ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...

Уақыты: 19.11.2023
Оқылды: 1769
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тұлға болып толысу үшін адами қалпыңнан қиыс кетпеуің керек. Қалтарыс-бұлтарысы мың сан қабат өмірде өз жолыңды таба білуің маңызды. «Адамгершілік» – деген  ұғымды жете түсініп, тамырына бойлай білген жөн. Істеген ісіңді, жүрегіңнен жарып шыққан бір ауыз жылы лебізіңді ұрпағың мен жұртың көкейіне қондыра білсе пенде шіркіннің мерейінің биіктегені. Қоғамға қайырлы жандар елеусіз қалмаса дейміз. Біз тілге тиек еткелі отырған тұлғаның ғұмыр дариясы ізгілікке толы.

Өмір деген қосындысы уақыттың,
Қуаныштың, қайғыменен бақыттың.
Сол уақытқа із қалдырып өтсем деп
Көңілімнің бар пернесін ағыттым.

Бұл біз сөз еткелі отырған кейіпкердің жыры, боямасыз бұлқынысы. Осы бір шумақтың ішінен көксеген арман мен адам ғұмырының философиялық пайымдауын тануға болады. Тұлғаның кесірліктен ада екенін, кеудесіндегі жұмыр етке кішіпейілділікті ұялатқанын аңғартады.

Ерлан Андасбаев 1965 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Кәлпе ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебін бітіріп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің  физика факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын физика мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын І. Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтында бастайды. Бұл мекемеде аға лаборанттан университеттің ғылыми жұмысы жөніндегі проректоры лауазымына дейін көтеріледі. Қазірде  үздіксіз білім беру институтында техникалық жоғары мектебінің деканы қызметін атқаруда.

Бала кезінен есепке жақын болғанын қазірде ұлағатты ұстазға қарап сеніммен айтуға болады. Ерекше физикалық тәжірибелерді жақсы көретін балаға бұл пән болашақта көптеген ғылыми жобаның авторы болатынына айқын жол ашқандай. Көзбен көріп, қолмен дәлелдейтін эксперименттерді жасауды жаны сүйетінін айта кеткен жөн. Физикалық заңдылықтарды түсінікті болсын деген ниетпен жоғары сынып оқушыларына арнап жазған патенттеріде осы тәжірибеге байланысты екен.

Үйретіп қана қоймай, білімгерлермен бірігіп өзі де білімін шыңдайтын ұстаз бүгінде «Жетісу облыстық физикалық қоғамның» директоры. Облыстағы физиктермен пәнді оқыту барысындағы кемшін тұстарды түзету үшін жиналыстар ұйымдастырып, мәселелердің шешімін табуды алға қояды.

Оның 200-ден аса мақаласы, 9-патент, 9-авторлық куәлік, 10-оқу құралы мен 5-монографиясы бар. 2009, 2018 жылдары Ерлан Сүлейменұлы «Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы үздік қызметкер» төсбелгісімен, 2012 жылы «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» грантын иеленді және «Мұхаметжан Тынышпаевтың 100 жылдық мерейтойы» медалімен, 2013 жылы Ресей жаратылыстану академиясының LABORE ET SCIENTA (Еңбек және білім) орденімен,  Европа ғылыми-өндірістік консорциум белгілеген Вильгельм Лейбниц медалімен және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен  марапатталды.

Ұстаздың тәрбиелеген шәкірттері қазіргі таңда белді университеттерде білім беруде. Атап айтсақ, Жазира Бітібаева, Әсем Қырықбаева, Әлия Ақжолова сынды шәкірттері ҚАЗҰУ, Абай атындағы ұлттық университетте PHD докторлары. Өзіміз мақтан ететін әйгілі космонавт Айдын Айымбетовке Ерлан Сүлейменұлы өз қолымен диплом табыстапты.

Ұлағатты ұстаздың балалары да өз ізін жалғастырып жүр десек қате айтқанымыз емес. Қызы мен ұлдары да осы физика мамандығынан алыс кетпеген. Алма алма ағашынан алыс түспейді деген рас.  Әр баласын мақтанарлықтай оқу орындарында оқытып қана қоймай, оларға жарқын болашақ сыйлай білген әке  бүгінгі таңда перзент алдындағы парызын өтегенін мақтанышпен айтады.

Тұлғаның шәкірттеріне ғана емес жалпы Қазақстанға еңбегі сіңгенін жоғарыдағы марапаттарынан-ақ байқауға болады. Оған мысал ұлттық парктердің топырағы мен өсімдіктерін зерттеп, зерделегені жайлы мәлімет әлемдік ғылыми басылымдарда жарық көрген.

Тек қана ұстаздық етіп қоймай, салауатты өмір салтын ұстанатынын да тілге тиек етпесек болмас. Себебі, университетте қандай да бір спорттық жарыс болса, техникалық факультеттің деканы үздіктердің қатарында тұрады. 50 жыл бойы  мини-футбол, волейбол, шахмат сынды спорт түрлерінен факультеті жүлделі орындарды иеленіп жүргенін мұғалім мақтанышпен айтады.

Бұнымен шектеліп қоймай, өзінің жеке шығармашылығын да азды-көпті толтырып қойғанын байқамасқа болмайды. Оны шығарған өлең жолдары мен толғанып жазған мақалаларына қарап айтуға болады:

«Қамшының сабындай қысқа» өмірде адамдар бір-біріне тек жақсылық тілеп, жақсылық жасап өтулері тиіс. Жақсылық жасасаң алдыңнан қайтады дейді. Қолдан келгенше көмек көрсетіп, жол көрсету әрқайсымыздың парызымыз деп білемін. Біреуге жақсылық жасасаң: «Көп жаса, Рахмет», – деп жатады. Бірақ, кімнің қанша жасарын бір Алланың өзі ғана біледі. Алла істеген жақсылықтарыңа, елден алған ризашылықтарыңа байланысты кез-келген істе жолыңды ашып, демеп қолдап жүреді. Алдыңнан жарылқап өміріңді ұзартпасына кім кепіл? Кейбіреулер санасының саяздығынан басқаның жетістігін көре алмай, іштарлық жасап, барлық қиянат әрекеттерді қолданып бағады. Басқалар осылардың айтқанын істеп, жолымен жүрсе екен дейді. Жан-жағына кір жағып, өздерін бір кіршіксіз ақ ниетті, адал білімді  жан ретінде көрсеткісі келеді. Бірақ екіжүзді адамдардың ешқашан жолы болған емес. Білімде де, ғылымда да, жеке өмірлерінде де...

–Ұстаздық ету оңай емес. 1 жыл толар-толмастан таулары шағылып кеткен қаншама маманды көрдім. Алдына мақсат қоя білмеген адамға бұл сала өте ауыр болмақ. Ал, білгенін үйретемін, оқытамын деп келген шын ниеті бар адамға білім жолы қашанда ашық. Енді жоғары оқу орнын бітірген ұстаздар ең алдымен айлыққа қызығып келеді. Ал, жұмыстың оңайы болмайтыны айдан анық. Қазір тіптен бұл салада өсіп, өнуде қиын. Себебі, 21 ғасыр білімділердің заманы. Оқыған, тоқыған адам қашанда алдыңғы сапта тұратыны бәріне мәлім. Бүгінде ғылыми дәреже алуды айтпағанда, қарапайым тәжірибеден өтудің өзі үлкен сынақ. Сондықтан мұғалім болам деген жанның биік мақсаты болуы қажет. Сонда ғана, ұлт ұлықтайтын ұстаздардың саны артады деп ойлаймын».

Айғаным АЙТМҰХАН