БІР ТУҒАН ДЕП ҚАЗАҚТЫ ҒАНА АЙТАМЫЗ. ҚЫРҒЫЗ ХАЛҚЫНЫҢ АҚ ПЕЙІЛІ

Уақыты: 07.03.2022
Оқылды: 1658
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Елімізде күні кеше ғана ерекше бір мейрам – Алғыс айту күні аталып өтті. О баста негізінен қазақ халқына алғыс айту күні деп белгіленген бұл мерекенің аясы бұл күнде кеңейіп бара жатқандай. Нақтырақ айтатын болсақ, бұл мейрам барысында барлық ұлт өкілдері бір-біріне деген құрмет пен ризашылық сезімдерін білдіріп қана қоймай, ата-аналары мен бауырларына, басқа да барлық жақын туыстарына деген аяулы сезімдерін де ортаға салатын болып жүр. Расында өзіңді жарық дүниеге әкеліп аялап өсірген асыл анаң мен асқар тау әкеңе, бірге туған бауырларың мен қимас қарындастарыңа, аяулы жарыңа, қашанда тілектестігін танытып жүретін туыстарың мен жора-жолдастарыңа, көршілерің мен ауылдастарыңа деген ризашылық сезімі бұл күні кемерінен асып-төгіліп жатса нұр үстіне нұр емес пе?

Бұл айтқандарымыз мейрамның әу бастағы мәні түбірінен өзгереді деген сөз емес. Алғыс айту күнін белгілеудегі ізгі мақсат – елімізді мекендеген барлық ұлтты отаншылдық сезіміне ұйытып, отандастарымыздың бойында осынау байтақ өлкені атам заманнан бері мекендеп келе жатқан қазақ халқына деген сый-құрмет сезімін қалыптастыру мақсаты ешқашан өзгермесе керек. Бір мезгілде осындай бір атаулы күндері қиын-қыстау кезеңдерде қамқор пейілін, жанашырлығын көрсетіп, шын мәніндегі туыстығын танытқан бауырлас халықтарға деген алғыс сезімдерімізді де білдіріп қойған жөн секілді.

Халқымыздың тағдыр айдап Қазақстан жеріне көшіп келген, сұрқай саясаттың салқынымен осы өңірге жер аударылған ұлттар мен ұлыстар өкілдерін дарқан көңілмен құшақ жая қарсы алғаны белгілі. Бұған өздерінің бастарына күн туғанда бір бөлігінің көршілес елдерге ауа көшіп, сол елдерден туысқандық пейіл көріп, пана тапқандарын, сөйтіп аман қалғандығын да қосайық. Бұл орайда, ең алдымен, бауырлас қырғыз елі ойға оралады.

Былтыр Бішкек қаласында Қырғыз Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Айтыс» қоғамдық қорының 20 жылдығына, Жеңіжоқ ақынның 160, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған үлкен іс-шара өтті. Аталған шараға орай «Манас» және Шыңғыс Айтматов атындағы Ұлттық академияда «Қазақ пен қырғыздың ақтаңдай ақыны – Жамбыл» атты еларалық айтыс ұйымдастырылды. Қатысу бақытына біз де ие болған маңызды шара барысында бір туған бауырларымыз Жәкең мен Тоқтағұл ақынның ұрпақтан ұрпаққа өнеге болар ұлы достығы жайында көп әңгіме қозғады.

Итжеккендегі айдаудан қашып шығып, елге қайтар жол бойында да небір қиындықты бастан өткізген Тоқтағұл ең алдымен қазақ жеріне келіп, ескі досы Жамбылмен қауышады. Тынығып, аунап-қунап өз өзіне келген соң ағайын-туған арқылы ауыл-аймағында болып жатқан жағдайға қанығып барып туған еліне оралады. Ұлы жыраудың қырғыз ақындарымен достық қарым-қатынасы бұдан кейін де жүйелі жалғасады.

Жамбыл мен Тоқтағұлдың достығы жайлы айтқанда Кенен ақынмен қарын бөле болып келетін Оспанқұл екеуінің туысқандығы, достығы жайлы айтпай тұра алмайсың.

Көңіл жақындық, қимастық бір қуаныш, бір қайғыда байқалады емес пе? Екеуінің қимастығы Кененнің егіз құлыншағы – Базары мен Назарынан айырылып, зарлап қалған шағында тіпті айқын көрінеді. «...Қайғы ішімді өртеп барады, жер-көкке сыймаймын. Бір күні Насиханы алып қырғыздың Ыстық Ата курортына кеттім, – деп еске алыпты кейін Кенен атамыз. – Демалып жатқанмын, жетектеген тайы, өңгерген қойы, теңгерген қымызы бар, түске таман есік алдына бір қора аттылы келіп тұр. Қарасам, ішінде атақты Оспанқұл бар, көңіл айта келген қырғыздың ақындары екен. Оспанқұл ат үстінде қомызын шертіп, өлеңді ағытып қоя берді:

Атеке, атеке, 
Ассалаумағалейкум, 
Аманбысың, Кененім, 
Амандаса кеп едім. 
Алатауды жаңғыртты 
Зарлап айтқан өлеңің. 
Қайтыс бопты, қайтесің, 
Базар-Назар бөбегің. 

Жал-құйрығың жетілсін, 
Өткенге кім өкінсін. 
Ата-анаңнан айырылған 
Өзің де, Кенен, жетімсің. 
Өзі беріп, өзі алған 
Жалғанды кім жекірсін. 
Әйелің тағы ұл туып, 
Мойныңа қайта секірсін».

Оспанқұлдың зарлы өлеңі, егіліп тұрып көңіл айтуы осылайша жалғаса береді. Оны тыңдап тұрған ақындардың да көздерінен жас парласа, Базар-Назарынан айырылған қос мұңлық олармен қоса егіледі. 

«Қырық кісі кеп тұрмыз 
Сізге амандасуға. 
Қатар жатқан құрбы деп, 
Қапалы көңілді ашуға. 
Дүние де бізден өтер деп, 
Қара тайды жетелеп, 
Қазақ – қырғыз сойысын 
Беріп келсек не етер деп, 
Жеті мес қымыз теңгеріп, 
Қара кепе өңгеріп,
 Алдыңа келіп біз тұрмыз 
Балаңды жоқтап еңіреніп»
, – деп жалғастырған Оспанқұл мына жарық дүниеден бәрінің де өтерін, қырық кісі көңіл айтуға кеп тұрғанда сабыр етуі қажеттігін айтады.

Басқа ұлылардың қолын ұстап, батасын алмасақ та Жәкеңнің шәкірті, Кенекеңнің замандас досы Үмбетәлі Кәрібаев атамызды көзіміз көрді. Сөз орайы келгенде Үмбет атамыздың да құдай қосқан зайыбының қырғыз елінің қызы болғандығын айта кетейік.

Мұның барлығы осы өңірде тірлік кешкен қай ақынның да бауырлас қырғыз шәйірлерімен тығыз қарым-қатынаста болғанын білдіреді. Ақындар мен әншілер салған сара жолды қарапайым көпшіліктің жарасымды жалғастыратыны да ешқандай дәлелдеуді қажет етпесе керек.

* * *

Бауырлас ел аумағына аяқ басқанда толқынысты көңіл-күйде болғанымды несіне жасырайын? Марқұм әжемнің, әкемнің кей кездері күрсініспен, тағы бірде жырдай ғып айтып отыратын әңгімелері ойыма оралып, сол күндердің елесі көзіме шалынып қалатындай айналама қарай беріппін.

Түп нағашыларымыз Суықтөбеден қырғыз еліне асып түскен жерге баяғыда қоныс тепкен бәйтелілер (шапырашты тайпасына жатады) болып келеді. «Қазақ жерінде аштық болып жатыр екен...» деген жаманатты хабарды естіген Жусанбай нағашымыз бір ат, бір түйемен арнайы іздеп келіп бес баласымен жесір қалған қарындасы Тінікені ауылына көшіріп әкетеді. Колхоз басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істейтін нағашымыз қарындасын бір шопанға көмекшілік жұмысына бекітіп, сол кездегі қалыппен қарағанда жайлы жұмысқа орналастырады.

Бес баланың үлкені, сол кезде 13 жасқа жаңа толып, әжептеуір ес біліп қалған әкеміз Додабай, жоғарыда айтып өткеніміздей, сол күндерді тебірене әңгімелеп отыратын. Сондай естеліктердің бір-екеуін келтіре кетейік.

«...Шопан қырғыз емес, басқа бір ұлттың өкілі болды. Басқарманың туысы болғандықтан ба, бізге жақсы қарады. Бірақ шешемнің осы жерде екендігін естіп, іздеп келіп жатқан бізге таныс аш адамдарды жақтырмайтын. Аштықтан бұралған адамдардың дауыстары да шықпай қалады екен ғой. Жетім қозының маңырағанындай болып жалынышты естіледі. «Тініке, сен бар деп келдім...» деп бұратылып келген адамдарды көбіне қойшыға көрсетпеуге тырысамыз. Оларға тамақты да тығып беріп жүрдік».

«...Қырғыздар киіз үйде қауқылдасып отырды. Ортадағы ошақта ет пісіп жатыр. Бір кезде аштықтан әбден әлсіреп, есінен ажырауға шақ қалған бір қазақ алақ-жұлақ етіп кіріп келді де бұрқылдап қайнап жатқан қазанға қолын салып жіберді. Бір жілікті қолына іліктіріп жалма-жан тістелеп жеп жатыр. «Байғұс-ау, аш өзегіңе түсіп кетеді ғой, ақырындап же» деген қырғыздарға бой беретін емес. Ондай сұмдықты да көргенбіз».

«Ашаршылық бітті дегенді естіп елге қарай қозғалдық. Қазақ жеріне өткенде бірге көшіп келе жатқан адамдар еру жасап, жүрек жалғап алмақшы болдық. Ешқайсымызда сіріңке жоқ екен, ортамыздағы естияр бір баланы сонадай жерде тұрған лашыққа сіріңке сұрап келуге жұмсадық. Құлдыраңдап жүгіріп кеткен баланың шар еткен дауысы шығып кері қарай қашты. Алдынан жүгіріп шығып: «Не болды?» деп сұрасақ бала сөйлей алмай лашық жақты көрсете береді. Сөйтсек лашықтағы түрі жаман адамдар (баланың сөзі) «Мына баланың семізін-ай, сойып жер ме еді?» деген екен».

«Қырғыз жеріне барған аштардың бәрі аман қалды. Несін айтасың, соған жете алмай жолда қалғандар көп болды ғой... Ес жиған соң олардың көпшілігі елге оралды, сонда қалып қалғандары да болды. Қырғызға тұрмысқа шығып, сол елде қалып қойған қыздарымыз да аз болған жоқ».

Иә, қырғыз еліне жеткен бауырларымыздың бәрі аман қалды. Бүгінде олардың қаншасының аман жетіп, қаншасының жол бойында қырылғандығын, қаншасының елге оралғандығын ешкім де айта алмайды.

Білуімше, ондай есеп осы уақытқа дейін жүргізілген жоқ. Төскейде малы, төсекте басы қосылған бауырлас елдің азаматтарына сол кезде қанша қызымыздың тұрмысқа шығып, қалып қалғандығы да белгісіз. Бір білеріміз – бүгінде қырғыздың бірқатар мықтыларының әжелерінің қазақ болып келетіндігі, қырғыздардың арасында Қазақбаев деген фамилияның да жиі кездесіп тұратындығы. Сол жолғы сапарымызда да осындай фамилиядағы бір туған бауырымызбен дәмдес болудың сәті түсті. Бұл да бір осы екі елді жақындастырып, бауырластырып тұратын фактордың бірі болса керек.

Бұл әңгімені жоғарыда айтылған Алғыс айту күніне байланысты қозғап отырмыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесін атап өткен тұста тарихымыздағы қаралы күндерімізді де еске алып, қолдан жасалған аштықтан қырылғандардың рухтарына Құран бағыштау, аталарымыз бен апаларымызды сол аштықтан аман алып қалған бауырлас халықтарға шын көңілден шыққан алғысымызды айту үлкен сауаптың бірі болса керек. Бұл алдағы уақытта халықтық, мемлекеттік деңгейде көтерілетін мәселе деп ойлаймыз.

Қырғыз ағайындар қазақпен бауырластығын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тұсында да көрсеткенін ұмыта қойған жоқпыз. Орталық биліктің әділетсіз шешіміне қарсы көтерілген қазақ бауырларына Бішкектен көмекке келе жатқан автобустарды күштік құрылымдар жол бойынан тоқтатқан деседі.

Қаңтар оқиғасы тұсында елге Бішкек арқылы оралған бауырларымыз қырғыз ағайындардың жанашырлықтарын көздеріне жас ала тұрып әңгімеледі. Алаң көңілмен келе жатқан бауырларын қала әуежайынан қарсы алған ағайындар барлығын тегін тамақтандырып, қонақүйге тегін орналастырып, бір тиын алмай Қордайдағы шегара бекетіне жеткізіп салған. Керісінше, қордайлық такси жүргізушілері Алматыға дейінгі бағаны аспандатып, қалыптасқан жағдайды пайдаланып қалуға тырысыпты.

Жарайды, бұл басқа әңгіменің тақырыбы. Негізгі тақырыбымызға қайта оралатын болсақ, осыдан бір-екі жыл бұрын қырғыз тарихшысы Замирбек Осоров орыс отарлаушыларымен жан аямай күрескен қазақтың Кенесары ханына қырғыз астанасында ескерткіш қою керек деген мәселе көтерді. Тарихқа оншалықты тереңдемей қысқа қайыратын болсақ, мұның өзін де жекелеген қырғыз бауырлардың қазақ ханының қайталанбас тұлғасына, жалпы тарихқа деген құрметі деп қабылдауымыз керек.

Жалпы түркітілдес бауырларымыздың бірлігі, қазақтар мен айналамыздағы қырғыз бен өзбек, түрікпен мен тәжік халықтарының бірлігі деген мәселе көтеріліп жатқан кезде бір-бірімізді алыстататын емес, барынша жақындататын осындай әңгімелерді көбірек айтуымыз қажет шығар.

* * *

Алматы облысы делегациясының құрамында Қырғыз еліне алғаш барған мені бір туған бауырлардың қазақ еліне деген туысқандық қарым-қатынасы, ыстық пейілдері ерекше толқытты. Мемлекеттік хатшы сияқты ел тізгінін ұстаған лауазымды азаматтары болсын, ақын-жазушылары болсын: «Дүние жүзі бойынша қырғызды жүздеген ел таниды, соншама елмен қарым-қатынас жасаймыз, бірақ бір туған деп қазақты ғана айтамыз. Бауырларым, аман болыңдар», – деуден танбады.

Кетер-кеткенше делегациямыздың басшыларына ғана емес, қатардағы мүшелеріне де тікелерінен тік тұрып қызмет етті. Мұндай ізгілікті қарым-қатынас жекелеген делегация мүшелерін сыйлағаннан ғана емес, жалпы халықты құрметтегендіктерінен деп ойлаймын. Жаратқан Алла тағала сол сыйластығымыздан ешқашан айырмасын деп тілейік.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды