ҚОНАЕВ БІР КӨРГЕН АДАМЫН ЕШҚАШАН ҰМЫТПАЙТЫН. ҚАСКЕЛЕҢДЕГІ ЖИЫН

Уақыты: 11.02.2022
Оқылды: 2369
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бүгінгінің бағасын беретін ұлы уақыт деп жатамыз. Алайда өз дәуірінде-ақ еңбегі еленіп, халықтың шексіз махаббаты мен ілтипатына ие болғандар кездеседі. Солардың бірі де бірегейі – Қазақстанды ширек ғасырдан аса уақыт басқарған Дінмұхамед Ахметұлы ҚОНАЕВ. Елі үшін өлшеусіз еңбек еткен осы бір асыл тұлғаның туғанына 110 жыл толуына байланысты Қаскелең тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында "дөңгелек үстел" басындағы отырыс өтті.

Алқалы басқосуды музей директоры, белгілі ақын Серік Қалиев ашып, жүргізіп отырды. Ал кештің негізгі қонақтары – Дінмұхамед Ахметұлын көзі көрген, жолығып, сұхбаттасу мәртебесіне ие болған замандастары болды. Міне, солар бойына даналық дарып, әділдігі мен асқан білімділігінің арқасында халқын жақсылыққа жетелеген аңыз адам жайлы әңгімелеп берді. Оның алдында Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетін ұзақ жылдар бойы басқарған Дінмұхамед Қонавтың өмірі мен қызметі жайында Абай атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Ақбөпе Қожасанова баяндама жасады.

Димекеңнің республикадағы ең жоғарғы лауазымды ұзақ жылдар бойы аса жауапкершілікпен атқара жүріп, еліміздің дамуына үлкен үлес қосқаны белгілі. Қазақстандағы қалалар, ірі өндіріс орындары, ғылыми және мәдени мекемелердің жаппай бой көтеруі Димекең басқарған жылдардың үлесіне тиеді. Зейнет демалысына шыққаннан кейін кемеңгер жанның халық арасындағы абыройы артпаса кеміген емес. Демалыста жүргенде оның қаламынан туған «Өтті дәурен осылай», «Сталиннен Горбачевқа дейін» атты кітаптары бүгіндері ел игілігіне айналды. 1993 жылдың 22 тамызында ұлты үшін ерен еңбек етіп, артында өшпес із қалдырған ұлы тұлғаның жүрегі соғуын тоқтатқан еді.

Басқосу барысында кезінде бүкілодақтық құрылысқа айналған «Медеу» мұз айдынының құрылысында еңбек еткен жамбылдық Өмірхан Әбдіхалықов жиналғандарға қызықты әңгімелер айтып берді. Осы тұста Алматыда қаланың көркін кіргізетін Республика сарайы да салынып жатқан екен. Осы жұмыстар барысында Дінмұхамед Ахметұлы құрылыс басына жиі келіп, маңызды нысанды дәйім назарында ұстапты. «Бір көрген адамының аты-жөні мен қызметін жадында сақтайтын қасиеті бар еді», – дейді Өмірхан аға. Қария Димекеңнің үйінде бірнеше мәрте қонақта болып, жарты ғасырға жуық өмірлерін бірге өткізген зайыбы Зухра Шәріпқызының қолынан дәм татқанын да шаттана баяндады.

Еліміздің ауылшаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен Алматы облысының Құрметті азаматы, бүгіндері Еңбекшіқазақ ауданында тұратын Елеусіз Сұлтанғазиевтің де Дінмұхамед Ахметұлы жайлы айтары аз емес екен. Ол өзі куәгері болған Бартоғай су қоймасы мен Үлкен Алматы каналының салынуы турасында қызықты деректерді жиналғандардың назарына ұсынды.

Медицина ғылымының докторы, профессор Сәуірбек Рузиддинов ұлы тұлғаның адамгершілігі, жауапкершілігі, дәрігерлердің айтқанын екі еткізбей орындайтын мұқияттылығы жайлы баяндаса, бір кездері еліміздің сот-медициналық институтын басқарған Әбдіманап Айдарқұлов ақсақал Хрущевтің кезінде өзге республикаларға беріліп кеткен жерлерді елімізге қайтарудағы Димаш Ахметұлының қажырлы еңбегі жайлы тебірене айтып берді.

Алқалы жиынға қатысушылар замандастарының естеліктері арқылы уақыт өткен сайын тұлғаланып келе жатқан Дінмұхамед Қонаевтың қайраткерлігіне сүйсініп, еліне еңбек етудің үлгісін жадыларына тоқып, жүректеріне орнықтырды. Жиынды қорытындылаған  Серік Мақұлбекұлы уақыттарын бөліп, арнайы келген ардагер ақсақалдарға жұртшылық атынан алғысын білдіріп, жас ұрпақ үшін өз тарихымыз бен мемлекетімізді қалыптастырған тұлғаларды ардақтаудың маңыздылығы турасындағы ойларын ортаға салды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы