ҮШ МАЙДАНДА СОҒЫСҚАН ҚАЗАҚ. ЖАУЫНГЕР ОРАЗАЙДЫҢ ЕРЛІГІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Уақыты: 09.05.2022
Оқылды: 2138
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бейбіт елдің басына қайғының қара бұлтын төндіріп, қасірет шектірген сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына биыл, міне, 77 жыл болыпты. Ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен сол бір қаралы күндерде қолына қару алып майдан өтіне аттанған азаматтардың Отанның азаттығы, заманның тыныштығы, ұрпақтың бейбіт ғұмыр кешуі үшін шыбын жанын қиған ерліктері әсте ұмытылмақ емес.

Амал не, отты жылдардың тірі куәларының негізгі дені бүгінде өмірден өтіп кетті. Тіпті, біздің өңірімізде біреуі де қалған жоқ. Жастық шақтары оқ пен оттың арасында ажалмен бетпе-бет жүрген майдангерлер мен ауылда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлестерін қосқан тыл ардагері - аталарымыз бен апаларымыз, аға-тәтелеріміз қандай еді, шіркін! Көріктей кеуделері орден-медальға толып, жүздерінен өздері негізін қалаған бейбіт заманның лебі есіп, өмірдің өлшем тасындай, ұрпақтарына мәңгі қорғандай болып жүргендерінің өзі ғанибет еді-ау! Сол бір аяулы азаматтар, ерлігі ұрпаққа ұран болған майдангерлерді көзімен көрген біздер сағынамыз бүгінде. Солардың қатарында текестік Қалисынов Оразай қария да бар еді.

Талайлы тағдыры, жалынды жастығы қанқұйлы соғысқа тура келген Оразай ата майданнан оралған соң, Алла бұйырған ендігі өмірінің бәрін елі мен жерінің өсіп өркендеуіне, түлеп-түрленуіне, ауылдастарының әл-ауқатының көтерілуіне жұмсады. Шаруашылық жұмыстарының қайнаған ортасынан табылып, айналасындағыларды еселі еңбекке ұйыстырды. Ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырды. Өмірінің соңына дейін ат үстінен түскен жоқ десе де болады. Ол кісімен бірге ғұмыр кешкен ауылдастары Оразай ағаны сол ат үстіндегі қалпында естеріне алып, көз алдарынан өткізеді бүгінде. Балаларына аталарының өнегелі өмір жолдарын үлгі етіп айтып отырады.

Оразай Қалисынов 1916 жылы Тегістік ауылында өмір есігін ашқан сәт қасиетті Ораза айының ақ тілекке оранған күндерінің бірі екен. Ата-анасы қастерлі күні ұрпақты болғандарын жақсылыққа жорып, ұлдарының есімін Оразай қойған екен. Оразай ес білгеннен 20-30 жылдардағы алмағайып кезеңнің аумалы-төкпелі оқиғаларын көзімен көріп өсті. Ел басына төнген нәубет, байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудару, колхоздастыру кезеңіндегі белең алған солақай саясат, ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қилы кезеңдер жас баланы ширатып, тез есейтті. Уақыт сыйлаған қиындықтарға қайыспай қарсы тұрып, асау ағынға қарсы жүзуге үйретті. Бозбала шағынан колхоздың күнді түнге, түнді таңға ұластырған жұмысының бел ортасынан табылды. Еңбектің қамытын киіп, арбасына шегілді.

Осылайша, отбасындағы күнкөрістің салмағын әке-шешесімен қатар көтерісті. 1937 жылы Түргендегі механизаторлар даярлайтын қысқа мерзімді курста оқып, тракторшы мамандығын алып шықты. Шынжыр табанды техниканың тізгініне қолы тиер-тимес, жасы келіп 1939 жылы Совет Армиясына әскери борышын өтеуге аттанды. Бұл кезде Совет Одағы аталған алып мемлекеттің бір қиырында Финлияндия мемлекетімен соғыс жүріп жатқан-ды. Оразайдың әскердегі тағдыры осы соғысқа тап келіп, оның арты тұтқиылдан басталған Отан соғысына ұласты. Сталинград майданынан басталған жорығы Батыс Украина майданына жалғасып, Германияның Кенингсберг қаласына дейінгі жолдарды басып өтті. Небір қиян-кескі ұрыстарды басынан кешірді. Аузын аждаһадай ашқан ажалмен талай-талай бетпе-бет кездесті. Кезекті бір ұрыс кезінде қарша бораған оқтың бірі басынан тиіп, ауыр жараланды. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі.

Мұның алда әлі де көресе күні, татар талқаны бар екен. Дала госпиталындағы күрделі операциядан кейін, өмір дейтін ұлы теңізде қайта жүзуге ұмтылды. Өзі сұранып, майдан даласына қайта аттанды. Жауда кеткен есесінің орнын толтыруға, шейіт кеткен қыршындардың кегін қайтаруға, артта қалған ел-жұртының үкілі үмітіне сызат түсірмеуге деген сезім жауынгер жігітті қайта рухтандырып, жігерін жаныды. Қолына қаруын қайтадан алып, от пен оттың ортасына еніп кетті. Сөйтіп, қанды қырғынның өтінде ерліктің ерен үлгісін көрсетті.

Оразай атаның Ресей жерінен бастау алған майдан жорықтары Қиыр Шығыстағы Жапон соғысымен ұштасты. Туған жердің дәм-тұзы тартып, елге 1946 жылы, Жеңістен бір жыл кейін оралды. Майдангердің бұдан кейінгі өмірі қанын бере отырып жеткен Ұлы Жеңісті баянды етіп, бейбітшіліктің туын желбірете жоғары көтеруге арналды. Өзінің о бастағы мамандығы бойынша Текестегі МТС-те трактор тізгінін ұстады. 1952 жылға дейін атағы дардай осы мекемеде жұмыс істеп, еңбек майданының көрігін қыздырды. Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын майдангер жігіттің қолынан іс келетініне көздері жеткен басшылар 1952 жылы оны Тегістің колхозына ферма меңгерушілігіне тағайындады. Өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа селкеу түсірмеуді мақсат еткен Оразай бұл міндетті де абыроймен орындады. Ферма еңбеккерлерін әр күнгі еңбекке ұтымды ұйымдастырып, белгіленген жоспарды еселеп орындауға қол жеткізуге үндеді.

Мұның өзі соғыс салған ауыртпалықтан кейін еңсесін жаңа көтеріп келе жатқан шаруашылық үшін зор жеңіс ретінде бағаланды. Шаруашылықтар біріне-бірі қосылып, іріленген шақта 1960 жылы Текеске қоныс аударып, Карл Маркс атындағы ұжымшарда бөлімше меңгерушісі, төраға орынбасары сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. Құрылыс шебері, ірі қара фермасының меңгерушісі сияқты қызметтің тізгінін қолына алған жылдары да міндетті жұмысына жауапкершілікпен қарап, сөз бен істің арасында алшақтық болмауын басты назарда ұстады. Өзі басшылық жасаған саладағы толайым табыстар мен жемісті жетістіктерді елімнің баянды бақыты, бейбіт заманның заңды жалғасы деп бағалады. Өзін осынау ұлағатты ұғымдардың басы-қасынан табылып, лайықты үлес қосқан бақытты жанның бірімін деп санады. Ауылдастарына ақылшы аға, отбасында қара орданың отын маздатар орны бөлек отағасы бола білді. Еліне елеулі, халқына қалаулы қария атанды. Ұлағатты ұл-қыз өсіріп, өркенін өсірді, өрісін кеңейтті.

Оразай Қалисынов өкімет пен партия қандай жұмыс тапсырса да сенімге селкеу түсірмей ұтымды ұйымдастыра білді. Мейірімділік, қайырымдылық, адамға деген сүйіспеншілік, бауырмалдық сияқты адами құндылық бойынан молынан табылған майдангер, еселі еңбегімен бейбіт өмірдің де шырайын кіргізді. Майдан даласы мен еңбек даласындағы атқарған тындырымды істері орынды бағаланды. Кеудесінде «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Кенингсбергті алғаны үшін», «Жапонияны алғаны үшін», «Әскери қызметі үшін» медальдары мен «Еңбек ардагері» медалі, «Ұлы Отан соғысы» ордені, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 25, 30, 40 жылдығы мерекелік медальдары, «Қарулы күштерге - 50 жыл», «Қарулы күштерге - 60 жыл», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» деген екі бірдей төсбелгі жарқырады. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасына ие болды. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына арналып Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадына қатысып, зор құрметке бөленді. Осының бәрі де ардагер атаның ғибратты ғұмырындағы елі мен Отанына сіңірген адал еңбегіне берілген лайықты баға. Өркенді өмірінің әр минут, әр сағатын тыныштықты, елі мен жерінің гүлдене беруін, бейбіт өмірдің баянды болуын тілеумен өткізген майдангер қария 1987 жылы өмірден озды.

Оразай Қалисыновтың есімі ұмытылған жоқ. Ауыл ортасындағы Жеңіс тақтасында аты құрметпен жазылса, ғибратқа толы ғұмыры туралы естеліктер Қ.Шорманов атындағы орта мектептің «Өлке тану мұражайына» қойылған. Саналы да салихалы ұрпақтары Отаны үшін от кешіп, бейбіт өмірді баянды етуге зор үлес қосқан Қалисынов Оразай аталарын ұмытпақ емес. Жыл сайын айналып келетін Жеңіс мерекесінде аты-жөні жазылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, мектептегі тәрбие сағаттарында ерліктерін еске алып отыруды дәстүрге айналдырып келеді. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран болатынын ұрпақтар қолымен атқарылар осындай үрдістер жаңартып, жаңғырта беретіні анық.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

Қазақ журналистикасының қайраткері

Текес ауылы

Райымбек ауданы

Алматы облысы