ЖАРҚЫН БЕЙНЕҢ ЖАДЫМЫЗДА

Уақыты: 10.12.2023
Оқылды: 1862
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Өмір деген ешкім шығара алмайтын қиын есеп, ешкім шешімін таппайтын қиын жұмбақ» депті өр Алтайдың оғланы Оралхан Бөкей. Осынау есебі мен жұмбағы қиын жарық дүниеге кім келіп, кім кетпеген десеңізші? Қай жерден дәм бұйыртса өмір-керуен сол жаққа міндетті түрде апарады екен. 1974 жылы Жезқазған облысынан бүгінгі жер жәннаты Жетісу өңіріне көшіп келгелі алдағы жылы 50 жыл толады. Бұл өңірге келгенде Бауыржан інім 1 жаста еді. Атам марқұм Нұғымар мен Күлән апамыз жалғыз ұлы, біздің әкеміз Нүсіпжанның маңдайына күн тигізбей өсіргені көрініп-ақ тұратын.

Жастайынан ата-кәсіпті жанға серік еткен әкеміз бен анамыз  Ақсу ауданы, Тарас ауылында 40 жыл мал бақты. Қай мезгілде де біздің үй би түсетін қасиетті шаңырақ болды. Облыстан, ауданнан келген басшылардың бәрі ат басын бұратын. Атамыздың немерелердің ішінде Бауыржан ініме деген махаббатының ерекше екені әр кезде көрініп тұратын. Атқа мінсе алдына алып, еркелетін, қолындағы қамшысын соған ғана ұстатып жүретін. Балалықпен аса бір мән бермейтін едік. Атамыз да, әкеміз де дүниеге көп малданбайтын, ақкөңіл жандар еді. Атам марқұм қайтыс боларда Бауыржан інім сырқаттанып, ауруханада жатқан. Ауру меңзеген атамыздың соңғы сөзінің бәрі «Ба, Ба» деген буындардан аспады. Немересін аңсап жатыр екен ғой деп ұғынып, бірден ауруханадан Бауыржанды алдырдық. Маңдайынан бір сипап атам марқұм бақилық сапарға аттанып кетті. Атасының сағынышын сейпілтпеу мақсатында Бауыржанды еркелету одан әрі әкемізге ауысты. Тайдың сұлуын, еттің дәмдісін, ойыншықтың тәуірін Баукемнің алдына қоюдан жалыққан емес. Еркеліктің жүгі Баукемізге мектепке барғанда ауырлау болды. Көңілінің бәрі далаға, малға ауып тұратын ініме ат үстінен артық тақ болмайтындай көрінді. Малда жүрсе де «Романтик» магнитафоны қолынан түспейтін. Адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмаймыз ғой, сабақтың жартысы мектепте, жартысы үйде өткені рас. Ұстаздар да ата-аналарымыздың абыройына қарай көп қинай қоймады.

Сонымен мектеп бітірген Баукем әкеміздің жанында көмекші болып қалды. Жаз жайлауда қымыз ішіп, қыс қыстауда мал жайғап, кеңшар тарағаннан кейін Талдықорған қаласына келіп, түрлі мекемелерде қарапайым жұмыстар атқарды. Домбыра тарту, ән салумен қатар, аздап ақындық өнері де болды. Бір жылдары облыстық айтысқа да қатысты. Бос уақытында асабалықты серік етіп, елдің көңілін көрік етіп, суырып салма әзілдің алдында жүрді. Халықтың да көңілінен шығып, республикамыздың біршама өңіріне барып, той-жиынның гүлі болды. Бауыржанның айтқаны деген сүбелі сөздер мен уытты әзілдер замандастырының аузында жүр. «Өлуіңе қарай көмуің». Әр адамның өмірдегі ізі, шынайы жүзі жарық дүниеден өткеннен кейін айшықталып жататынын көп кездестіреміз. Баукемнің де азаматтығы мен ақжарқын көңілі жаназасында бұлттан шыққан күндей жарқырай көрінді. Шырайлы Шығыстан бастап, Жетісу аймағы түгел көңіл айтып, қайғымызбен бөлісті. Жиылған халықтың аузынан шыққан Баукемнің отты әзілдері халыққа таралып, жарқын жүзі мәңгілікке ел жүрегінде қалады деп сенемін. Қаумалап қасымыздан табылған ағайын туысымызбен, құда-жекжаттарға, баршамыздың әріптестерімізге, ауылдастарымызға Алла жар болсын!

Дос-жарандарының бауырыма деген адалдығы мен ниетіне, шын көңілмен атқарған еңбегіне шексіз алғыс білдіремін. «Қайғыны бөліссе азаяды» деген осы болар. Бәрі да тік тұрып қызмет жасап, жанымызға үлкен демеу бола білді. Басты қалпақ емес, халық қорғайтынына көптің  көзі тағы бір жеткен сияқты күй кештім.

Міне, аттай тулаған, оқтай зулаған уақытпен бірге қырқы да келіп қалдыд. Еске аламыз, жоқтаймыз, қайғырамыз. Қайғыдан аман жан бар ма? Алланың сынағына қашанда дайынбыз. Арты қайырлы болып, соңында қалған жан жары Айгүл келінімізбен екі қыз, бір ұлына Жаратқан ием жар болсын!

Асыл інім!

Асыл інім, қайда асықтың, қай жаққа?
Ол жақта өмір біздікінен әйбат па?
Мен ертерек кетейін деп шештің бе?
Таза күйде ілінбей еш ғайбатқа.

Тұрушы еді өзің барда күн күліп,
Бар жиынға келуші едің үлгіріп.
Ақ көңілің, жайма-шуақ жүрегің,
Сыйлаушы еді армандер мен ізгі үміт.

Ет-сүйекті ел қорғайтын ер едің,
Әзіл сөзге мерген тартқан жебе едің.
Досқа адал, сөзге берік, сертке нық,
Суырылмас мықтап қаққан шеге едің.

Сен сөйлесең тиятын ел асты алдан,
Елің риза тойын өзің басқарған.
Тұра қалсаң күн нұрымен бірге елге,
Күлкі жауып тұрушы еді аспаннан.

Артық айтып бағалармын мүмкін мен,
Оңай олжа табу үшін бұл күннен.
Ешкім артық баға бере алмайды,
Жүректегі көңіл деген шіркіннен.

Елің сүйді, сүйетін-ең сенде елді,
Кімге жаным түргіземін жеңді енді.
Енді маған қандай адам «Көке» деп,
Кім қалжыңмен мәз етеді жеңгеңді.

Құбыласы толық адам – бай адам,
Мақал ойлап тапқаным жоқ жаңадан.
Ұл-қызыңа «құлыным» деп өзіңдей,
Айта алады жүрек сөзін қай адам.

Мұңмен атып жатыр күнде таңдарым,
Ел біледі жүректе мұң, зар барын.
Еркелеп бір үйге кіріп келердей,
Алаңдап жүр сүйіп құшқан жан-жарың.

Қалың елің келіп айтты қош саған,
Түрің көрдің жоқтауымды қоштаған.
Қазанына отын жағып, ас қамдап,
Шапқылады бір адамдай дос-жаран.

Өмір өзі ұлылығын ұқтырды,
Қойынына алды Бауыржандай мықты ұлды.
Жаназаңда дәл қазақи рухпенен,
Қара нарым, қарақұрым жұрт тұрды.

Жүрек мәңгі жазылмайды жарадан,
Ажал қасқыр жазылмастай талаған.
Бес баласын жер анаға тапсырып,
Аңырап-ақ қалды артыңда жан анаң.

Асыл інім, қарсы тұрған дауылға,
Төзе білдің өмірде бар ауырға.
Бауыры өлген адам ғана біледі,
Қандай баға жететінін бауырға.

Амалым не?
Кезің еді гүл атқан,
Шөл қандырып ішер өмір-бұлақтан.
Сұрақтарың жеңіл болып бауырым,
Саған орын бұйырса екен Жұмақтан.

Төлеужан Нүсіпжанұлы,
ҚР Мәдениет қайраткері