ІЗГІЛІКТІ ТУ ЕТКЕН

Уақыты: 14.11.2023
Оқылды: 975
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам қоғамға еңбегімен, адамгершілігімен, асыл қасиеттерімен жағады. Бұл тұрғыда талай соқтықпалы жолда ат сүрінгенше ақыл тапқан қайраткерлер, елжанды азаматтар жарқын жағынан ел ықыласына бөленіп, тарихтан ойып орын алды. Елі асылым деп ардақтады, жұрты жампоз деп қадірледі. Бұл орайда осындай бірегейлер сапына Ермек Есбатыровты да жатқызуға жосық бар.

Кейіпкеріміз сонау 1936 жылғы 28 желтоқсанда Жамбыл облысындағы Луговое ауданының колхозшы отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1954 жылы жүргізуші болып бастаған ол  кейін Мәскеудің ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтына түскен. 1960 жылдан бастап Алматы қаласындағы автожөндеу зауытында токарь, инженер-мастер болып жұмыс істеген. Ал одан бергі жылдарда №2560 Талдықорған автоколоннасының бастығы, Талдықорған облысы автобасқармасының бас инженері, «Талдықорғанавтокөлік» АҚ-ның президенті болып қызмет етті.

Абыройлы міндет арқалай жүріп өзіне тән күш-жігерімен аз ғана уақыт ішінде әкімшілік-басқару және шаруашылық құрылымдарын қалпына келтіруге, оларды нығайта түсуге қол жеткізді.

Е. Есбатыров істің жемісті болуы өндіріс командирлеріне ғана емес, өздерінің тағдырын автомобиль көлігімен байланыстырған қызметшілерге де, олардың күш-жігері мен кәсіптік деңгейіне де байланысты екенін үнемі айтып отыратын. Инженерлер мен мастерлерден, барлық деңгейдегі басшылардан уақыт пен мақсатқа сай өз деңгейлерін үнемі жетілдіріп отыруларын талап ететін. Оның тікелей қатысуымен жас мамандардың көпшілігі жауапты қызметтерге жоғарылатылды. Қазіргі кезге дейін олар абырой мен сенім үдесінен шығып, ойдағыдай еңбек етіп келеді.

Ол өзінің белсенділігі, жігерлілігі және пысықтығы арқасында Талдықорған қаласындағы №2560 автоколоннасына, «КамАЗ» автокомбинатына, техникалық қызмет көрсету жөніндегі автоорталығына, өндірістік автобазасына, көлік агенттігіне арналған, сондай-ақ Үшарал, Сарқан, Үштөбе қалалары мен Қапал ауылында, Сарыөзек стансысында және басқа жерлерде бүтіндей жаңа өндіріс нысандары салынып, пайдалануға берілуіне қол жеткізді. Көптеген кәсіпорындар тозығы жеткен станоктары мен құрал-жабдықтарын жаңартып, парктер ауыр салмақты жаңа автомобильдермен, отандық және шетелдік өндірушілердің жайлы автобустарымен толықтырылды. Кейіпкеріміз осылайша өзі басшылық еткен мекемелерді алға сүйреп, ел көлемінде марапаттарға ие болуға негіз болды.

Қандай қызметте болса да адамға ізгілік пен мейірім төгуден аянбаған, қазақ үшін қалтқысыз қызмет етуге тырысқан кейіпкеріміз бірнеше рет партия және кәсіподақ органдарының құрамына, қалалық кеңес депутаттығына сайланған-ды. Еңбектегі жетістіктері мен қоғамдық өмірдегі белсенділігі  үшін екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдар, грамоталармен марапатталды. 

Міне, осындай ардақты азамат отбасында да тамаша жан әрі ардақты жар, аяулы әке ретінде зор бақытқа ие болды. Зайыбы  қыздан 1 ұл, 2 қыз сүйіп, оларды мейіріммен тәрбиелеп өсірді. Балалары қазіргі кезде таңдап алған мамандықтарына сай түрлі салаларда еңбек етуде. Немерелері Салтанат, Бейбіт бірегей білім ордаларынан маман атанып, еңселі елдің ордасына айналған бас қаламыз Астанада еңбек етуде. Ал, Алуа Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінен биыл түлеп ұшпақ.

Айта кетерлігі, 2002 жылдан бері Талдықорған қаласындағы «Шығыс» ықшамауданының орталық көшелерінің бірі Ермек Есбатыровтың есімімен аталады. Қарапайым еңбек жолынан қайраткерлікке дейін жеткен тұлғаның өмір жолындағы жарқын көріністер әлі де жазыла бермек. Жаңғыра түспек...

АРДА БИ