АЛАШ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

Уақыты: 12.11.2023
Оқылды: 1254
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бастауын бағзы заманнан алатын қазақ халқының сан ғасырлық тарихы сайын дала төсін дүбірлеткен бабаларымыздың жеңісті жорықтарымен қоса, жігерін жаншыған жеңілістер, алуан  түрлі сергелдең, сансыз зобалаң мен зәбірлі зұлматтардан да тұрады. Ресейлік патша өкіметінің XIX ғасырдың өн бойында Қазақ елінде жүргізген саяси-құқықтық реформалары  халқымыздың ежелден келе жатқан мемлекеттік басқару формасы хандық билікті түбегейлі жойды. Қазақ даласындағы өзін-өзі басқаруды әлсіретті, оны дәстүрлі билік жүргізу процесінен айырып, тиімді отарлық саясатты іске асыратын басқару түрін заң жүзінде бекітті.

Ал XX ғасырдың алғашқы ширегінде қазақтың прогрессивті саяси ойының шиыршық атып, етек жиып егемен ел болуға ұмтылуы осы отарлық езгіден арылу идеяларымен ерекшеленеді. Аталмыш кезеңдегі ұлттың азаттығы үшін басталған күрес Алаш зиялыларын бір тудың астына біріктірді. Олар ел егемендігін армандап, бірігуді көксеп, бір идеология төңірегіне топтасуға ұмтылды. Қазақ сахарасының әр түкпіріндегі қараңғы халықтың арасынан ұлт-азаттық көтерілістердің жетекшілері мен саяси қозғалыстардың көшбасшыларына  айналған тұлғалар дараланып шыға бастады.

Ұлт болып ұйысқан осы күрестің бел ортасында жүріп, тауқіметті тағдырын Алаш Орда үкіметін құру және оның Жетісу жеріндегі Алаш әскерін жасақтау тарихымен тығыз байланыстырған аз ғана азаматтың қатарында тұрса да, бұл күнде есімі сирек аталатын тұлғалар арасындағы шоқтығы биік біртуары Базарбай Маметов екені анық.

Алаш ардақтысының атын мәңгілік есте қалдыру үшін Сарқан ауданындағы Лепсі ауылында орналасқан №54 орта мектепке Базарбай Мәметов есімін беруді ұсынамыз. Мұндай ұтымды ұсыныс пен болашақта атқарылар игілікті іс-шараларды Жетісудың зиялы қауымы, Лепсі ауылының қоғам белсенділері мен Сарқан ауданының атқарушы билігі қолдайтынына сеніміміз мол. 

Бүгінде біздің елдің тарихшылары әртүрлі толық анықталмаған деректерге сүйене отырып, 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін 120-ға жуық қазақ жастарының жоғарғы оқу орындарын, ал 700-ге жуық студенттердің арнайы орта білім беретін оқу орындарын бітіргені жөнінде мәлімет келтіреді. Сол жоғары оқу орындарының ішінде, әсіресе Қазан университетінде Қазақстаннан келген студенттер көбірек шоғырланды. Бұл олардың тұрғылықты мекенінің 1804 жылдан бастап Қазан оқу округіне қарауымен анықталатын. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде және одан кейінгі уақытта еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, тарихта аты қалған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Ахмет Бірімжанов, Уалитхан Танашев, Мұхамеджан Қарабаев, Әбубәкір Алдияров, Садық Аманжолов, Иса Қашқынбаев, Шафқат Бекмұхамедов, Базарбай Мәметовтер Қазан қаласындағы жоғары оқу орындарының түлектері еді. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби заңгердің бірі – жетісулық алашордашыл Базарбай Мәметовтің 1916 жылы Қазан университетін ойдағыдай тәмамдап, туған еліне оралуы елімізді от-жалынға ораған  ұлт-азаттық көтерілістермен тұспа-тұс келді. Мәметов алғашқы кездері әртүрлі қоғамдық ұйым мен мекемеде жұмыс істей жүріп, Ресей империясының отарлық саясатын сынап, өзін ұлт-азаттық қозғалыстар мен ұлт мүддесінің белсенді жақтаушысы ретінде танытты. 

Орынбор қаласында 1917 жылдың 21-28 шілде аралығында І Бүкілқазақтық съезі өтіп, кең байтақ Қазақстанның көптеген жерінен делегаттар шақырылып, онда алғаш рет «Алаш» партиясының  ұйымдастырушылық жағынан рәсімделгені белгілі. Осы съезде болашақ  қазақ облыстарын басқарудың республикалық түріне өтуі, бұқара халықты жерге орналастыру, дін мәселесі, әйел бостандығы, мемлекеттің зайырлылығы, Құрылтай жиналысының сайлауын өткізу секілді өзекті мәселелер қызу талқыланды. Жетісу өңірінен съезге депутат болып сайланған Базарбай Мәметов өзінің азаматтық белсенділігі, саяси сауаттылығы, құқық саласындағы жоғары білімі мен Алаш қозғалысының табанды жақтаушысы ретіндегі қайраткерлігімен ерекше көзге түсті.

Съезд шешіміне сәйкес сол жылдың қыркүйек айында Лепсі уезінің халық Кеңесінің төрағасы болып сайланып, бұл міндетті 1918 жылдың сәуір айына дейін абыроймен атқарды. Ресейдегі дәуірі ұзаққа созылмаған А. Керенскийдің уақытша үкіметі тарих сахнасынан тайдырылған соң, алашордашыл Мәметов Лепсі уездік Кеңестері съезінің шешімімен оның мүшесі болды және осындағы әділет  саласында түрлі қызмет атқарды. Жалындаған жастық шағы мен бүкіл саналы ғұмырын Алаш Орда қозғалысына арнап, Алаштың белгілі қайраткерлерімен иық тіресе қызмет еткен Базарбай Мәметов 1917 жылғы желтоқсан айында өткен ІІ Жалпықазақтық съезд нәтижесінде құрылған уақытша Алаш Орда Үкіметінің құрамында үлкен лауазымға  ұсынылған қайраткер.

1918 жылғы мамыр айында ақ гвардияның генерал-лейтенанты К. Мамонтовтың жазалаушы отрядының Лепсі уезіне келуіне байланысты Совнаркомның Лепсі уездік Кеңестері таратылды. Бұдан ары қарай Алаш мүддесі үшін қызмет жасаудың қауіптілігіне байланысты Базарбай Мәметовке амалсыздан уақытша ел ішінде бой тасалауға тура келді. Бар мүмкіндікті пайдаланып, шекара асып Шәуешекте бір айдай тұрақтады. Өздерінің мақсаттарын жүзеге асыру әрі ақылдасу үшін жасырын Шәуешекке жиналған Алаштың жетекші қайраткерлерімен кездесіп, Армия жасақтарын құру жөніндегі ойларын ортаға салды, одан кейін Семей қаласына қайтып оралды.

Алаш қозғалысының рухани астанасына айналған Семейде Алаш Орда Кеңесінің мүшесі және іс басқарушысы болды. Алаш қайраткері Отыншы Әлжановтармен бірге Жетісуда Алаш Орданың Армиясын, Алаш милициясын құру ісіне белсене араласты, екі бірдей отряд жасақтап, сарбаздарды шабандоздық және ату-шабу ісіне баулыды, аз  уақыт гарнизон бастығы қызметін де атқарып үлгерді. Сонымен қатар, Жетісу және Сырдария облыстарындағы ашыққандарға азық-түлік және басқа да жәрдем ұйымдастырумен айналысатын облыстық комитетке уақытша қызметке тұрып, кедей халықты барынша қолдауға кірісті. Базарбай Мәметов 1918 жылдың күзінде Лепсі уездіне іс сапармен келіп, алашордашыл С. Аманжоловпен бірге осындағы кедей кепшікке,  ашаршылыққа ұшыраған жандарға көмек көрсететін аудандық комитет құрды. Осылайша ел басына күн туғанда ұлтжанды азамат  жерлестеріне жанашырлық танытудың керемет үлгісін көрсетті.   

Лепсі уезінде 1920 жылы Кеңес өкіметі орнағанымен, оған қызмет ететін білімді адамдардың тапшылығы байқалды. Осы кезде жоғары білімді заңгер Мәметов уездегі ірі елді мекен Романовкаға (қазіргі Сарқан ауданындағы Көктерек ауылы) халық соты қызметіне шақыру алды. Көп ұзамай аудандық соттың шешімі бойынша Лепсі қаласындағы тергеушілік қызметке ауыстырылды. Одан кейін Лепсі уезінің ауылдары мен болыстықтарында Ревкомдар құру ісіне белсене қатысты. Оған Алматыдағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының №135  қорында сақтаулы мына куәлік дәлел бола алады:              

Р.С.Ф.С.Р.

Военком I-й Кавалерийской бригады Каздивизии

                                                 10 апреля 1920г.  №0060.

                                                 с. Романовское.

                             УДОСТОВЕРЕНИЕ

Предъявитель сего тов. Мамедов Базарбай Маметович, действительно уполномочен организовывать  аульные и волостные Ревкомы в Маметпай- Кыскачской, Маканче-Садыровской, Маканче-Чиликтинской, Кыскач- Садыровской и Балхаш-Лепсинской волостях.

             Врид. Военкомбриг Наумов

Енді  Мәметовтің қызметі өсіп, 1920 жылдың қазан айының соңында Лепсі уездік ревкомының қаулысы бойынша Төтенше комиссияда (ЧК) аға тергеушілік қызметін бастады. 1921 жылдың сәуір айында кезінде өзі тексерген, қамауда жатқан азаматтардың ұйымдастырған жалған арызы мен өзін жақтырмаған Лепсі уездік Төтенше комиссия төрағасының кек алу әрекетінің арқасында тұтқындалды. Екі жетіге созылған тергеу жұмыстары Базарбай Мәметовке тағылған кінәлардың негізсіздігін анықтап, атақты «үштіктің» қаулысы бойынша басына еркіндік алды. Бұрынғы қызметіне қуана кіріскен заңгер алғашқыда Семиречье облыстық комитетінде, уақыт өте келе облыстық Совнарсудта төраға орынбасары, одан кейін Қырғыз бөлімінде басшылық қызметтер атқарды. Совнарсудтың сот-нұсқаушысы бола жүріп, қара халық арасында  олардың құқықтық сауатын ашуға, жер мен салық мәселелерін түсіндіру бойынша кең көлемді үгіт-насихат пен ағартушылық жұмыстарын жүргізді. Кедейлердің «Қосшы» одағының өкілетті тұлғасы ретінде батырақтарға қорған бола білді. Жаламен түрмеге жабылғалы тұрған талай қазақ баласын ақтап алып қалды.

Лепсі уезі ГПУ-нің 1921 жылғы 10 қыркүйектегі шешімі бойынша Мәметовке сайлау құқығынан айырылған азаматтар тізімін жасап, оларға көмектесу үшін үлкен өкілеттілік берілді. Базарбай жергілікті жерлердегі беделді бай және аузы дуалы билермен тығыз байланыс орнатып, олардың қатысуымен жасырын жиналыстар өткізіп, осы жерде Кеңес өкіметінің сұрқия отаршылдық саясатын әшкереледі. Ұлтын сүйген  азаматқа қарақан басын бәйгеге тігіп, осылай екі жүйеге бірдей қызмет жасап, амалсыз қатерлі «ойын» жүргізуге тура келді. 1922 жылдың орта шенінен бастап Лепсі уезіндегі бұрын шыққан сот шешімдері мен тергеу қарарларына ревизия жасап, әділет саласындағы қордаланған көп істі аса ыждағаттылықпен шешіп, ел ықыласына бөленді. Сол жылғы қыркүйек айында Мәметов облыстан Лепсі уезі прокурорының көмекшісі болып тағайындалатыны жөнінде қатынас қағазын алды. Бұл лауазымды қызметті 1925 жылдың ақпанына дейін абыроймен  атқарған заңгердің білімділігі мен кәсіпқойлығына тәнті болған басшылық оны сәуір айында арнайы Алматы қаласындағы Губерниялық соттың кассация бөліміне прокурор көмекшісі қызметіне  шақыртады. Базарбай қаражат тапшылығынан қысылып жүргенін әрі денсаулығының сыр бере бастағанын сылтауратып, Алматы сапарынан бас тартады. Ол 1925 жылдың қараша айында қызметінен  біржола босатылады.

Әрине, аталмыш сылтаудың аржағында ендігі жерде Кеңес үкіметіне қызмет етуден бас тарту тәуекелі жатқан еді. Осылайша Базарбай бүгінгі Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылының төңірегіне қоныс аударып, үй салып, бірнеше жыл жеке шаруашылықпен айналысады.

Жоғары білімді, кәсіпқой заңгердің ұсынған лауазымдардан бас тартуын кеңес тергеу органдары оның бұрынғы Алаш үкіметіне бар жан-тәнімен беріле қызмет етуімен байланыстырып, Мәметовтің мұндай оғаш қылығын кешіре алмады және оның соңына шам алып түсті. Қ Р Орталық мемлекеттік мұрағатының №135 қор, 1-ші тізімдемесінде 87 парақтан тұратын «Дело по конфискации имущества и выселению из Алма-Атинского округа, Барибаевского района, Балхаш-Лепсинского аула Маметова Базарбая» атты №573 сарғайған іс сақталған. Сол істің бірінші бетінде құпия бөлімнің меңгерушісі Веркутис жазып, қол қойған мынандай мінездеме бар: «Маметов Базарбай – казак Барибаевского района, Алма-Атинского округа. Семья состоит из 5-ти человек. Скота имеет по спискам 28 гол и по сведениям 152 гол. Имеет 2 дома, 2 брички, дрожжи и с/х инвентарь, 15 десятин клевера.

      В 1917 году  делегат Оренбургского казакского съезда, где была создана партия «Алаш» и делегат съезда «Шуро-Ислам» в Уфе. После этого член нелегальной организации  «Алаш-Орда» и учредительного собрания от партии «Алаш», член совета, занимавший в одно время должность Управделами.

     Сформировал два отряда «Алаш-Орды». Производил расстрелы, некоторое время был начальником гарнизона. При Советской власти занимал ряд должностей, в частности Губ. прокурор, во время чего делал растраты и ряд других преступлении.

      Настроен реакционно, разжигает нац.рознь, ведет антисоветскую агитацию и распространяет провакационные слухи. Скот скрывает, в частности у Мухаметова Мухамеджана».

Өлкелік комиссияның 1928 жылғы күзде Бөрібай ауданы бойынша бекіткен шаруашылықтарды тәркілеу тізімі шығып, арасында 5 болыс Садыр руына билік жүргізген атақты Базарбайдың Тәсібегі бар, Базарбай Мәметовпен қоса барлығы 11 адам қуғын-сүргінге ұшырайды.

Аталмыш істегі алашордашыл Мәметов жайлы Өлкелік комиссиясының мінездемесі мен Алматы өлкелік ОГПУ-ының әлеуметтік-қауіпті элементтерді тіркеу құжаты да аса көңіл аударарлық: «Мәметов Базарбайдың шыққан тегі – Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, Көктерек болысы, Балқаш-Лепсі ауылында (Бөрібай ауданы) үстемдігін жүргізген ірі қазақ байы. Отбасы бес адамнан тұрады. Екеуі еңбекке жарамды. Дерек бойынша 400 бас қой, 72 ірі қарасы бар (жалпы ірі қара түрінде есептегенде 152 бас). Тізімге 7 қой және 26 бас ірі қара ғана тіркеген, қалған малын Мұхамеджан Мұхаметов жасырып отыр. Сонымен қатар, меншігінде 2 үй, 2 бричкі мен дрожжы, соқа және тағы басқа шаруашылық саймандары бар. 2 кедей шаруа отбасын ағайыным деп әдейі бүркемелеп, еңбегін жеп,  қанаушылықпен ұстап отыр».

Осылайша нақақтан жала жабылып, конфискацияға ілінген Базарбай Мәметов 1928 жылы қыркүйек айының соңында Романовское аулынан Қызылордаға КазЦИК-ке жеделхат жолдап: «Мен не атқарған қызметіммен, не рулық дәрежеммен  ерекшеленбеймін, әкетіп бара жатқан байлығым да  жоқ, кедей отбасынан шыққанмын. Ақ патша кезінде кездейсоқ оқуға түсіп, оны Ақпан революциясынан соң бітірдім. Кеңес өкіметі кезінде 6 жыл сот-тергеу органдарында қызмет істеп, денсаулығыма байланысты жұмыстан шықтым. Совнаркомның 30-тамыздағы ұйғарымына сәйкес жеке шаруашылықпен айналысамын, қарамағымда бар-жоғы 30 бас ірі қара мал бар, ал мені соған қарамастан Совнарком КазЦИК-нің 27-тамыздағы қаулысы бойынша ірі байлардың қатарында тізімге енгізіп, билер мен сұлтандардың ұрпағы санап, дүниемді тәркілеуге жатқызып отыр. Менің жағдайым Совнарком КазЦИК-нің қаулысындағы бір де бір пунктке сәйкес келмейді. Керісінше, комиссияның кейбір өкілетті мүшелерінің іс-әрекеттерін заңсыз деп танимын. Олар Кеңес өкіметінің негізгі құқықтық қағидаларын бұрмалаған. Сондықтан, мені қамаудан босатып, ірі байлардың тізімінен шығарып, мал-мүлкімді тізімдеуді тоқтатуын сұраймын. Мүмкіндігінше, маған қатысты мәліметтер Каз.Совнаркомда қаралса екен. Мені ешқандай қаулы толтырмай, қылмыстық іс қозғамастан, аудандық милиция бастығының нұсқауы бойынша 1928 жылы 19-қыркүйекте Көктерек ауылында ұстады»,   деп өзін ақтап алуға күш салады.

Базарбай Мәметовтың зайыбы, Жетісудағы белгілі Нияз батырдың  немересі, сауаты мол Зейнеп Жақыпқызы да Қазақ Орталық Атқару комитетінің Президиумына, Республика Прокуроры мен Наркомның атына хат жолдап, алашордашыларға амнистия жарияланғанын тілге тиек етіп, жолдасының еш айыбы жоғын барынша дәлелдеуге тырысты.

Бірақ, үлкен өкінішке қарай, конфискация мәселесі бойынша Округтік комиссиясының 1928 жылғы 2 қазандағы отырысының №10 хаттамасы негізінде: «Мәметов Базарбайдың жоғарыдағы өтініші комиссия тарапынан мақұлданбады. Себебі ол реакцияға бейім, ұлтаралық араздықты өршітуші, кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізуші.  Сол себепті, мал ұрлаушы ретінде бар мүлкі тәркіленіп, жер аударылуға жатады», – деген негізсіз қаулы қабылданды.

Сонымен бірге, оған РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-ші бабының 3-ші тармағы бойынша «контрреволюциялық іс-әрекеті» үшін айып тағылды. Айыпкер  малы көп қанаушы тап өкілі ретінде танылып, кезіндегі Алаш-Орда үкіметіне сіңірген еңбектері мен қайраткерлігі  бетіне басылып, Алматыдағы ОГПУ-ге қарайтын түрмеге тоғытылды. Мәметовке тиесілі барлық дүние-мүлкі тәркіленіп, сот шешімі бойынша Саратов өңіріне жер аударылып, елге оралуға тыйым салынды. Жан жары Зейнеп оның артынан бала-шағасымен іздеп барып, 1932 жылы жер аудару мерзімі өтелген соң, бостандық алып отбасымен Қарақалпақстанға көшіп келіп, жұрт қатарлы еңбек етті. Елге жақындау мақсатымен Жамбыл қаласына қоныстанды, кейін Жуалы ауданына табан тіреп, ауылдарда әртүрлі қара жұмыс істеді. Кіндігінен өрбіген Сауле, Азия, Роза атты қыздарын асырау үшін еш қиындықтан  тартынбады. Бірақ, қанша азап  шексе де, қай жерде жүрсе де кіндік қаны тамған, өзі Алашқа қызмет еткен Жетісудағы Лепсі өңірі оны өзіне тартты да тұрды. Басын бәйгеге тігіп, шалғайдағы Лепсі стансысына 1944 жылы оралған Базарбай Мәметовтің соңына НКВД сақшылары қайта шырақ алып түсті.  Бұрынғыдай азап, бітпейтін тексеру мен тінту, қит етсе НКВД кеңсесіне әкеп ар-ожданына тиіп, сұрақтың астына алу, тырнақ астынан кір іздеу – жаны жүдеу, өзі сырқау Базарбайды әбден қажытты. Туған еліне келіп мұндай қорлықты қайта көремін деп ойламаған Алаш зарлығының «неге ғана кешегі қанды қасапта қатарыммен қоса атылып кетпеді екем?!», – деп ашынып аһ ұрған кездері көп болған деседі көнекөз қариялар.

 Алаштың азаттығын аңсап, оның идеалдары мен аманатына адалдығын танытып, өмірі өксікпен өткен қайран ер 1946 жылы Лепсі стансысында қиналып, аруақтай азып 58 жасында өмірден өтті.

Кешегі қылышынан қаны тамған Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 16 қаңтардағы «жазықсыз репрессияға ұшыраған адамдарға қатысты әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі қосымша шаралар туралы Жарлығына» сәйкес құрылған комиссияның қорытындысы бойынша 1989 жылы 6 сәуірде Базарбай Мәметов толықтай ақталды.

Бүгінде Лепсі ауылының кіре берісіндегі қалың зираттың ортасында «Алаш қайраткері Маметов Базарбай» деген сөздер қашалған елеусіз ғана мәрмәр тас қараяды. Қасында осыдан 77 жыл бұрын жай қамыс пен ағаш араластырып салынған Алаш арысының моласы түк қалмай қирап, жермен жексен болып, қараусыз шашылып  жатыр.

Қазіргі түрлі идеологемасы бар қазақстандық қоғамда, Алаш идеясы қайта жаңғыруда. Бұл күнде қазақтан шыққан алғашқы кәсіпқой заңгердің бірі, еліне еңбегі мен қызметі сіңген, Алаш Орда үкіметінде жоғары лауазымдарға ұсынылған Базарбай Мәметовтің есімі мүлде ұмытылуға айналған. Алаш қайраткерінің соңғы демі үзілген Лепсіде, туған ауылында, бүкіл Жетісу өңірінде оның атына қойылған бірде бір мемлекеттік мекеме немесе көше атауы жоқ. Бұл, әрине бәріміздің азаматтығымызға үлкен сын. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында, әрі Алаш ардақтысының атын мәңгілік есте қалдыру үшін Сарқан ауданындағы Лепсі ауылында орналасқан №54 орта мектепке Базарбай Мәметов есімін беруді ұсынамыз. Мұндай ұтымды ұсыныс пен болашақта атқарылар игілікті іс-шараларды Жетісудың зиялы қауымы, Лепсі ауылының қоғам белсенділері мен Сарқан ауданының атқарушы билігі қолдайтынына сеніміміз мол.

Өмірін Алаш идеалдарына арнап, тағдырын тәлкекке салған, ұлтқа адал қызмет етудің керемет үлгісін көрсеткен жетісулық Базарбай Мәметов есімі өскелең ұрпақ санасында қайта жаңғыруы тиіс.

Есенай  ІҢКӘРБАЕВ
Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-і саясаттану және саяси технологиялар
кафедрасының доценті, саяси ғылымдар кандидаты