Жайсаң мінез Жасекең еді

Уақыты: 07.09.2023
Оқылды: 1017
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда соңына өшпейтіндей із қалдырған адамда арман бар ма, шіркін?! Соңына сондай жарқын із, ұрпағына асыл сөз қалдырған азаматтың бірі Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері  Жасболат Нұрмұхамбетов еді. Оның өнегелі өмірі мен ғибратты еңбек жолы өскелең жастарға үлгі болатындай деңгейде.

Жасболат Нұрмұхамбетұлы 1923 жылғы 20 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданының «Қызылтаң» кеңшары аумағындағы Қопа ауылында дүниеге келіпті. Биыл осы бір кесек тұлғаның туғанына 100 жыл толып отыр.

Сол кезең адамдарының түрлі атыс-шабыс пен қуғын-сүргін, ашаршылық сияқты небір зұлматтарды бастан кешкені анық. Жеті жасар Жасболат та сол кезде әкесінен айырылып, жетім қалады. Отыз жасында жесір атанған анасы Рәш болса, қиындықпен арпалыса жүріп ұлының қатарынан кем қалмауы үшін күш-қайратын аямады. Тұрмыс тіптен қиындап кеткен бір жылдары ол Жасболатты Бөрлітөбе ауданындағы балалар үйінің жанындағы орта мектеп-интернатқа береді. 

Жаппай аштық басталған тұста анасы екеуі Алматы қаласына көшіп барады. Рәш апамыз тігін артеліне жұмысқа тұрып, баласын жақсы мектепте оқыта бастайды. Бірақ Жасболатқа Алматы қаласының ауа райы жақпай денсаулығы сыр берген соң ана мен бала амалсыздан туып-өскен өңірге қайта жол тартады. Ағайын-туысты жағалап, Талдықорған облысының Матай стансысына көшіп келеді. Жасболат осы жерде 1941 жылы он жылдық мектепті бітіреді. 

Тағдырдың тосқан қияметі аз емес екен. Мектепті тамамдап, асқақ армандарына қол созғалы тұрған шақта соғыс басталып, 18-ге жаңа ғана келген жас жігіт әскер қатарына алынады. Толық орта білім алып, жалындап тұрған жас Ашхабадтағы әскери училищеде алты ай оқыған соң кіші лейтенант шенімен Терістік Кавказға майданға аттанады. Сол жылы қазанда 328-атқыштар дивизиясының 1107-полкінің үшінші батальонының құрамында взвод командирі лауазымында қиян-кескі шайқасқа кіріп, от кешеді. Ерен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталады. Қанды шайқастардың бірінде ауыр жарақат алған соң ІІ топтағы мүгедек танылып, 1943 жылдың шілде айында елге оралады. 

Атадан қалған жалғыз тұяқ майданға анасының ақ батасымен аттанған екен. 20 жасында соғыс мүгедегі атанса да оқ пен оттың арасынан аман келгенін анасы үлкен олжа санайды.

Туған жеріне аман оралған жауынгер ендігі жерде еңбек майданына белсене араласып, Ақсу аудандық ауыл шаруашылығы банкінде қызмет жасайды. Жоғары білімсіз болашақтың бұлыңғыр боларын білген жас офицер 1948 жылы С.М. Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-тарих факультетіне оқуға түседі. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде оқып жүріп отбасын асырау ауыр болғандықтан университеттің кешкі бөліміне ауысып, 1949 жылдан бастап Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің кадр бөліміне бас маман болып қызметке орналасады. Алғырлығы мен біліктілігінің, өжет мінезінің арқасында 1951-55 жылдары Қазақстанның Тамақ өнеркәсібінің министрі атақты Мәжікен Есенұлы Бутиннің бірінші көмекшісі болып тағайындалады. 

1954 жылы университетті үздік дипломмен тамамдаған талапты жас аспирантураға түсуге кандидаттық минимум тапсырды. Бірақ соғыста алған жарақаттары қозғалып, 1955 жылдың аяғында жұмысты тастап, мүгедектігі бойынша зейнетке шығуға мәжбүр болады. Содан кейінгі жерде дәрігерлердің нұсқауымен туған жері – Ақсуға оралады. Ақсу өзенінің таудан аққан тастай суық суымен өзін-өзі емдеумен айналысып, өзін ешқандай дәрі-дәрмексіз-ақ қатарға қосады. Аурудың беті бері қарап, жазылған соң 1957 жылдың қараша айында Ақсу аудандық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары, кейін осы мекеменің төрағасы қызметіне тағайындалады. Жұмысының сауда саласына ауысуына байланысты Мәскеудің кооператив институтына сырттай оқуға түсіп, 1964-67 жылдары Алматы қаласында Қазақстан Тұтынушылар одағы ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады.

Ж. Нұрмұхамбетовті басшылық республикадағы ең кенжелеп қалған өңірге жіберді. Атап айтқанда, ол 1967-77 жылдар аралығында Жамбыл облыстық тұтынушылар одағын он жыл басқарып, Кеңестер одағының ауыспалы Қызыл Туын бірнеше мәрте жеңіп алды. Сөйтіп өзі басқарған мекемені одақ бойынша бірінші орынға шығарды. Облыстың барлық аудандарында бір типті әмбебап дүкендер салдырып, Қазақстанда бірінші болып тұтынушылардың өзіне-өзі қызмет көрсету тәсілін енгізді. Сол кезде жұрт: «Біздің облыста құстың сүтінен басқаның бәрі бар», – деп мақтанышпен айтады екен. 

Ол тайсалмай сөйлейтін батыр адам болыпты. Шындықты айтуға келгенде еш жерде тартынып қалмайды екен. Содан кейін де беделі өте жоғары болған. Жамбыл облысының бірінші хатшысынан кейінгі танымал адам саналғандықтан тұрғындардың бірқатары әлеуметтік мәселелерін шешу үшін Ж. Нұрмұхамбетұлына өтінішпен келуді әдетке айналдырыпты. Өзінің тікелей міндеті болмаса да ол соның бәріне қолдау жасап, мәселелерін шешіп беріп жүріпті.

Білікті маман Жетісуға қайта оралғаннан кейінгі уақытта Талдықорған қаласының «Өнеркәсіпсауда» мекемесін 1983 жылдың қазан айына дейін басқарып, жасына байланысты зейнеткерлік демалысқа шығады. Сол кезеңде оның беделі мен күш салуының арқасында қалада көптеген сауда орталықтары бой көтеріп, ескірген нысандар күрделі жөндеуден өткізілді. Түрлі марапаттарға ие болып, қалалық кеңестің бірнеше шақырылымының депутаты болды.
Абыройлы азаматтың отбасы да әдетте жарасымды болады емес пе? 1943 жылдың қазан айында майданнан оралған аға лейтенант Жасболат Күләш Байқадамқызы Елеусізовамен шаңырақ құрады.

Күләштың азан шақырып қойған аты «Күнсана» екен. Атасы Байкісі атына сай бай-қуатты адам болыпты. 1927 жылдары туыстары тәркіленіп, ата-бабалары қоныстанған өңірден бас сауғалап қашуға мәжбүр болады. Кейбірі тау асып Қытайға өтіп кетеді. Ал Байкісі: «Туған елді тастап кетпеймін, әлі жақсы заман туады, елге қайтатын уақыт болады» деп мұзды, құзды тау арасын қоныстанып жүргенде қайтыс болыпты. Күләш апамыздың анасы Бәтима әжеміз де құз-қиялы тау шатқалдарының арасында жүріп, ауыр сырқатқа ұшырайды. «Ең болмаса емшектегі Күләшті елдің қарасына жеткізіп тастайын» деп баланы Мұқырыда тұратын немере ағайындарының үйіне жеткізіп, өзі сол жерде қайтыс болады. Сөйтіп Күлаш апамыз да жастайынан жетімдіктің зардабын тартып өседі.

Өздері аштықтың қыспағында отырған ағайындар: «Үлкен атаның бір тұяғы тірі қалсын» деп кішкентай Күләшті Куйбышев колхозындағы балалар үйіне өткізіпті. Балалар үйінің директоры иманды, қол астындағы балалардың бәріне әкесіндей қарайтын Нұрақас Телжанов деген азамат екен. Жаңадан келген әп-әдемі, бота көзді, бұйра шашты қызды ол енесі Аяулы Елеусізқызына асырап алуды ұсынады. Содан екі-үш ай бұрын Күләш деген қызы қайтыс болып, жүрегі қарс айырылып отырған Аяулы ана жетім баланы ойланбастан бауырына басады. 

Соғысқа аттанарда бір сәуегей адам Жасболат жайында: «Қасиет қонған бала, періштесі қорғайды. Соғыстан аман оралады. Беделді азамат атанып, сүйікті жарын тауып, үбірлі-шүбірлі отбасы болады» деп болжаған екен. Сол болжамы айнымай келеді. Күләш апа мен Жасболат ата сегіз бала өсіріп, олардан бірнеше немере мен шөбере сүйді. 

Екеуі тауып қосылған жұп болды. Жасекең қызметте жүрсе, Күләш үйдің берекесін кіргізіп отырды. Көзі көрмейтін енесін бағып, сегіз баласын тәрбиелеп, келімді-кетімді қонақтарды күте білді. Оқуға келген туыстардың балалары да осы үйде тұрды, іссапармен келген адамдар да осы шаңыраққа ат басын тірейтін. Өзге жұрт: «Қалай бәріне үлгереді?» деп таңғалушы еді. Осылайша ол үлкен қызмет жасамаса да өмірін Жасболат атамыздың биік белестерден көрінуіне, беделді болуына арнады. 

Күләш апа қолы қалт ете қалса домбырасын қолына алып ән салып, күй тартып отырады екен. Жары мен балаларына, немерелеріне арнап жазған жырлары сақталған.

Жамбыл өңірінде тұратын бір досы қайтыс болғанда соңында шиеттей балалары қалыпты. Сол кезде Жасекең «Әйелі жесір, балалары жетім қалды ғой» деп отбасына қолдау көрсетіп, ақырғы сапарға шығарып салудың барлық рәсімдерін өзі атқарады. Досының мазарын да салып береді. Мұның өзі адамгершілік қасиеттің жарқын көрінісі.

Ж. Нұрмұхамбетұлы зейнетке шыққан соң да қоғамдық-саяси істерге белсене араласыпты. Облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретінде көптеген бастамалардың жүзеге асуына үлес қосқан. 

Талғамы жоғары азамат әдебиетке, өнер мен мәдениетке, тарихқа баса мән берген екен. Қай облыста қызмет істесе де сол жердегі газет редакторларымен тығыз қарым-қатынаста болыпты. Соған орай қоғам дамуына ұдайы үн қосып отырған. Жазған дүниелері облыстық, республикалық басылымдарға, соның ішінде «Егемен Қазақстан» газетіне тұрақты  жарияланып тұрыпты. 

Облыстық филармония директорлары да ол кісіні арнайы шақырып, ой-пікірін тыңдауды әдетке айналдырыпты.

Көп оқитын, тарихты терең білетін азамат сол заманда көптің қолына түсе бермейтін әлем әдебиеті алыптарының жинағын, «ЖЗЛ» сериясы бойынша жарық көрген зиялы адамдардың өмірі туралы кітаптарды жинақтапты. Өмір бойы жинаған кітаптары кейін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына табысталып, біразы балалары мен немерелеріне берілген. 

Жиен немересі Дәурен бірінші сыныпқа барғанда 7 томдық «Балалар энциклопедиясын» тарту еткен екен. «Адамгершілігің таудай, парасатты азамат бол» деп тілегін жазып, қолын қойған. Бұл жинақ бүгінде ең қымбатты естеліктің бірі ретінде сақтаулы тұр. 

«Жасболат ата ғұмыр бойы көңіліне түйген ойларын қағазға түсіріп, 1996 жылы «Өмір, саған құштармын» атты кітап жазып шығыпты. Бұл еңбегін әкесі Нұрмұхамбет пен анасы Рәштің рухына арнаған екен. Еңбегіне қанағаттанған сезіммен: «Аз да болса арттағыларға жол салып, із тастағаныма шүкіршілік етемін. Өз туған облысыма оралып, талаптанып жүріп Талдықорған қаласында хал-қадірімше атқарып кеткен жұмыстарымның сипаты осындай» деген ой қалдырыпты. Кітабы шыққаннан кейін екі жарым ай өткенде, 1997 жылдың 13 қаңтарында қайтыс болады деп кім ойлаған?

Жасекеңмен араласқан адамдардың арасында танымал қайраткерлер де көп болған екен. Солардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері, академик ғалым Мырзатай Жолдасбеков өз естелігінде: «Жасболат аға батыр тұлғалы, бұйра шашты, ежелгі грек аңыздарының кейіпкеріндей табиғаты да, кескін-келбеті де ерекше жаратылған, ақыл-парасаты да үйлесіп тұрған, барын ағайынмен бөлісіп жүретін, әдемі киінетін, жайқалып жүретін өте келісті кісі еді», – деп жазыпты. 

1993-96 жылдары Талдықорған облысының әкімі, кейін министр болған Серік Ахымбеков  Ж. Нұрмұхамбетұлының азаматтық қасиеттерін жаза келіп: «Жасекең мен Күләш апамыз өзгелерге үлгі болатындай мәнді де, мағыналы да жарасымды, әдемі жұп болды. Нағыз отағасы бола білген ол кісі шын мәнісінде, өзі айтқандай, жан-жарының «өкшесін қисайтпай», екеуі қол ұстасып ұзақ өмір сүрді. Жетісу қауымы осы асыл жандардың өміріне сүйсініп, оларды әр уақыт естеріне алып отырады», – деген екен. 

Соғыс ардагері, академик ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жүрімбек Сыдықов Жасболатпен жолдас болғанын жазады. Оның өте өжет, қайсар болғанын айта келіп: «Жасболат түсінік-талғамы жоғары, әр жақты азамат еді. Тарихқа, әдебиет пен мәдениетке, ән-күйге үлкен мән беретін. Тұрмыстың қиындығы, соғыс болып, оқудан кенде қалмаса, бір үлкен ғалым болатын адам еді. Соның өзінде бір университет, бір институт бітіріп, мемлекеттік жауапты қызметтер атқарды», – деген лебізін алға тартыпты. 

Осы қатарда Аманғазы Шегіров пен Жомартқали Жексембинов, Оралбек Жақиянов сынды қоғам қайраткерлері де өз ойларын ортаға салыпты. Ақын, жазушы Әли Ысқабай ағамыз көлемді естелік жазып, жыр арнаған.

Ж. Нұрмұхамбетұлының қызы Гүлнәр қазір Астанада тұрады. «Өзі әке қамқорлығын көре алмай қалғандықтан шығар, әкеміз балаларын өте жақсы көрді. Ұл-қыздарым ештеңеден тарықпай өссін деп ойлайтын-ды. Ұрпағының бейбіт өмір сүріп, бақытқа бөленгенін ғана көргісі келді. Бізге ғажайып балалық шақ сыйлаған әке-шешемізге алғысымыз шексіз. Әкем жүрегі жомарт, пейілі кең адам болды. Ол өмірден озғанда мен үшін жер қақ айырылғандай болды. Бұрын ондай қасіретті шекпеп едім. Қатты күйзеліске түсіп, ауырып қалдым. Бір жыл ауруханада жатып, емделіп шықтым. Әкем есіме түссе, әлі күнге дейін көзіме жас толады», – дейді Гүлнәр Жасболатқызы. 

Бүгінде немерелері: «Ата-әжеге барғанда олар бізді әуежайдан гүлмен қарсы алушы еді», – деп еске алады. Машинамен келгендерін қала сыртынан қарсылайды. Оларға бала деп қарамай қаланың көрікті жерлерін аралатып, құрметті қонақ сияқты сый-сияпат көрсеткен.

Қазір зейнет демалысындағы қызы Гүлнәр да сол отбасылық дәстүрді ұстанады. Немерелері келсе қонақ бөлмеге үлкен дастарқан жайып, күндіз де, түнде де қуана қарсы алып, күтіп отырады. Өздері жақсы көретін тағамдарын дайындап қояды. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген осы шығар.
Жасекең ешкімнің ала жібін аттамаған жаны таза, әділ азамат болыпты. «Кімге болса да жақсылық жасасам деп тұратын жан еді. Денесі қандай зор болса, жүрегі де соншалықты үлкен адам болатын», – дейді ол кісіні білетіндер.

Қайтыс боларынан бірер жыл бұрын Талдықорғанда жаңа мешіттің құрылысы басталғанда ол да елмен бірге атсалысады. Мұны өткен кезеңде атқара алмаған мұсылмандық парыздарын өтегісі келгені деп ұқтық. Парызы орындалды. Мешіт ашылған соң бірнеше күннен кейін өзі де қайтыс болып, сол мешітте намазы шығарылып, соңғы сапарға аттанды.

Соңына жарқын із қалдырған соғыс, еңбек ардагері, Жетісу өңірінің көрнекті ақсақалы Жасболат Нұрмұхамбетұлының есімі ұмытылған жоқ. Жазғаны жерде қалған жоқ. 2008 жылы Талдықорған қаласының басшылығы облыс орталығының өркендеуіне еңбегі сіңген ағамыз, қалалық Кеңестің бірнеше шақырылымының депутаты болған Ж. Нұрмұхамбетовтің еліне сіңірген еңбегін жоғары бағалап, өзі тұрған үйге ескерткіш  мәрмәр тақта орнатты.

Нүсіп Додабайұлы