Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ХАНТӘҢІРІНІҢ ХАС ЖҮЙРІГІ ХАСЕНӘЛІ САМАТЫРОВ ЖАЙЫНДА АЗ-КЕМ ӘҢГІМЕ

Уақыты: 30.07.2022
Оқылды: 1071
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әңгіме ауаны Жетісу жыраулық, ақындық мектебінің түлегі, Құланаян Құлмамбет негізін салған суырыпсалма өнердің жалғастырушысы, талантты ақын-жыршының бірі Хасенәлі Саматыров туралы болғалы отыр.

Дәстүрі жоқ, ұстазы мен шәкірті жоқ жерден талантты тұлғаның шығуы да екі талай. Сондықтан да Құлмамбеттен бастап Албан Асан, Көдек, Таңжарық, Бөлтірік, Қапез секілді ұлы тұлғалардың мұрасынан үлгі алған Хасен де ұстаздары секілді шәкірт тәрбиелеп, жасындай жарқ еткен Оразалы Досбосынов, Бақыт Жағыпарұлы секілді айтыс өлкесінің ақ алмасын тәрбиелеген де еді.

Екінің біріне бұйыра бермейтін еркін жүріп, өнермен айналысу тағдыры Хасенге бұйырмаған. Бірде механизатор, бірде малшы бола жүріп, орта білімді толыққанды аяқтағанымен ары қарай білімін  жетілдіре  алмай, әдеби өмірге етене араласып, поэзия тұнығын сүзіп ішуге мүмкіндігі болмай, тағдырдың тапшылығын жігерімен жеңіп ақындық, айтыс өнеріне мойын бұрып, бойындағысын берер шығында өзі туған Қарасаздың қас тұлпары Мұқағали ағасы тәрізді өмірден ерте кеткен, төл шәкірті Оразалының орны толмас қазасын көріп аттанған еді арғы әлемге. Орақ тілді Оразалы шәкіртінің қазасына қабырғасы қайыса отырып:

Оразәлі, қайдасың?

Қас-қағымда,

Мені тастап кеттің бе басқа ауылға?

Бейнең сенің әлі тұр күлімдеген,

Қасқа тайды суарған бастауыңда, – деп жүрегі қан жылай жоқтап еді.

Хасен қайда жүрсе де, қой соңында сабылса да, Хантәңірінің бөктерінде құлақ жарар трактор дауысы тұмшалағысы келсе де, жүрегіне жылы ұя салған ақындықтан қол үзбеді. Бірде жырауларша тауға қарап тұрып жыр төксе, енді бірде Кенен атасы секілді жайқалған шөпті де, тау суының асау ағысын да жырға қосты.

Ақындық жолға түскен ол  «Алтынды шыққан жерінен қаз» дегендей Кеңестік кезеңде айтыс дәстүрінің алтын бесігі болған Жамбыл атасының ауылына бес мәрте ат басын бұрып, айлап болмаса да апталап жататын. Осындай ізденісінің нәтижесінде қой мен трактор артта қалып, аудандық автоклуб меңгерушісі, ән мен жырдың  ортасында жүретін, ел іздейтін ақынға айналды.

Айтыстың халқымызға қайта оралуы Хасеннің айтыс деген аламанға қосылу кезеңмен тұспа-тұс келді. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай өткізілген облыстық ақындар айтысында жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Сол қарқынмен  талай республикалық, облыстық айтыстарға қатысып, топ алдында маңдайы жарқырап көріне бастады.  

Хасенәлі Нәсілхан Тоқтасынова, Әселхан Қалыбекова, Нұрлан Әбдібеков, Есенқұл Жақыпбеков, Күлпара Құсайынова, Биғайша Медеуова, Шорабек Айдаров сынды айтыстың ақтаңгер жүріктерімен сөз сайысқа түсті. Ыстықкөл облысы, Түп  ауданына қырғыздың Балыбай батырына арналған тойда айыр қалпақты ағайынның Тоқтарбай, Әбсәмбет сынды  ақын-ыршыларымен  сөз  барымтасына  түсіп:

Өлең етіп берейін,

Қырғыз халқын жат қылмай.

Өңшең манап ішінде,

Сөз асылын мерт қылмай.

Жақсыны жақсы демесең,

Кетемін ертең таптырмай.

Атымтай жомарт секілді,

Пейіліңді қырғыз мәрт қылғай.

Жамандамадым біріңді,

Ішіңнен шыққан сатқындай.

Өсірген мені қазағым,

Қанаттыға қақтырмай,

Кеуделіге соқтырмай, – деп бас жүлдені иеленіп, ақ жал сәйгүлік мініп қайтқан еді.

Хасен айтыстары сол бір кезде көп ақын пайдаланған жаттанды сөздерден, күні бұрын жазып алатын әзір жыр шумақтарынан, алдын ала келісілген жыр жолдары емес, айтыс үстінде туған, суырып салып шығарылған тапқырлыққа толы, бірден айтылған шумақтар еді.

«Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға», – деп болашаққа сеніммен қараған, айтыс өнерінде қол таңбасы мен даусы қалған Хасенәлінің өз мектебін қалыптастырып, жаңғыртуға, ізін басатын шәкірттер даярлауға, олардың қолына қасиетті домбыраны ұстатып, топ алдында сөз жарыстырына шығып шыңдалуына көп күш салды.

Хасен қара өлеңге де қалам тартқан. Дегенмен айтыскерлікке жақын ақынның көптеген өлеңдері суырып салып айтылған туындылар.

«Ақынға  қара  сөзден  өлең  оңай», демекші қолына  домбыра  тисе, арқаланып  шыға  келетін қасиеті бар еді.

Хасен Саматыров – суреткер ақын. Айтатын ойын, дәйекті, көркем тұжырымын шебер жеткізе білген талант. Жыр жолдарын әрлендіріп, көркемдік келісімін келтіріп көңілге қондырады. Мәселен «Қарасаз» атты өлеңінде:

Бұлты жоқ аспанында теңгедейін,

Сұлуым, сені кіммен теңгерейін.

Төрінен Шәлкөденің ай туып  тұр,

Қайынға күлімдеген жеңгедейін, – деп тапқыр баламамен Қарасаздың жарасымды келбетін сипаттайды. Туған жерге деген өшпес махаббатын, сөнбес  құштарлығын, одан  алған  нәрі  үшін  рахметін  суырып салып та, қағаз  бетіне  қалам  арқылы  түсіріп те Хасен ақын ел есінде қалды. Өзінің туған жері «Қарасазды» Мұқағалидан кейінгі жеріне жеткізе жырға, әнге қосқан ақын:

Кім екен саған берген көрік  мұндай,

Көңілім тыншымайды көріп тынбай.

Тұзкөлім, сұлу айна көріктім-ай!

Қарасу иірімді көбіктім-ай!

Жас шыбық, бетегелі, бозқараған,

Көркіңді әрлендірген беріп шырай.

Хасен жырларында қоғамға, жалпы, адамзат баласына ортақ мәселелерді қозғайды. Өзінің ой-пікірін, көзқарасын ашық білдіріп отырады. Не жазса да жан-тәнімен беріле жазады. Ол жазбалардан ақынның ақ жүрегі, асқақ рухы, кіршіксіз таза пейілі, адами қадір-қасиеті көрініп тұрады. Қуанғанын да, кейігенін де жасырмайды. Ағынан ақтарыла салады. Өзінің болашақ оқырмандарына сыр айтады.

Әр төбені саралап,

Жан баға алмай келгем жоқ,

Кедей болып өлгем жоқ,

Байлық та қуып көргем жоқ.

Атама нәлет келтіріп,

Намысын елдің бергем жоқ.

Екі торы баласын,

Бірінен-бірін бөлгем жоқ.

Хасен өмірін оның лирикалық жырларынан, айтыстарынан, арнауларынан бөліп қарауға болмайды. Өмірдің өзі қуаныш пен қайғыдан, сүйіну мен күйінуден, ғажап пен азаптан тұрады. Бұл – барлық адамзат баласына ортақ тағдыр.

Хасен – жыраулық дәстүрдің сарқыншағы іспетті ақын. Ол нені жазса да шамадан тыс тебіреніп, егіліп еміреніп, төгіп жазады. Және шынайы, мөлдіретіп, төгілдіріп, ой мен сезім теңізінің тұңғиығына көмілдіріп жазады. Көкейіне кептелген запыран ой мен лықсыған сезім жырларын оқыған сайын сусып үгіледі де отырады. Қайталанбас талант, таудай тұғырына отыра алмай кеткен тұлғаның күннен-күнге Хантәңіріндей асқақтай беретінін оның халқына деген қисапсыз махаббатынан іздеген жөн болар. Хасендей таланттың кез-келген өлеңінде халықтық сипат пен ұлттық үрдіс үкіленіп тұрады. Біртуар тұлғаның жырлары тәрбиенің тамаша үлгісі. Оны жыр жолдарына көз тіккен сайын байыптай түсесіз. Хасеннің сыры мен қыры таусылмақ емес.

Поэзия – адам табиғатының, ақын табиғатының жаршысы, жыршысы. Өзектен өніп шыққан өлең ақынның өз табиғатын танытқанда тәнті етеді. Хасен өлеңіндегі осы табиғилық, қарапайым қазақы табиғат болмысын шынайы бейнелеумен үлкеннің де, кішінің де көңіліне ұялай кетеді.

Бәйбішем, бүгін мені тыңдашы бір,

Беймәлім көңіл кіммен сырласып жүр.

Көңілсіз күзбен бірге күмілжітіп,

Көтертпей көңілімді мұң басып жүр.

 

Көк көйлек көңіл шіркін тозды білем,

Жағасын күннен-күнге кір басып жүр.

Үмітпен ақыл-ойын сарқып ішіп,

Ақынның адам деген сұлбасы жүр.

 

Жарамас күліп келіп, жылап кеткен,

Адамбыз өмірге аз тұрақ тепкен.

О, қайран Мұқағали, арысым-ай,

Жалған деп бұл өмірді бір-ақ тепкен!

Небәрі үш-ақ шумақтан тұратын осы өлеңде өмірдің күйбең тіршілігі, келешекке деген сенімсіздік, жалған дүниенің  көрінісі нақты-образды бейнемен берілген.

Поэзия әр адамда бар, бірақ бәрі бірдей емес. Ал Хасеннің әлемі өзгеше, тек өзіне тән. Жүрегіндегі лаулаған поэзияны, ғашықтық сезім мен жалпы  адамның жан дүниесін суырып салып айту, қағаз бетіне түсіру, көрінгеннің қолынан келе бермейді.

Хасен – әншілік пен ақындығын тең ұстаған өнерпаз. Домбыраның құдіретті үнімен кестеленіп, әдемі ән әуенімен ажарлана түсетін жүректен шыққан өлең жолдары тыңдаушыларының  көңіл түкпіріне қонақтап жататын еді. Келісті әзілдері, қағытпа жолдары айтыстарының ажарын кіргізетін.

Хасен - сатира деген жауынгер жанрда да бағын сынап көрген талант. Оның сатиралық шығармаларынан сөзінің тұздығы, тілінің тотияйындай күйдіретін уыттылығы сезіледі. Жанды жабырқататын жат қылықтарды, қоғамдағы келеңсіздіктерге сөз сойылын  жұмсап, ащы етіне тұщы таяқ тигізеді. Бұған Хасенәлі өте шебер еді.

Ақын 58 жасында 2013 жылы 4 қаңтарда өмірден өтті. Бірақ артында өшпес мұра өлеңдері, әндері, толғаулары, айтыстары қалды. Хантәңіріндей басын көкке тіреген елі мен халқы, айдын көлде бірге жүзген, айтыс деген әлемде қатар қанат қаққан айтыскер ақын достары қалды. Артында осындай мұра қалдырған Хантәңірінің хас жүйрігі Хасенәлі ақынның аты ұмытылуы мүмкін емес.

Анарбай БҰЛДЫБАЙ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор, фольклортанушы