Жақсылықты желдіртіп жазатын журналист

Уақыты: 10.12.2023
Оқылды: 2343
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Пән олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау сәті. Аудандық білім бөлімінің басшысы берген сыйлық жасөспірімнің көңілін көк дөненге мінгізді. Сыйлыққа кітап беріпті. Бұл кітап басқалардан бағалы. Себебі, көптің алдына шығарып, мерейін өсіріп, фамилиясын атап берді.  Маңдайынан жел өскен ұл сол күні осы бетінен таймауға серт берді.  Ата-анасының үмітін ақтайды!

Осы уақытқа дейін кітаптың мұнша қадірлі екенін сезбегендей. Сыртынан сипап қояды. Тезірек барып, анасын қуантуды ойлады. Анасының қуанышында шек жоқ. «Балам, сенің жиналысыңа бару бір бақыт. Сені білімді, тәртіпті деп мақтағанда мерейім өсіп қалады. Өзімді төрде отырғандай сезінемін» деп жанарынан  шуақ шаша қуанды. Ол сонда ең үлкен бақыт мәпелеп өсірген ата-анаңды шаттандыру екенін сезді.  Кеш бата кітапты қолға алды. Тұманбай Молдағалиевтің  кітабы. Алғашқы өлеңді оқыды. Келесіні де аяқтады. Өлеңнің сыр әлемі тұңғиығына тарта берді. Кітапты жастығының астына  тығып қойды.  Өлеңнің киесі бар. Өлең жазу қасиеті сол түні өзіне жұққандай болды. Өзінің мінбеде өлең оқып тұрған  кезін елестетті.

Арманы арғымақ атқа мінгізген ақын – өз заманының ар-ұжданы екенін жан жүрегімен сезді. Ар-ұяты жоғары азамат болуға өз-өзіне серт берді.   Өлеңдері аудандық газетке шығып, ауыл-аймақ ақын бала атаған жас өскін мектепте өткен шараларды, қоғамдағы ой салдырған мәселелерді ақ параққа түсіруді әдетке айналдырды.  Қоғамның сөзін сөйлейтін қасиет оған бала кезден қонды. Бірде қызды-қыздымен газетке сатираға  арқау боларлық мақала жазып жіберген еді.  Аудандық газеттің редакторы өз ортасына танылып қалған  Жомарт ақын, тілшіні шақырып алып, «Жомартжан, әркімнің оң жамбасына келетін тақырып болады. Сенің қаламың елдің жағымды жаңалығын жазуға бейім. Сол тақырыпты сен желдіртіп жазасың. Өз тақырыбыңды жаза берсеңші»,– деді.  Әккі тілші жас баланың жаны жақсылыққа құштар болып өссе деп ойлаған болар. Бала көңіл жамандықтан ада жүрсе, жолы жабылып қалмаса деп  ырымдаса керек. Құймақұлақ жас тілші, ымды түсініп, бірден жайдарман жаңалық жазуға ден қойды. Бүгінгі асқаралы  алпыс деген жасқа дейін халықтың жырын жырлады, мұңын мұңдады. Еңбекші халықтың жел жағында жүрді.  Барды алақайлап жеткізді. Жоқтың орнына келуін  қалап, ел тілегін билікке жеткізді. Сөзінен жаңылған жоқ. Ақ жолынан айнымады.

Жомарт Игіманның 65 жасын Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана ұжымы  ерекше дайындық, ілтипатпен ұйымдастырыпты.  Ақынның мерейтойына әріптес аға-інілері, ақын өлеңдеріне  ән жазған композиторлар, әншілер, мектеп оқушылары қатысты.  Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының иегері, «Сарқан» аудандық газетінің бас редакторы Жомарт Мақатұлының «Өлең кернеп барады жүрегімді» атты кездесу кеші қонақтардың көңілін серпілтті. Мұнда  Жомарт ақын жайлы бейнекөрсетілім көрсетіліп, кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Әріптестер жылы лебіз білдіріп, ақындар өлең оқып, әншілер ән шырқады. Кештің жүргізушісі,  ақын Қалқаман Әбдірахманұлы алғашқы сөзді  Халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрінге берді.  Қаламгер інісінің қоғамдағы орнына тоқталды. Жомарт ақынның қаламынан төгілген жыр, мақала тек елдің  жайын толғайтынына ризашылық білдірді.  «Жомартжан, Халықарлық  «Алаш» сыйлығын алғанда барлығымыз қуандық. Өз иесін тапқан атақ. Қаламына адалдығымен алған марапат. Ол шынайы жазады. Тақырыпты өмірдің өзінен алады. Боямалау, әсірелеу жоқ. Мұқағалиша айтқанда «Қазақтың  күпі киген қара өлеңін,  Шекпен жауып өзіне қайтарған» ақын. Жүкеңді ел-жұрты аманат арқалатып, мәслихат депутаттығына сайлады. Талай жыл редактор болды. Адамның бір орында ұзақ тұрып, қызмет етуі оның мінез-құлқы мен адалдығынан сыр берсе керек. Бала-шағасын ержеткізді. Жары қасында. Бұл – әркімнің  маңдайына жазыла  бермейтін бақ.  Жомарт өз өңірінің өнегелі азаматы. Осындай абыз жандар елді тәрбиеге шақырып, соңынан көпшілікті ерте алады. Өзі дұрыс өмір сүрген соң, басқаға да сөзі өтімді келеді.  Жергілікті жерде өмірі өнеге азаматтарды ағалық билік айтуға тарту керек. Керек болса, айлық тағайындап, қоғамдық жұмысқа қосу қажет.  Олар мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру үшін елді ұйымдастыра алады»,– деді Әміре Әрін.

«Өлең кернеп барады жүрегімді» атты кездесу кешінде  ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нүсіпбай Әбдірахым  замандасы Жомарт ақынға жүрекжарды құттықтауын жеткізді.  «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деген сөз бар. Бірақ, Жүкең саялы Сарқанына, өзінің ел-жұртына қызмет етіп келеді. Жайлы жер іздеп, үлкен қалаларға қоныс аудармаған. Анау тоқырау жылдарында да елімен бірге жүріп, қиындықты бірге көріп, көпті  заманның жақсаратынына сендірді. Жақсы күндерге үміттендірді.  Сол күнге  көппен бірге жетті. Әлеуметтің әлеуетінің жақсаруына қаламы арқылы  үлес қосты.  Сарқан ауданының жұрты  әкімінен бастап  Жүкеңе  құрметпен қарайды. Пікіріне құлақ асады.  Жүке, аман бол!  Біздің ізімізді басып, жасыңа жас қосылсын», – деді қаламгер ағасы. Кеште халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одағының мүшесі Нүрилә Бектемірова да ақын бауырына ақжарма тілегін арнады.

Кездесуде  Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді Немеребай сөз алып, Жомарт Игіманға деген ыстық ықыласын білдірді. Ағаның қаламына деген адалдығын,  газеттің қым-қиғаш өміріне араласа жүріп, бірнеше кітап шығарып, елдің  рухани байлығына  ерекше үлес қосып жатқанын атап өтті.

Бұл күні  кездесуге ағасынан үлгі алсын деген ниетте оқушылар да шақырылыпты. Оқушылар ақын ағаларына сұрақ қойып, тұщымды жауаптар алды. Оқушылардың сұрақтары мен сауалдарына жауап берген Жомарт Мақатұлы: «Адамға Алладан қабілет беріледі. Сол қабілетті ұштап, еңбекпен шыңдай білу керек. Сонда мықты маман болып қалыптасасың. Шеберліктің шыңына жеткенде елге, жұртқа жағымды боласың. Мамандығын дұрыс таңдамаған адам – арманынан адасқанмен тең.  Сондықтан өз қабілет-қарымдарыңды аша біліңдер.  Рухани саланың мамандарына берілетін сынақ бар. Ол азаматтық борышты адал атқару. Біз адалдықты дәріптеп отырып, қоғамға қызмет етеміз. Ол абырой биігіне жетелейді», – деді Жомарт  Мақатұлы.

Кездесуде Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның әншісі Оралбай Мұхамедиев Жомарт Игіманның сөзіне жазылған «Еркем менің» әнін орындады. Гүлбану Лахаева ақынның  «Көктемім сені аңсаған»  өлеңіне жазылған әнді кешке тарту етті.

Журналистің екінші аты – азамат. Яғни, азаматтық болмысы көпті тәрбиелеп,  ақ-адал еңбекпен атақ-абыройға жетуге болатынын дәлелдеу.  Қоғамды өз болмысы арқылы тәрбиелеу. Бүгінгідей  ұлттық тәрбиеден ауытқып тұрған жаһандану заманында өмірі өнегелі адамдарды дәріптеу – тәрбиенің таптырмас әдісі.

Жомарт Игіман ата-бабасының маңдай тері төгіліп,  табанының ізі қалған өлкеге бар ынта-ықыласымен еңбек етті.  «Халқыңа  адал қызмет етпесеңіз, Келеді қай жағыңнан атақ-абырой» деп халық әнінде айтылғандай  адал еңбек Жомарт Мақатұлын жарқын жүзді етті. Бұл жас ұрпаққа үлгі болуы керек. Өмірдің мағынасы қымбат көлік, ақша, билікте ғана емес. Бақыт – өз ортаңа сыйлы болу, кәсіп ету, отбасын құру,  бала-шаға өсіру. Ол осы қағидаларды ұстай отырып, елдің сүйінер ұлына айналды.  Жомарт десе  сабырлы, салиқалы, парасатты азаматты елестететін қалып қалыптастырды.

Кездесу кеші тәрбиелілігімен ерекшеленді. Шараны қорытындылаған облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхананың директоры Самал Шаяхметова Жомарт ақынға денсаулық, шығармашылық табыс тіледі. Келген көпшілікке алғыс білдірді.

Гүлжан Тұрсын