АДАЛ ЕҢБЕК АБЫРОЙ ӘПЕРЕДІ

Уақыты: 22.01.2023
Оқылды: 3461
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ауылды ынтымаққа, ауызбіршілікке, ағайындыққа шақыратын қария атанудың да жолы қиын, салмағы ауыр. Әрине, қария болу жаспен емес, ел мен жер үшін сіңірген өлшеусіз еңбекпен өлшенетіні де жасырын емес. Сондай ағаларымыздың бірі, бүгінде 85 жасқа сергек, ағалық, даналық, перзенттік қалпымен атына кір түсірмей жеткен Жексембай (Жекен) Жетпісбаев ағамыз. Бүгінде Жекен ағамызды қатарластары, ізін басқан інілері, жастар жанына жақын көреді, құрметтейді, сыйлайды, пікіріне құлақ түреді, айтқан ақылына ұйып, оны өмірлік мұрат етуге тырысады. Оның сан түрлі себебі бар.

ТЕКТІЛІК
Әрине, осындай зерде, зейін, сезімталдықтың Жекен ағамыздың бойынан көрініс табуын арыдан іздеуге болады.  Жас пен жалынға шомылған,  адамдар жүрегіне жазылмас ізін қалдырған ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары – сол тұстағы буынның желкілдеген жас құрақ сәбилік, балалық шағын аямай таптап, өртеп өтті. Бірақ ол кездегі адамдар өмірдің ауыртпалығын көрсе де қиындыққа мойыған жоқ. Өйткені олардың бойында тектіліктің нәрі, елі мен жерін қорғаған, ағайын-туыс, ауылдасына қормал болған батыр баба, би-шешендердің асыл қасиеті бар еді. Халқымызда: «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық болады» деген нақыл сөз бар. Әрине, 40 деген қызырлы сан сол тұстағы ұзақ жыл, мәңгілік болашақ дегенді білдірсе керек. Кейіпкеріміз  Жекен ата ұрпағына мәңгілік ұлылық нәрін бағдаршам еткен әйгілі Балпық би бабамыздың бүгінгі тұяғы. 
 Бабамыз Балпық би өз кезіндегі егейлердің бірі, елінің қамын жеген қормалы, жұрттың келешегін ойлаған кемел жан болғанын мақтаныш етеміз. Кемтігі толығып, бабамыздың ұлы қасиеттерінің бағасы әлі де биіктен берілеріне сенімдіміз. Осы ретте айтарым, бабамыздың қазыналы ақылын, халқының қамын жеген қайырымдылығын, көш бастаған қабілет-қадірін күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан ұрпақтары баба аруағына кір түсіріп алмау үшін алысты жақындатып, араздасқанды қосып, жетіспегенді жебеп жүреді. Астым деп аптықпайды, артта қалдым деп тарынбайды. Қайта көсемдігін көрсетіп, көпшілдігін танытып келеді.
 Сол қатардан ең алдымен   Жекен ағамызды көретініміз анық. Өйткені, мен ол кісіні танығалы ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Аймақта өткен ақсақалдардың жиналыстарында, ұрпақ болашағы үшін ой бөліскен шараларда жиі кездесіп жүрдік. Сондағы сабаз қимылы, салиқалы сөзі, ортасын ұйытып әкететін ойлы пікірлеріне іштей сүйсінетінмін. Осы мақаланы жазу барысында сол игі қасиеттердің төркінін білгендей болдым. Ол – тектілік.
АҒАЛАРДЫҢ АЛАҚАНЫ
Жер биігі де, су тұнығы да, шөп шүйгіні де Жетісуда. Осындай киелі жер, бекзат елде өткенге құрмет жасап, болашаққа жол салатын ізеттілік те жетерлік. Бірақ бір адамның балалықтан тұлға болып қалыптасуы үшін тек тегінің мықтылығы көмектеспейді, қайта жасаған ортасы, ойға алған мақсаты, айналасындағы адамдардың әсері, отбасының үздіксіз демеп отырғаны үлкен рөл атқарады. Жексембай атамыз сонау 1938 жылдары қазақ даласын қуғын-сүргіннің жалыны шарпып, ел тұрымтайдай тау сағалап жүрген тұста Сарыөзек кентіндегі теміржолшы Тәтидің отбасында дүниеге келді. Тәти атамыз Нұрмолда Алдабергеновтың шақыртуымен Шұбар ауылына көшіп келіп, «Жаңаталап» ұмымшарына орналасады. Аталған ұжымшар Жетпісбаев әулеті үшін жақсылықтың да, қабырғаны қайыстырған күндердің де куәсі болды. Әкесі Тәти соғыстан қайтпай қалды. Тәтібек ағасы жараланбаған жері жоқ, бір аяғын беріп ауылға оралды. Ал Нұрмолда ата аман-сау оралып, елдің қалауымен жаңадан құрылған «Жаңаталап» ұжымшарына басшылыққа келіп, Тәтібек аға бас агроном болып қызмет атқарды.
Жекен ағамыздың балалық-жастық өмірі Нұрмолда атамыздың алдында өтеді. Қабырғасын еңбекпен қатайтып, ақылшы ағасының қомқорлығымен кәсіби мамандық алуға ұмтылды. Нұрмолда ағасының тәрбиесінде жүріп сол тұстағы адамдардың ортасындағы қыл өтпейтін сыйластықты, ешкімді алаламайтын асыл қасиетті көріп өсті. Соғыстан кейін ауылға келген чешен, кәріс, поляктарға қол ұшын беріп, бауырына басқан ауыл халқының мейірімін бойына сіңірді. Нұрекеңнің тапсырмасымен спортпен айналысып, қоғамды түзу жолға салудың тәжірибесін топтады. Нұрағаңның данамен данаша, баламен балаша сөйлесетін кішіпейілдігі, қиындықты елемейтін, қысымды көтере білетін қасиетінен өнеге алып, қайырымдылық пен мейірімділіктің парқын түсінді. Сондай-ақ, маман тәрбиелеудің жолын үйренді. Өтірік айтып, мансапқа, байлыққа ұмтылатын жамандықтан аулақ жүріп, жақсылыққа жанашыр болатын өмірлік ұстанымын қалыптастырды. 
Жекен ағамыз еңбек жолын Нұрмолда ағасының «Победа М-72» маркалы қызметтік көлігінің жүргізушісі болып бастады.      Нұрағаңның қазақтың маңдайына біткен талантты ұл-қыздарымен тонның ішкі бауындай араласатындығы да Жекен ағамыздың өміріне жарқын із қалдырды. Әдетте, таң азаннан қара кешке дейін ауыл жұмысынан қолы босамай жүретін Нұрағаң Алматыда өтетін жиналыстарға жиі шақырылатын. Сол басқосуларда немесе жұмыс бабымен Алматыға бара қалғанда көрнекті жазушылар Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Сәбит  Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Бауыржан Момышұлы, Кемел  Тоқаев, Нұрғиса Тілендиев, Қаныш Сәтпаев, тағы басқа ірі тұлғалар жылы қарсы алып, қонақ етіп аттандыратын. Дінмұхамед Қонаевқа кез келген уақытта кіріп, ұсынысын айтып, жұмысын реттеп шығатын. Нұрмолда ағасымен бірге жүріп, сол қайраткерлердің тұлғалық болмысын жақыннан танып, өмірлік ұстанымын бағдаршам етті. Осы тәлім мен тәрбие кейінгі қызмет жолында, өмір баспалдағында белестен-белеске жетелеп отырды. 
Бүгінде Жекен ағамыздың адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, ұтқыр ұйымдастырушылық қасиетін  өнеге ете айтатын қатарластары көп. Оның Нұрмолда ағасымен бірге жүргенде кездескен, пікірлескен ағаларының ыстық алақаны арқылы бойына дарығаны анық. Сондықтан өмірде өзіндік ұстанымы, қалдырған ізі салиқалы, жұртқа қамқор жандардың ақылын тыңдап, өнегесін қабылдап, өз болашағына үлгі еткендердің ешқандай істе ұтылмайтынын осыдан білуге болады. Оған      Жекен ағамыздың өмір жолы куә.

ЗАМАНДАСТАР КЕЛБЕТІ

Жекен ағамыз бүгінде Ескелді, Көксу, Ақсу аудандарының Құрметті азаматы. Әрине, Құрметті азамат былайша тілге жеңіл айтылғанымен, оның салмағы ауыр. Ол адал еңбек, айналасымен ауызбіршілікті, елдің өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген адамдарға ғана тиесілі абыройлы атақ. Жекен аға 1958 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, оны 1963 жылы  «инженер-механик» мамандығы  бойынша  бітіріп  шыққан соң  Партияның  ХХІІ съезі атындағы Еңбек  Қызыл  Ту  орденді ұжымшарға инженер болып тағайындалады. Ұйымдастыру қабілетінің ұтқырлығы, жұртшылықпен тіл табыса білетін ерекшелігінің арқасында инженер, бас инженер, ұжымшардың бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып сатылап өсті. Еңбек адамдарын жұдырықтай жұмылдыра білген қабілетін ескерген облыс басшылары оны 1971 жылы ұжымшардың партия комитетінің басшысы етіп тағайындады. Сол жылдары ұжымшар төрағасы Төлеген Ахшанов екеуі бірлесе, ынтымақтаса жұмыс жүргізіп, аталған ұжымшар 1200 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 550 центнерден, 100 саулық қойдан 120 бастан төл алып, республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. 
Республика деңгейінде Социалистік жарыстың жеңімпазы болған ауылдың еңбеккерлері де үлкен марапат биігінен көрінді. Айталық, қант қызылшасының звено жетекшісі Федосья Гайваронская СССР Жоғарғы кеңесі депутаты болса, шопан Дубек Батырбаев Еңбек Ері атанды. Ұыжымшардың мал дәрігері Рысбай Мыңбаев Қазақ ССР еңбек сіңірген мал дәрігері, агроном Борис Розбийкий Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген агрономы атанды. Ұжымшардағы халық театрының жетекшісі Таубай Әбішбаев, әнші Кенжегүл Әбішбаева Қазақ ССР-нің мәдениет қызметкері медалін кеудесіне тақты. 1978-1979 жылдары қызылша өсірудегі жетістігі үшін ұжымшар Қазақстан Орталық Партия Комитеті министрлер кеңесінің ауыспалы Қызыл туын екі мәрте жеңіп алды. Осылай ұжымшар еңбеккерлерінің тұрмыстық жағдайы түзеліп, экономикасы шалқыды. Бұл өз тұсындағы Жекен ағамыздың біліктілігінің нәтижесі еді.
Жекен аға Ақсу ауданында да абыройлы еңбек етті. І. Жансүгіров ұжымшарын басқарған 10 жылда Сағабүйенге су құбыры тартылып, 400 орынды Мәдениет үйі, 920 орынды жаңа типті мектеп, 120 орынды екі қабатты балабақша, екі қабатты сауда орталығы, 100-ден астам жаңа тұрғын үй бой көтеріп, екі көшеге асфальт төселді. Бүйен өзенінен су реттегіш, тосқауыл плотина салынды. Көптеген ауыл еңбеккері марапатқа ие болды.  Жылқышы Тойлан Айтбаев, звено жетекшісі Дүйсетай Қоңыров Қазақ ССР-Жоғарғы кеңесінің депутаты, Тынышбай Шабдарбаев Мәскеуге БЛКЖО ХХІІІ съезінің делегаты, Т. Айтпаев Қазақстан компартиясы ХV  съезінің делегаты, Жекен аға Талдықорған облыстық кеңесінің депутаты болды.
Сондай-ақ, қызылша өсірумен белсенді айналысқан І. Жансүгіров ұжымшардағы маман тәрбиелеу ісін де жүйелі қолға алды. Жекен ағамен бірге жұмыс істеп, оның ұйымдастырушылық, біліктілік қабілетінен өнеге алған Сыдық Баяманов Діңгек кеңшарына директор, кейін Жамбыл ауданының әкімі болса, агроном Әскербек Дүйсенбеков Ленин кеңшарына директор, кейін Ақсу ауданының әкімі болып, елге қызмет етті. Ал бас агроном Тынышбай Шабдарбаев «Қызыл ту», орынбасары болып қызмет еткен Амантай Зияданов «Жаңақоғам», агроном Қуантай Ермұхамбетов «Қосағаш» кеңшарының директоры болды. Жекен аға Нұрмолда Алдабергеновтен алған тәрбиесі, көпті көрген көрегендігі, адам тани білетін жақсы қасиетінің арқасында елге сыйлы осындай азаматтарды тәрбиелеп, өсірді. 
Сол тұста тәжірибесі мол, елді ұйыстыра білетін, жұрттың құрметіне бөленген басшыларға сұраныс та көп болатын. Облыс басшылары Жекен ағаны 1983 жылы Көксу ауданы, Қуйбышев ұжымшарына басқарма төрағасы етіп жібереді. Шұбардағы, Ақсудағы жетістіктерін жетілдіре түсіп, жемісті еңбектің арқасында ұжымшар әр 100 саулықтан 103-105 қозы, егін шаруашылығы бойынша тәлімді жердің әр гектарынан 25-30 центнерден өнім алып, аудан көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. Ауылға су құбыры тартылып, Мәдениет үйі, мектеп, 50-ден аса тұрғын үй салынады. Көшелерге асфальт төселіп, сауын сиыр фермасы механикаландырылады. Алыс қыстаулардағы  малшылар үйі толық жаңаланады. 
Бұл айтылғандар Жекен ағаның 3 аудандағы жұмысының қадау-қадау тұстары ғана. Ауыл тұрғындарымен ауызбіршілікте жұмыс істеу, еңбеккерлердің еңбегін бағалау, жастардың жалынды болып ержетуі жолында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Олар бүгінде ел өркениеті үшін қызмет етуде. Демек, олардың ел өркениетіне сіңірген еңбектері еселенген сайын Жекен ағамыздың да қадірі мен қасиеті биіктеп, ол кісіге деген құрмет арта бермек. 
МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ

Халқымызда: «Ағайын тату болса ат,  абысын тату болса ас көп» деген нақыл сөз бар. Сондықтан болар, ата-бабаларымыз ұрпағына: «Араласпаса ағайын жат болады» деп ескертіп отырады. Бұл – сан тарихты бастан өткеріп, бүгінге аман жеткен тәрбиелі дәстүріміз. Жігіттің үш жұрты болады дейміз. Осы үш жұртымен бірдей сыйласып, берекелесіп өмір кешкен азаматтың алдағы болашағы да нұрлы болатыны анық. Бұл тұрғыда да Жекен ағамыздың жұртқа өнеге болар тұсы көп. Бүгінде Жекен Жетпісбаев пен Қаншайым Сыдыққызының шаңырақ көтергеніне 60 жыл болыпты. Әрине, аз уақыт емес. Өмірлері үйлене салып, үй болудың қиындығына төзбейтін жастарға үлгі-өнеге. Жекен аға Қаншайым тәтеміздің әке-шеше, бауыр-туысына бауырмал болса, Қаншайым тәтеміз де кішіпейілділік пен сыпайылық үрдісін сақтап,        Жекен атаның әулетіне қайырымды болды. Абысын- ажын мен ағайын-туыстың арасындағы ауызбірлікті сақтады. Мұндай берекеге Қаншайым тәтеміздің ұзақ жыл білім беру саласында еңбек еткен тәжірибесі де септесті. Олардың дастарқанынан қазақтың талай марқасқа азаматтары дәм татып, дарқан пейіліне ризашылық ниетін білдірген.
Осындай тату-тәтті, инабатты, пейілі кең отбасынан елінің қамын жейтін, жұртының болашағы үшін еңбек ететін арда азаматтар мен ақылды қыздар өсті. Олар 3 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп, өсірді. Үлкені Нұрлан құрылыс инженері, Гүлмира – банк қызметкері, Роза – дәрігер, Бағлан –  шаруа қожалығының иесі, кенжесі Ілияс Астанада жер комитетінің білікті маманы. 16 немересі мен 6 шөбересі тотыдай түлеп, өсіп келеді. Жекен ағамыз бен Қаншайым тәтеміздің 60 жылдық отбасылық өмірі, ұрпақ тәрбиесіндегі ерекшелігі, ағайынның арасына сызат түсірмеген адамгершілігі, тағы да басқа көпке өнеге болар тұсы бөлек бір мақалаға жүк салатын тақырып. Жалпы, биыл 85 жасқа келген Жекен ағамыз, 80 жастан асқан Қаншайым тәтеміз де әдемі қартаюдың өнегесін көрсеткен абзал жандар. 

 

Қажет АНДАС,
Талдықорған қаласы