Дәрігер Рақыш Бірімқұлов жайлы бір үзік сыр

Уақыты: 25.11.2023
Оқылды: 3015
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Еселі еңбегімен елінің елеулісіне, халқының қалаулысына айналған асыл азаматтар өмірден өтсе де, көңілден кетпей, жарқын бейнесі, кісілік келбеті көмескіленбей көз алдыңа елестеп, өнегелі істері мен өмірлік тағылымдары аңыз әңгімедей қайталанып айтылып, ел-жұрты еске түсіріп отыратындығы анық. Сондай жаны жайсаң, көңілі көктем, тұлғалы азаматтардың бірі әрі бірегейі ретінде адам денсаулығын сақтауға кезінде өзіндік қомақты үлесін қосқан дәрігер Рақыш Бірімқұловтың есімін атасақ, еш артықтығы жоқ деуге толық негіз бар.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, Рақыштың арғы атасы Орманбек салиқалы, парасатты, ауқатты адам болған екен. Оның айғағы – үлкен баласы Кәріпжан ақын, серілік құрған деседі. Ол кісінің үлкен баласы Нұрғалиға да ақындық қасиет дарыған. Ортаншы баласы Бірімқұл да ақылды, парасаты мол, ағайынын ажыратпай, жетімін жылатпай, жесірін тентіретпей, ел бірлігін ойлаған ауқатты-бақуатты болғандығымен ел-жұртына танылған кісі көрінеді. Кіші баласы Өзбек ержүрек, қайратты адам болған деседі білетіндер. Осы үш ағайынды бауырлардың ауызбірлігі күшті, ынтымағы мен сыйласымдығы жарасқан кісілер екен.

...Өз дәуіріндегі тұрмыстық ауыртпалықты көріп өскен кешегі балалар бүгінде ел басқаратын азаматтарға ақыл айтатын ақсақалдық дәрежеге жеткен. Бірімқұлдан өрбіген ұрпақтары атжалын тартып мінгелі, қоғамдық еңбекке белсене араласып, қоғамдық жұмыста өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарып, өнегелі істерімен таныла білді. Солардың бірі Рақыш Бірімқұлов еді. Алтынемел тауының шығыс жақ баурайындағы кең көсілген жонның еңістеу жазығына ірге тепкен Басши ауылында дүниеге келген ол жастайынан еңбекке үйірсектігімен, қағылездігімен, елгезектігімен көзге ілігеді. Зеректігімен де ерекшеленеді.

Соғыс жылдарында ер-азаматтардың көбі майданнан қайтып оралмаған кез. Әйелдердің барлығы егістік алқапта. Балалары қараусыз. Сол кезде шешесі Қораба бозарып таң атқаннан егістікке кетіп, күн ұясына батқанда ғана қайтады екен. Үйде қалған кішкентай балалар мен үй шаруасына ересектеу Рақыш қарайтын көрінеді. Естияр саналған ол сол кезде он жастағы бала-тын. Кіші інісі Қуанышты арқасына салып алып, үй шаруасын істеп, бау-бақшаны күтіп-баптайтын-ды. Кішкене інілерін тамақтандырып, былғап қойған киімдерін ауыстырып, жылағанын жұбатып, ұйқысы келгенін тоңып қалмасын деп алды-артын қымтап жатқызатын. Егістік басынан оралатын шешесіне кешкі асын дайындап қоятын. Сондағы әзірлейтін бар тамағы асқабақ. Соны суға пісіріп, күн көретін. Сол кездегі адамдар, 1957 жылдарға дейінгілер, әй қарынын тойдырып, тамақ ішпеген де шығар бәлкім.

Ол кезде Басшиде төрт сыныптық мектеп қана бар болатын. Оны жақсы оқып бітірген Рақыш одан әргі оқуын іргелі елді мекен Көктал ауылында жалғастырып, осы білім ұясынан оныншы сыныпты алтын медальмен бітіреді. Өр мінезді талантты жасөспірім жоғары білім алуды армандайды. Ізгі ниетті мақсатына жетсем деген үкілі үмітпен, тәуекелге бел байлап, өмірінде қалаға барып көрмеген бозбала өз бетімен Алматыға аттанады. Осындағы Медицина институтына құжаттарын тапсырады. Емтихан сұрақтарына мүдірмей жауап беріп, сапалы білім алғандығын дәлелдеп, студенттер қауымдастығының құрамына қабылданады. Оны 1959 жылы үздік бағамен бітіріп, қолына диплом алып, арнайы жолдамамен туған өлкесіндегі Қоңырөлең ауылдық ауруханасына дәрігер болып орналасады. Жоғары оқу орынын жаңа бітіріп келген Рақыш алғашқы жылдары өз міндетін мінсіз атқаруға күш-жігерін аямай жұмсап, құлшына жұмыс істеп, алғы мақсаттың биік өріне ұмтылады. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығын адал атқаруға ынталана кіріскен шипагер-дәрігер жастығы мен тәжірибесіздігіне қарамай, талай сырқатты сауықтырып, көптеген адамды өлімнен арашалап, елдің алғысына бөленеді.

Іскерлік белсенділігімен басшылар талабынан дөп шыққан Рақыш Бірімқұлов Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық ауруханасына қызметке шақырылып, бас дәрігер болып тағайындалады. Жауапкершілік жүгін мойнына артқан Рақыш еңбекқорлығын дәлелдеп, күндіз-түні тыным таппай жұмыс істейтін. Қатты шаршап жүретін. Мамандығын жетілдірумен, көкірек көзінің жітілігі болар, өзінің кәсіби білімін арттырумен, рухани ой-өрісін кеңейтумен ұдайы шұғылданатын. Медицина саласындағы жаңалықтарға ден қойып, күнделікті баспасөздерді үзбей оқитын-ды. Білімді, білікті маман болғандықтан бас дәрігерлік міндетті мінсіз орындап, жемісті қызмет атқаруды мұрат тұтты. Сол жылдары медициналық құрал-жабдықтардың жетілмеген, жетіспейтін кезеңі еді. Соған қарамастан, Рақыш күрделі оталар (операциялар) жасаудан да қаймықпайтын. Өзі басқаратын аудандық аурухананы ғана емес, ауылдық жерлердегі емханалардың да құрал-жабдықтарына, оларда істейтін маман дәрігерлердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға үлкен мән беретін. Олардың уақытылы отын-сумен қамтамасыз етілуін жіті қадағалайтын. Аудандық екі қабатты аурухана ғимаратының ішкі-сыртқы тазалығы, оның суы мен жылуы, дәрігерлік қызмет көрсету сапасының жоғары болуының бәрі де аудандық бас дәрігердің басшылық міндетінің негізгі саласы болатын. Дәрігер-хирург өз мамандығы бойынша қызмет көрсетіп, оны жетілдірудің орнына, сол кездегі әлеуметтік жүйені басқару ісіндегі кемшілік пе, әлде талап солай ма, әйтеуір отын-суға, жылуға, жарыққа, тазалыққа арнайы мамандар емес, бас дәрігер тікелей жауап беретін-ді. Мұндай шаруашылық саласының қыруар жұмысын атқаруда да Рақыш осалдыққа бармады. Абырой биігінен көрінді.

***

Кісінің кісілігі адамды сыйлай білудегі түсінігіне тікелей қатысты көзқарасының ең бір сыпайы әрі инабаттылықтың шынайы көрінісі екені анық. Бұл тұрғыдан алғанда Рақыштың ізеттілігіне әркім-ақ ризалық білдіретін. Ол қаралуға келген сырқатпен ең әуелі амандық-саулық сұрасып алып барып, аурудың денсаулығын тексеретін. Жылы сөйлеп, ілтипаттылығымен баурайтын.

Дәрігер Рақыш көпшілдігімен ел-жұртқа ұнайтын. Өзі де жора-жолдастарын қадірлей білетін. Қызметтес әріптестеріне қамқорлықпен қарайтын. Рақышқа денсаулығын тексерткен адамдардың қай-қайсынан сұрасаң да: «Ой, ол өз ісінің білгірі еді ғой. Сұңғыла маманның нақ өзі-тін. Кеудесін соғып, кердеңдемейтін. Іш тарта жылы сөйлесіп, бар жайды байыппен барлайтын еді. Кеселдің неден екенін дөп басып, нақты дәлелдейтін. Аурудың азабын шегіп, жаны қиналып келгендерді телмең қақтырып, телміртіп күттіріп қоймай, тез қабылдайтын. Дәрігердің жылы сөзін естіп, кеселдің неден екенін нақты білгенде, шашасына шаң жұқпайтын сәйгүліктің ақ жалынан тартып қарғып мінгендей қуаттанып, қамыққан көңілдің сұр тұманы сейілгендей әсерге бөленетінбіз. Сырқаттан сақайып кететінімізге кәміл сеніммен қарап, жан әлеміңді жадыратып тастайтын демде», – деп дәрігер Рақыштың еңселі тұлғасын көз алдына елестететін кездері жиі.

Рақыш Бірімқұлов өзінің қызметтестері мен әріптестерін әрдайым жоғары бағалайтын. Оларға барынша ізеттілікпен қарайтын. Біліктілігі жоғары мамандармен санасып, бірлесе жұмыс істеуге шынайы ықыласы мен пейілін білдіретін. Алдына келгенді құрақ ұшып жылы жүзбен қарсы алатын. Жаркент өңіріндегі атақты Николай Головацкий басқарған шаруашылықтың Сарыбел бөлімшесіндегі аурухана меңгерушісі болып істеп жүрген жас дәрігер Нұрқуат Диханбаевтың іскерлік қарым-қабілетіне әрі кәсіби мамандығын жетік білетіндігіне, ұйымдастырушылық ұтқырлығына қызыққан Рақыш, аудан басшыларымен келісе отырып, оны өзінің – яғни, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қабылдады. Екеуі бірлесіп ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Сондай-ақ, қызметтестері-дәрігерлер Николай Пелих, Галина Пелих, Елизавета Калинина, Әбілда Ысқақов және басқалармен қоян-қолтықтасып, тығыз бірлікте, аралас-құралас жүріп сыйластық пен ынтымақтары жарасқаны жаркенттіктерге жақсы аян.

Халық денсаулығын сақтау, оларға сапалы медициналық қызмет көрсету басшыға тікелей қатысты екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Рақыш Бірімқұлов өзі аурухананы басқарған жылдары көптеген игілікті шараны өткізгені аудан басшыларына да, жұртшылыққа да мәлім.

Тәжірибесі толысып, іскерлігі шыңдалып, абыройы артып, мерейі өскен шақта Рақышты ердің жасы елуге жеткізбей сұм ажал аяқасты жалмайды деп кім ойлаған?! Кенеттен отбасын, бүкіл Жаркент өңірін «аһ» ұрғызып, тосын қайғымен өкіндіріп, қабырғасын қайыстыратын қазаға ұшырайды деп ешкім де күтпеген еді-ау. Алматыға ауруханаға қажетті дәрі-дәрмектер мен басқадай құрал-жабдықтар алуға барған сапарында өз автокөлігімен зулатып келе жатып, КамАЗ машинасына соқтығысатыны, жарық дүниемен тіл тартпай қоштасып кете баратыны үш ұйықтаса түсіне кірмеген де шығар-ау.

Күтпеген қайғылы қазаға жүрегі сыздап, көкірегі қарс айырылған жан жары Неля Тайболова құдай қосқан қосағы Рақышты жер қойнына тапсырғанда күрсінудей-ақ күрсінді. Көз жасын көлдетті. Қанша қайғырғанымен, өкіндірген өкініштің орны толмады. Көкірегіне айықпас мұң ұялатқан Неля отбасындағы үйелмелі-сүйелмелі төрт баланы жұбаныш етіп, адасқан қаздай жалғызсырап қала берді. Балалары әке мейірін сезінбей өсіп-ержетеді деген ой үш ұйықтаса да түсіне енбеген-ді.

Рақыш өмірден ерте озғанымен жұбайы Неля Тойболова әке мен ананың міндетін тең атқарып, балаларының көзіне мұң, көңіліне кірбің түсірмеудің тәсілдерін дөп басып, өрендерінің өзегін талдырмады.

Рақыштың балалары қазіргі уақытта түгелімен Алматыда тұрады. Бәрі де кәсіби маман. Тұңғыш ұлы Ерік әкесі оқыған мемлекеттік медицина институтына түсіп, жоғары білім алды. Қазір білікті әрі емі шипалы белді дәрігер санатынла. Қан тамырлары ауруының кәсіби маман хирургі. Жұбайы Ләйла Қабылбекқызы да дәрігерлік мамандықты меңгерген. Ерлі-зайыпты жұбайлардың екеуі де медицина ғылымдарының кандидаты. Қызы Ләззат та институтты бітірген. Жоғары білімді, балалардың денсаулығын сақтауға бар күш-жігерін аянбай жұмсап жүрген емі шипалы дәрігер. Ерік те, Ләззат та жеке-жеке өздері ашқан емханалары бар. Ортаншы қызы Гауһар тіл маманы. Кенже қызы Жанна модельер. Әрқайсысы өз тұрмыстарын өздері түзеп, қатар құрбыларынан қалыспай еңбек етуде. Өз орталарында абыройлы. Беделдері де жоғары. Балаларының ержетіп, еңбек етіп, жемісін жеп, немерелерін құшып-сүйген ана Неля солардың басы-қасында болып, отбасында ақыл-кеңестерін айтып, немерелерін жетелеп жүріп жатыр. Әз әже тәубесін айтудан әсте жаңылмайды.

Кезінде халық денсаулығын сақтауға адал қызмет еткен Рақыш Бірімқұловқа өзі жұмыс істеген Панфилов аудандық орталық ауруханасының қабырғасына дәрігер-хирургтің аты-жөні жазылып, қызмет істеген жылдары көрсетілген тақта ілініп қойылса деген ұсыныс-пікір айтылып жүргеніне де үш-төрт жылдай уақыт өтіп еді. Ол аудандық әкімдікке де, мәслихат депутаттарына да жақсы мәлім-тін. Жұртшылықтың осы ұсынысы өкілетті орындар тарапынан оң шешімін тауып, еңбегімен еліне еленген Рақыш Бірімқұловтың есімін ұмытпай, есте сақтау шарасы өткізіліп, Панфилов аудандық ауруханасының қабырғасына екерткіш тақта салтанатты түрде қойылғанын да айта кеткен жөн.

Әли ЫСҚАБАЙ,
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,
Қазақстаның Құрметті журналисі.