдау таппаған. Коммунистік идеология сталиндік-голощекиндік репрессия туралы жақ аштырмайтын заман ғой. Алаш көсемдері ақталған жылдары Майлы Ормановқа қатысты деректерді түгендеп жүріп Қапез Байғабыловтың, Әбен Атамқұловтың, Нұрбек Балабековтің мұраларын тауып, жинастырдым. Майлының қызы Әтен апа мен Қапездің ұлы Нұржігіт қария, жары Жібек ападан және Майлы мен Қапездің көзін көрген қарттардан көптеген дерек алдым.

Осы «Jetіsý» газетіне Майлы Орманов, Қапез Байғабылов туралы тұңғыш зерттеу мақалаларым жарық көрді. Елі үшін жазықсыз құрбан болғандардың есімін халық жадында қалдыру жөнінде мәселе көтердік. Соның нәтижесінде көп ұзамай  олардың атына мектеп, көшелер берілді. Қапездің шәкірті жыршы Нұрақын Қасымбеков ақсақалдан ұстазы үйреткен бірнеше  қисса, айтыс, толғауларды таспаға жазып алдық. Қапездің әндерін алғаш орындаушы, талантты әнші, қазақ ән-күйлерін зерттеуші марқұм Ғалымжан Досанұлының еңбегі үлкен. Кейін ол әндердің кең таралуына дарынды біртуар әнші Рамазан Стамғазиев зор еңбек сіңірді. Қазір «Меркі», «Дүние-ау», «Айхай», «Қапездің қоштасуы» сынды әндері кең таралды. Бейнебаян да түсірілді.

Қапез бен Майлыны түгендей жүріп, жетісулық бірқатар әншілер мен күйшілердің есімін жаңғырттық. Оның басында Шалтабай Алпарұлы тұрады. Шалтабай туралы Ілияс Жансүгіров бірінші жазған. Шалтабайдың әндерін тұңғыш рет Рамазан Стамғазиев орындаса, қазір Тілеулес Құрманғалиевтің орындауында шырқалып жүр.

1995 жылы еш мекеменің тапсырмасынсыз, өз бастамамызбен белгілі ғалым, фольклорист-мәтінтанушы Тоқтар Әлібек, әнші-зерттеуші  Ғалымжан Досанұлы үшеуміз бірігіп, арнайы көлік және телеоператор жалдап, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Кеген, Нарынқол аудандарына фольклорлық-этнографиялық экспедицияға шықтық. Айлап жүрдік. Сапардан оралған соң 1995 жылы 18 мамырда  ұстазым Рахманқұл Бердібаев жетекшілік ететін М. Әуезов атындағы Халық университетінде ұрпақтар сабақтастығын танытқан «Хантәңірі атырабының ақындары» атты дәріс-концерт өткіздік. Құлмамбет, Бөлтірік, Шалтабай, Көдек, Жүсіпбекқожа, Асан, Рыскелді, Майлы, Қапез, Сәдіқожа, Әжек, Әбен, Әсел, Әдәмкүл, Шәріпжамал, Шөкейқыз, Маман, Әуезхан, Шарғын секілді ақындар мен Нұрақын сынды жыршылар туралы тың деректер сонда айтылды.

Одан соң сол жылы 3 тамызда «Құрдымнан қайтқан құндылықтар» атты дәріс-концерт ұйымдастырдық. Келесі жылы, яғни, 1996 жылы 11 сәуірде  кең көлемде «Қайта оралған Қарқара саздары» атты дәріс-концерт ұсындық. Оған сексендегі Ыбырайымхан Мергенбайұлы, алпыстағы Омархан Керімқұлұлы, елуге таяған Сауқынбек Шаханұлы, қырықтағы күйші-композитор Ермұрат Үсенов, отыздағы Керім Елемес, жиырмадан асқан Базаралы Мүптекеев және ең жас орындаушы жеті жасар Элмира Үшкемпіровалар қатысты. Қожеке, Шалтабай, Мергенбай, Сыбанқұл, Бөлтірік, Қосдәулет, Кәтіп, Ыбырайымхан  күйлері сол жерде тұңғыш рет республикаға танылды.

Атадан балаға жалғастығы үзілмей бүгінге жеткен өнер сабақтастығына риза болған қазақ руханиятының қара нары Рахманқұл Бердібаевтың ұсынысымен күйшілік, әншілік өнердің бірнеше мектебін қамтитын кітап құрастыруға кірістік. Дарынды күйші-домбырашы, білікті музыкатанушы, күй зерттеуші Базаралы Мүптекеұлы екеуміз біздің үйде алты ай жатып, жиған-тергенімізді хатқа түсірдік. «Жетісудың күйлері», «Жетісу әуендері» деген әрқайсысының көлемі жиырма баспа табақтан асқан екі том академиялық жинақтар 1998 жылы «Өнер» баспасынан шықты.

Осы жинақтар арқылы бұған дейін саяси қуғын-сүргін және әлеуметтік әділетсіздіктер кесірінен аттары аталмай, шығармалары жиналмай, зерттелмей, ұмытыла бастаған күйші-композиторлардың күйлері және әнші-композиторлардың әндері алғаш рет академиялық ғылыми түсініктемелерімен айналымға енді. Бірінші кітапта жалпы Қазақстан халқына бұрын белгісіз болып келген 23 аңыз күй нұсқалары, 16 күйшінің өз атымен аталған күйлер, өзге ұлт сарын-нақыштарына шығарылған 7 күй, 25 күйші-композитордын 91 күйі, екінші кітапқа 23 тұрмыс-салт әуендері, 115 қара өлең әуендері, 13 әнші-композитордың 26 әні тұңғыш рет халық игілігіне ұсынылды. Жарыққа шыққан екі жинақтың арқасында Жетісудың күйшілік, әншілік және орындаушылық мектептері оқу орындарында арнайы оқытыла бастады.

– Мұнымен жер жаннаты Жетісудың әнші-күйшілері түгенделді деу артық шығар. Танылып үлгермеген қандай есімдер бар? Осы салада ісіңізді жалғастыратын шәкірттеріңіз бар ма?

– Әрине. Дарынды ақын, талантты сазгерлер – тоғызбұлақтық Рыскелді Сауданұлының, Отар-Қопал өңірінің тумасы Әбен Атамқұловтың, Көксу ауданы Мұқыры ауылынан шыққан Қалқа Жапсарбаевтың, нарынқолдық Шарғын Алғазыұлының, жылысайлық Әуезхан Белгібайұлының, Жамбыл ауданындағы Бұрған ауылынан Әбдіғали Сариевтің, тағы көптеген тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы зерттеуді қажет етеді. Талдықорған аймағын 1998 жылы ғана аралаудың сәті түскен. Бұл аймақта да әнші-күйшілердің еңбегін зерттеп, жазуға арнайы экспедиция жасау керек деп ойлаймын.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қасында фольклор кабинеті бар. Онда Бауыржан Бекмұханбет деген талантты күйші, домбырашы осы жетісулық күйшілердің өнерін зерттеумен зор ықыласпен айналысып жүр. Сондай-ақ, осы күй мұрасын жинаумен және насихаттаумен айналысатын Ержан Жәменкеевтің де еңбегі ерен.

– Осы жасқа келгенше ұлттық журналистикаға, білім беру ісіне, ғылымға бір кісідей еңбек сіңірдіңіз, құрметпен зейнет демалысына шықтыңыз. Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Зейнеткерлікке шыққандағы мақсатым – «тындырдым», «тау қопардым» деп жатып алмай, Алла амандық, денсаулық берсе, қорғап үлгермей қалған докторлық диссертациямда жазылған ғылыми тұжырымдарымды өмірге енгізу. Ғылыми айналымға қосу. Әлі де ұлтыма, мемлекетіме қызмет ету.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы қаласы